Институтты аяқтап, тұрақты жұмысқа тұрған кезім. Алғашқы қыс кезінде, енді ғана жұмысқа тұрған кезім ғой, көп болса 3-4 ай жасаған шығармын, бір өлімнен қалғаным бар. Вахтада адам жетіспейді, мен верховоймын, қатты боран борап тұрғанына бірнеше күн болған. Долотоны ауыстыру үшін құбырларды көтеру керек, жаңа долото бұрап қайта түсіріп қазуымыз керек. Аз адаммен жұмыс жасап жатырғанымыз бір бұл вахта емес, әбден үйреніп алдық. Бірақ ауа райының мынандай болып тұрғанында жұмыс жасау тіпті қиын екенін бәріміз жақсы білеміз, оның үстіне 6 дюймдық ауыр УБТ-ларды мынандай құтырынған желде «палецқа» қойып, қайта шығару дегенің жоғарыдағы жалғыз верховойға өте қиын. Бұны бұрғышы да сезеді, бірақ маған ештеңе демейді, себебі қолынан келетін көмегі жоқ, басы артық адам жоқ. Бұрғышыдан басқа ротордың үстінде бір адам, оған моторшы көмектеседі, жоғарыда жалғыз менмін. Мен 37 метр биіктікте тұрсам, екінші верховой 25 метр биіктікте(ортадағы люлькада) тұрып көмектесуі керек, осындай қиын жағдайда кейде жоғарыға үшінші адам да шығып ауыр УБТ-ларды тартып алуға, қайта шығаруға, элеваторға ілуге маған көмекке келетіні болатын. Бірақ ол вахтадағы адамдар толық болғанда ғой, ал бүгін ондай мүмкіндік жоқ. Бұрғылау қондырғысын адам жоқ екен деп тұрғызып қоюға да болады, бірақ олай істеу үшін бұрғышы өзі таза адам болуы керек. Ал біздің «ішкішбай» бұрғышының өзінің «артқы жағы үнемі боққа» былғанады да жүреді, кінәсі көп, қондырғы басшысына барып айтуға дәрмені жоқ, бірақ қарамағындағы біздерге құдайдай. Екінші жағынан жоспарды да орындау керек, жоспар орындалса ақшаң жақсы болады, сыйақы болады дегендей ғой (салт басты, сабау қамшылы маған ақшаның құны «беш тиын»). Не де болса құдайға сыйынып көтеруді бастап кеттік. Жоғарыға қарай баспалдақтармен көтерілген сайын құтырынып соққан жел күшейіп, мені жұлып әкетуге тырысатын сияқты. Бойыңды тіке ұстап баспалдақпен көтерілу мүмкін емес, төрттағандап жатып алып еңбектеп, баспалдақтардан айырылып қалмауға тырысып, қайтадан төмен түсуге арланып, намысқа тырысып тістенумен келе жатырмын. Біздің вахтадағы 4 (толық вахта 7 адам ғой) адамның арасындағы жалғыз қазақпын, қалғандары бұрғышы-осетин, моторист- шешен, помбур- чуваш (барлығы да тәжірибелі), сондықтан да олар «қазақ қорқақ» деп күлмесін деп тырысқаным да бар. Ең бастысы, жалындап тұрған жаспын ғой. 37 метр биіктікке шыққанша көресімді көріп шықтым. Түнгі вахта. Жоғарыда жел өте күшті, қарлы боран ұрып тұр, бет қаратпайды, оснастканың ызылдаған, уілдеген дауысы да жаман, қондырғы шайқалып тұрған сияқты әсер береді. Қорқынышты болғанда сұмдық. Неге ғана шықтым екен деп ішім қылпылдап тұр, шықпауыма да болатын еді, мені зорлап ешкім (мынандай күшті желде ереже бойынша жұмыс тоқтатылуы да керек) жұмыс жасатпайтын да еді. Болар іс болды. Өзімді өзім қайрап жұмыс жасауға ұмтылдым. Суық болғанда әлемет, жоғарыға еңбектеп шыққанымша қойны-қонышыма суық кіріп, қар тығылып болыпты. Көтеру басталды. Палецке әрбір свечаны байлап, күшпен тартып алып жатырмын. Байланған свечалар бір-біріне соғылып, тарсылдап, жіптерді үзіп шашылып кететіндей болып зәремді