Бір кезде Молдавияның АСКОМ компаниясынан бірнеше адам Ақтауға келді. Олар Маңғыстау өңірінде мұнай компаниясын ашуға ниет білдірген екен. Бұған дейін Түрікменстанда румындармен бірлесіп ұңғымаларды күрделі жөндеумен айналысыпты. Қалай болғанын білмеймін, әйтеуір олар басшымыз Ғиззат Өтешұлымен байланыс орнатып, келіссөз жүргізіп жүрді. Ақыры олардың қолына Толқын және Боранқұл кен орындары тиді. Толқын кен орнына – барлау, ал Боранқұлға – жете барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасалды. Барлау жұмыстарының тиімділігі – жұмсалған қаражаттың белгілі бөлігі бірден қайтарылады, ал өндіру кезеңінде пайда кейінірек түседі. Бұл жобада белгілі кинематографист Сайын Ғабдуллиннің де үлесі бар еді. Молдавандар Түрікменстаннан көптеген тәжірибелі мамандар алып келді. Сайынның үлесіне қатысты мен директордың орынбасары қызметіне тағайындалдым. Содан команда жасақтауға кірістім. Сол кезде ойыма Валентин Петрович түсті. Бұрыннан аздап таныстығымыз бар еді. Іздеп барып едім, 4-шағынаудандағы галерея үлгісіндегі үйде тұрады екен. Жұмысқа шақырдым. Бірақ ол Нина Ивановнаны жалғыз қалдырып кетуге қиналатынын айтты. Мен Нина Ивановнаны да жұмысқа орналастыруға болатынын жеткіздім. Ол да тәжірибелі геолог болатын. Осылайша бірге жұмыс істей бастадық. Түрікменстаннан келген мамандардың арасында Пешков деген геолог бар еді. Ол Валентин Петровичпен бірден тіл табысып кетті. Валентин Петровичке айына 500, ал Нина Ивановнаға 300 доллар жалақы белгіленді. Ол кезде мұндай қаржы аз ақша емес еді. Валентин Петрович алғашқыда: — Бізге мұнша көп ақша не үшін керек? – деп таңғалып жүретін. Барлық есеп-қисап доллармен жүргізілгенімен, жалақы теңгемен, сол күнгі бағам бойынша қолдарына берілетін. Көп ұзамай ұжымдағы барлық мамандар Валентин Петровичтің кәсіби деңгейін мойындап, ерекше құрмет көрсете бастады. Бір күні кешке қарай ол мені жұмыстан кейін геология бөліміне шақырды. Барсам, үлкен дастарқан жайылып қойылыпты. Сөйтсем, Валентин Петрович алғашқы жалақысын алған екен. Сол қуанышын әріптестерімен бөлісуді жөн көріпті. Қызмет бабымен мен Астанаға Энергетика министрлігіне, ал Көкшетауға Геология комитетіне жиі барып тұратынмын. Бір жолы әңгіме үстінде Валентин Петровичтің Астананы көрмегенін білдім. — Келесі жолы бірге барамыз, — дедім. Сөйтіп, бір сапарда өзіммен бірге ала кеттім. Астанада кен орындарын игеру мәселелерін қарайтын Орталық комиссияның отырысы өтіп жатты. Залда комиссия мүшелері отырған. Солардың бірі – Герой Жолтаев еді. Ол бір кезде Валентин Петровичке қайта-қайта көз тастап отырды да, кенет орнынан көтерілді.
— Құрметті әріптестер, арамызда атақты геолог Валентин Петрович Токарев отыр, — деді де, келіп қолын қысты. Зал іші бірден қол шапалаққа толды. Ал Валентин Петрович болса, мұндай қошеметке ыңғайсызданып, төмен қарап отырған күйі қалды. Сол сәтте мен оның шын мәніндегі беделі мен абыройының қандай биік екенін тағы бір рет сезіндім. Валентин Петрович өмірден озғанда молдавиялық әріптестерінің оған деген құрметі тағы бір мәрте көрінді. Олар арнайы Кишиневтен ұшақпен сапалы табыт алдырды. Кейін білдім, оның құны сол кезде мың жарым доллар шамасында екен. Бұл – жай ғана материалдық көмек емес, өз ісінің нағыз шеберіне, қадірлі әріптеске көрсетілген соңғы құрмет болатын.
Валентин Петрович секілді адамдардың қадірі тек атқарған қызметімен өлшенбейді. Олар өздерінің білім-білігімен, қарапайым мінезімен және адамдық болмысымен ел есінде қалады. Шынайы бедел мансаппен емес, халықтың құрметімен өлшенеді. Валентин Петрович сондай құрметке лайық жан еді.
Ардагер геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің иегері
Ғазиз Нұрлыбеков.