Қазмұханов Аманқұл
1924 жылы Мақат ауданы Байшонас ауылында дүниеге келген.
1942 жылы Мақат аудандық әскери комиссариаты арқылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, 38 Армияда 74 атқыштар корпусі 305 атқыштар дивизиясы 1002 атқыштар полкінде Сталинград, І Украина майдандарында соғысып, 5 рет жараланған.
Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «I дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған[1]. 1945 жылдан 1987 жылға дейін «Эмбанефть» мұнай-газ Бірлестігі мекемелерінде, Бірлестіктің өзінде білікті, шебер ұйымдастырушы болып, адал еңбек етті. Алты бала тәрбиелеп өсіріп, 12 немере сүйді. Ұрпағының бәрі де әке жолын қуып, мұнай-газ саласындағы еңбекке араласқан. Немерелері де бүгінгі күні мұна-йгаз саласындағы Қазақстандық, шетелдік компанияларда және жеке кәсіпкерлікте адал да, табысты еңбек етуде.
1986 жылы зейнеткерлікке шығып, 1992 жылы 68 жасында дүниеден озды.
Нұғманов Шынықұл
1911 жылы Жылыой ауданында дүниеге келген. Социалистік Советтер Одағы Коммунистік партиясының мүшесі. Гурьев облысының Жылыой ауданында лауазымды қызыметтер атқарған. 1942 жылдың мамыр айында өз еркімен сұранып, Жылыой аудандық әскери комиссариаты арқылы Ұлы Отан соғысына аттанған. Командирлер даярлайтын курстан өтіп, лейтенант шенінде Орталық, Дон майдандарында 13 запастағы атқыштар дивизиясы, 365 запастағы атқыштар полкінде, 233 атқыштар дивизиясы, 703 атқыштар полкінде рота командирінің саясат жағынан орынбасары болып соғысқа қатысқан. 1943 жылдың 15 қаңтарында Дубинин маңындағы кескілескен ұрыста үздіксіз алдыңғы шепте болып, өзінің жеке әрекетімен жауынгерлерді жігерлендіріп, шабуылға бастап отырған. Сол ерлігі үшін «Батылдығы үшін» медалімен марапатталған. Алған ауыр жарақаттан қаза тапқан. Сталинград облысы, Городищенск ауданы, Вертячий хуторында «бауырластар» зиратында жерленген.