алады. Көтерудің аяғына таман қатты тоңдым, әбден ит сілікпем шығып шаршадым. Жұмыстың ең ауыры енді келді, бірнеше свеча 6 дюймдік ауыр УБТ-ларды көтеріп, оларды палецке қойып, долотоны ауыстырғаннан кейін оларды біртіндеп палецтен шығарып элеваторға ілуім керек. Осыған дейін жанталасып жұмыс жасағанымның барлығы осының қасында еріккеннің ермегі сияқты, жеңіл ғана шаруа болып саналады. Жай құбырлардан құрастырылған свечаларды палецке жинап, қайта шығару дегенің де оңай шаруа емес. Отандық заводтарда жасалынған құбырлардың стандартқа сай ұзындықта болғанын көрген емеспін, біреуі екіншісінен ұзындықтары жөнінен көп қысқа, не көп ұзын болып тұрады, тіпті де біркелкі деңгейде болмайды. Материалдары осал, вермишель лапша сияқты ирелеңдеп, қиралаңдап бұратылып, садақша иіліп ырқыңа көнбей зықыңды шығарады. Ұзындықтары әртүрлі болғандықтан свечаларды элеватордан шығарып алу мен элеваторға ілу дегенің өте-мөте қауіпті операция. Верховой жұмыс жасайтын люлька, ол кезде, тұрақты бір биіктікке орнатылған. Верховой қауіпсіздік белбеуін тағып (төмен құлап кетпеу үшін) жұмыс жасауы керек те, кеудесінен төмен люлькадан асылып(салмағың ауып кетіп құламау үшін) жұмыс жасамауы керек. Бұл ереже бойынша. Ал бұлардың барлығын орындасаң ешқандай жұмыс болмайды, жұмыс жасау мүмкін емес. Әртүрлі ұзындықтағы свечалармен жұмыс кезінде(күнде осылайша деген сөз) қауіпсіздік белбеуі тағылмайды(ол тек комиссия тексергенде ғана көрсету үшін ілулі тұрады), верховойдың бойы қысқа болса аяқтарының астына биіктеу шпал ағаш қойылады, сонда ғана ол еркін қимылдап белуарына дейін люлькадан асылып шығып биіктегі элеваторға жететін болады, олай жасағанда да жетпейтін кездері қолына ұзын крючок алып соның көмегімен элеваторды ашып, жабады. Өте қауіпті, бірақ барлық верховойлар осылайша жұмыс жасайды, басқаша тәсіл жоқ. Осындай биіктікте ешқандай қорықпастан емін еркін, палецтің бойымен, керек кезінде мұнараның диагональдарымен де(қауіпсіздік белбеуін тақпастан) циркачтар сияқты жүре беретін жүрек жұтқандар да көп болатын. Солардың біреуі де сол биіктіктен құлап жазым болды дегенді естімедім. Көп жылдар өткесін ПЛУ (передвижная люлька верхового), АУС (автоматическая установка свечей), МСП (механизм спуска и подъема) дегендер шықты. Біздің отандық нашар құбырлардың орнына жапондық құбырлар да келді, бірақ бәрі де кейінірек болған. Жапондық құбырлар дегенің керемет дүниелер екен, материалы мықты, майыса қоймайды, ұзындықтары бірдей қылып қолмен кескендей. Палецке қойғанда барлық муфталары суреттегі сияқты бірдей деңгейде тұрады, қарауға көз керек. Бірақ олардың барлығы менің верховой болған кезімде болған жоқ, верховой болып қызығын мен көре алмадым. Мен жазып отырған қатты қиналып жасап жатырған көтеру, түсіру кезінде ондайлар жөнінде ойламақ түгіл, естіген де, өмірде ондайлар болады екен деп үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін шығар. Сонымен, жазып жатырған қысқы боранды түнгі арпалысқа қайта оралайық. УБТ деген ауыр пәлекеттерді әупірімдеп жүріп, бұрғышы қармақтың күшін пайдаға асырып, палецке қойып болдық. Долото ауыстырылды. Енді