ҒАСЫР БИІГІНДЕГІ ТҰЛҒА

Сәуір айының 10-шы жұлдызында “Ембімұнайгаз” АҚ ұйымдастыруымен КСРО және Қазақ ССР- нің құрметті мұнайшысы С.Нұржановтың туғанына 100 жыл толуына орай “Ғасыр биігіндегі тұлға” атты еске алу шарасы өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, мұнайшы ардагерлер және жас мамандар қатысты. Жиынды “КазМұнайГаз” АҚ төрағасының 1-ші орынбасары Қ. Есқазиев кіріспе сөзбен ашып, “КМГ” басшылығының құттықтау хатын Нұржанов ұрпақтарына тапсырды. Сөз сөйлеу кезегі “МГКА”РҚБ Кеңесінің мүшесі З.Алшымбаевқа берілді. Ол мұнайшы ардагерлер бірлестігінің жиынға қатысушыларға және Нұржанов ұрпақтарына құттықтау сәлемін жеткізді. Өз сөзінде “… Осындай сауапты шаралардың өтуі, еліне аянбай қызмет етудің ұрпаққа үлгі болар өнегесін көрсеткен азаматтарын ардақтай білетін, әріден келе жатқан, ата-баба дәстүрін жалғастырып отырған “Ембімұнайгаз”, “КМГ” ұжымдары басшыларына ардагерлер атынан ризашылығын білдірді”.

С.Нұржанов еңбек жолын Ембіде бастап, бірсыпыра кәсіпшіліктерде (Қараөзек, N5-ші Опорный, Қошқар, Прорва, Жетыбай) басшылық қызмет атқарып, 70-ші жылдардың басында Өзенмұнайгаз өндірісін табысты басқарған кезін еске алды. Өзінің де сол жылдары еңбек жолын Өзен кен орнында бастағанын айтып, “ Жоғары оқу орнына жолдаманы осы басқарманың алғашқы басшысы Р.Өтесіновтің қолынан алғанын, одан кейін қызметтегі өсу жолыма тікелей қамқорлық жасаған Сағидолла аға” деді. Және сол кезеңде кен орнында, қаланың қаз басқан шағында атқарылған істер туралы айтып, бүгінгі жетістіктер сол Р.Өтесінов, С.Нұржанов, Н.Бекбосынов, Н.Марабаев, М.Батырбаев және т.б. алдыңғы буын өкілдерінің жасаған берік фундаментіне орнатылғанын” атап өтті. Сонымен бірге Т.Байзақов, Н.Ақанов, Н.Балғымбаев, М.Досмұхамбетов, М.Ізбасов өз естеліктерімен бөлісті. “Ембімұнайгаз” АҚ-ның басшысы Р.Ізмұқанбет қортынды сөз сөйлеп, С.Нұржанов ұрпақтарына естелік адрес тапсырып, қатысушыларды естелік фотоға түсуге шақырды. Арты Атырау өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.

“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