түсіруді бастау керек. Ызғырық бораннан, қар аралас жаңбыр сияқты түсініксіз «бірдеңеден» бүкіл денем дірілдеп, қатып қалдым, аяқтарым да, қолдарым да илікпейді, ағаш сияқты қақайып қалды. Верховой палатасының барлық жабындылары ескі болатын, бұрында да жыртық жері көп болатын, енді мына бораннан сау-тамтығы қалмады. Боранның өтінде, тығылатын ық таба алмай, кіретін тесік жоқ мен қалшылдаудамын. Едендегі темір астауға от жағып қойғанмын, отқа солярка құйып қоямын, қара түтіні қолқаны қабады, оттың үстіне түсіп кетсең де бәрібір сияқты көп жылуы жоқ, отқа ұстап тұрған жерің сәл жылуы мүмкін, бірақ қалған жерлеріңнің барлығын қарлы үскірік боран жалмап жеп бара жатыр. Оның үстіне палатаның тұсында жанып тұрған жалғыз шам бар еді, бір мезгілде ол да сөніп қалды, сәл де болса көңілге демеу болып тұрған. Енді тіпті жаман күйде қалдым, елсізде жалғыз қалғандай күйдемін, ызғырған, ішін тартып ұлып соққан әлемет боран көңіл-күйімді әбден түсіріп болды. Шыдай алмайтын сияқтымын. Кронблок жақта бір шам, менен төмендеу палатаның тұсында бір шам қалды. Бұрғышы ендігі кезде мені көрмейтін болды, бос талевый блок пен элеваторды қандай тұсқа, қандай деңгейге алып келіп тоқтатынымды бұрғышыға қалай білдіретінімді білмеймін. Жарық барда, элеватор өзіме ыңғайлы жерге келгенде бұрғышыға қолымды бұлғап (верховойлардың барлығының шартты белгілері) белгі беретін едім, ал енді қалай болатыны белгісіз, ол мені көрмейді. Тәжірибелі бұрғышылар лебедкадағы оралып жатырған талевый қанаттың деңгейіне қарап элеватордың қай тұсқа жеткенін біледі, бірақ бұл тек жалпы жобасы ғана. Ал мынандай құтырынған боранда, свечалардың ұзындықтары әртүрлі болған жағдайда (кейбір свечалардың ұзындықтары верховойдың люлькасының еденінің деңгейіне әрең жетіп жатырса, енді біреулері адам бойы жетпейтіндей биікте), оның үстіне верховой жалғыз адам болса, элеваторға ілетіні өте ауыр УБТ-лар болса, жарық жоқ болса қалай жұмыс жасауға болады? Негізінде мен осы кезге дейін әбден тәжірибе жинақтаған «опытный» верховой болатынмын, институтта жүргенде жазғы тәжірибелерде бұрғылау қондырғыларының верховойы болып, осында жұмысқа тұрғалы да верховой болып жасап жүргенмін. Әккі верховойлар сияқты мен де ауа райы жақсы кездерде талевый блокты тоқтатпастан, тұсыма келе бергенде свечаларды лақтырып іліп жіберіп, элеваторды сарт еткізіп жауып жіберіп талевый блок еш кідірместен жүре беретін. Бұл да үлкен өнер еді, көп машықтануды қажет ететін. Әрине, әрбір свечаны қолыңа ыңғайлап ұстап тұрып (ұзындық ерекшеліктерін дәл есептеп) білегіңмен элеватордың ашық тұрған есігіне қарай қағып жіберуің керек те көз ілеспес жылдамдықпен элеватордың есігін жауып үлгеруің керек. Мен бір де бір рет свечаларды құлатып көрген жоқпын. Бұлардың барлығы да ашық-жарықта көңіл күйіңмен құштарланып жұмыс жасап тұрғанда ғой. Ал менің мына жағдайымды ешкімнің басына бермесін, өте аянышты күйде едім. Бұрғышым да өте әккі пәле ғой, менің де, өзінің де жағдайын ойлап элеваторға іліп маған бір факель (дайын, тек оты жағылмаған), сырты қалың киізбен қапталған үш литрлік банкаға құйылған ыссы шай беріп жіберіпті. Факельді жағып, таль.блок тұсыма келгенде бұлғап белгі беретін болдым, ыссы шайды ішіп ішімді жылытқандай болдым. Әй, еш көмегі тимеген сияқты, қанша уақыт боранмен алысып қалтыраған бойыма пайдасы болмады. 1-2 УБТ-ларды бірдеме қылып әупірімдеп ілгендей болдым(осыларды ілгенше қаншама азап шеккенімді тек өзім білемін), енді келесі УБТ свечаны(өте ұзын) элеваторға ілуге әрекеттендім, свечаны ұстап тұрған жуан арқан ылғалданып, сіресіп қатып қалған, қолымдағы қолғаптарымның да илікпей мұз болып қатып, ішіндегі қолдарымның қызыл шиқандай болып домбығып ісіп, дегеніме көнбейтін болғанына қанша уақыт болғанын ұмыттым. Есі дертім тек осы свечаны іліп құтылу, келесі свечалар жай құбырлар, осыдан құтылсам болғаны қалғандарымен бірдеңе қылып жағаласуға болатын сияқты, тек «боғыммен бірге қатып» қалмасам болғаны. Осы свечаны палецке қою да өте қиын болған, енді міне қайта ілу де қиямет қайым болайын деп тұр. Көтерген кезде сәл де болса әлім, күшім болса, қазір боранмен, қатты суықпен арпалысамын деп денемде ешқандай күш қалмағанын сеземін, бірақ өлсем де бірдеңе қылып ілуім керек. Элеватор келді, патрубокке ілу үшін өте биікке жеткізіп тоқтаттым таль.блокты, жайлап саумалап қолымдағы арқанды босата бастадым, свеча элеватордың есігіне кіргенінше босатуым керек, өзім бүкіл денеммен люлькадан шығып та кеттім, сәл қателік жасасам, аяғым тайып кетсе, сүрінсем болғаны тұрған биіктігімнен төмен қарай ұшамын. Оны ойлауға мұрша жоқ, бар ойым элеватормен соған бағытталған свечада. Саумалап жіберіп тұрған арқанымның арасына(свечамен екі араға) қолғабыммен бірге қолым да қыстырылғанын байқадым, жанымды шығарып езіп бара жатыр, ауыр салмақ мені өзімен бірге люлькадан суырып алып мұнараның ортасына қарай ілестіріп алып бара жатыр. Ауыр свечаны кейін тартатындай менде күш те жоқ, сәл де болса күш алып аяқтарымды тірейтін люлька да менен алыстап бара жатырған сияқты. Жаным көзіме көрінді, мұрнымның ұшына келді. «Осымен біттім, өлген жерім осы екен» деген ой басымды, миымды жарып өтті. Көретін жарығым әлі таусыла қоймаған екен. Қолғабымнан қолымның қалай суырылып кеткенін өзім де білмеймін (әлі күнге мен үшін жұмбақ, АЛЛАМ сақтап тұр ғой), қолым шыққан бойда свечаны ұстап тұрған арқанға жабысып сәл кейін шегінуге талпындым, сол кезде ышқына соққан жел таль.блокты да, элеваторға кіріп үлгерген ауыр свечаны да, жандәрменкүн ажалмен арпалысып жатырған мені де кейін қарай қатты күшпен итеріп жіберді. Аяғымның ұшы люльканың еденіне тиюі мұң екен тап мұрынымның алдына келіп қалған (сәл болғанда люльканы да жаншып кететіндей болып) свечаны көріп, осы мүмкіндікті пайдаланып, элеваторды екінші қолымдағы ұзын крючокпен жауып үлгердім. Факельді бұлғап қалдым, свеча ілген элеватор жоғары көтеріле берді. Мен люльканың еденінде аяқ-қолдарымнан жан кетіп, бүкіл денем қалшылдап, әрі тоңып, әрі қорқып жатыр едім. Көздерімнен парлап аққан көз жасым құлағыма құйылып, беттеріме жағылып мұз болып қатып жатыр. Қорқыныш жасы ма, әлде алайын деп келген ажалдан аман қалғаныма қуаныш жасы ма, кім білсін, ол уақытта оны айырып жатуға шамам жоқ еді. Бір қолымдағы қолғап кетті төменге қарай. Ойпырмай, қалай аман қалғаныма өзім әлі де таң қаламын, содан кейін қалай жұмысымды жалғастырып жасай бердім, неге бәрін тастап, қолымды бір сілтеп төмен түсіп кетпедім, жалпы, мен неге бұрғылаудан кетіп қалмадым?! Түкке түсінсем бұйырмасын, әлі де түсінбеймін. Бұрғышым төменге түскен қолғабымды алып, элеваторға іліп өзіме жіберді. Құбырларды түсіру әрмен қарай жалғасты, түк болмағандай. Таң ата құбырларды жіберіп болдық, забойға жетіп қалдық. Сол түн ең ұзақ түн болды, таң атып болмады, бұрғылау құбырлары түсіріліп болмады. Бұл түні жай құбырлардан құралған свечаларды жіберу де өте қиын болды. Тартып тұрған салмағы жоқ, бос таль.блокты ұйытқып соққан қатты жел шайқап бұлғаңдатып, біресе кейін кетірсе, енді бірде верховойдың люлькасын жаншып жіберердей болып жапсыра түседі, кейде люльканы астыңғы жағынан іліп кететіндей болып астына кіріп кетеді, көтеріліп келе жатырғанда. Ондай қатты шайқалып тұрған элеваторға свечаны ілу де бір азап, бірақ ыңғайын тауып өзіңе қарай келе жатырған тұсын ұстап үлгеріп қалсаң пайдасы да бар. Әйтеуір, манағы азапқа қарағанда сәл тақылдау, жеңілдеу екені рас. Қауіптілігі жағынан одан еш кем емес екенін кім білмейді, қай кезде де өте сақ болу керек. Бұл бір шеті де, шегі де жоқ азапты түн болды. Мен үшін. Жоғарыдан қалай түскенімді өзім де білмеймін. Қалайша «ағаш» болып қарысып қалған аяқтарымды, қолдарымды еркіме көндіре алдым, білмеймін. Менің бұндай «ерлігіме» ешкім көңіл де аударған жоқ, мені аяп мүсіркеген де жан болмады, мені мақтап ең болмағанда «ағаштан жасалған орден» де ешкім бермеді. Тым құрығанда күндізгі вахтаның, бізді ауыстырып жатырған, жігіттері де «Ойпырмай, мынандай қатты боранда аз адаммен қалай СПО (спуско-подъемные операции) жасадыңдар?» деп те таңдана қоймады, сірә, өздері осындай ауыр жұмыстан осы жолы оңай құтылып кеткендеріне іштей қуанып та тұрған шығар, олардың да вахтасының жетісіп тұрғандары шамалы еді. Не үшін, кім үшін осылайша жан беріп, жан алып азаптанып, басымды өлімге тігіп өзімді қинағаныма әлі таң қаламын. Жылап жатқан балам жоқ, үйленбеген, өмірімді жаңа бастаған жас жігітпін. Жастық жалын, бойдағы ыстық қан қаратпай тұр ғой. Азарт, ақкөздік шығар. Жалған намысқа тырысушылық қой. Кімге пайда, кімге зиян?! Төмен түскен соң бұрғышы бір темекі берді, екеулеп отырып тарттық, ол байғұс менің қалай қиналғанымды анық біледі, талайды көрген «шырақ» қой, бұл оның маған көрсеткен өзінше құрметі еді. Жұмыс жасап жүргенде, жұмысты қойғанша, темекі тартқан едім. Сонымен сол түнгі вахта аяқталды. Жуынатын вагондағы айнаға қарағанда өзімді танымай қалдым, ұсқынсыз, бүкіл беті қара қою бояуға ысталған, тек көздері мен тістері жылтыраған бір құбыжық маған қарап тұрды. Жоғарыда сәл де болса жылыну үшін темір астаудағы жанып тұрған оттағы солярканың қара түтініне әбден ысталған екенмін. Содан бір жеті бойы қақырынғанда өкпемнен, іш құрылысымнан қою қара қақырықтар түсіп жүрді. Қалай екенін кім білген, мен сол тоңғанымнан ешқандай ауырған жоқпын, тіпті түшкірген де, сәл де болса қызулағаным да жоқ. Міне қызық. Сонда тоңбағаным ба?! Қалай болғаны?! Қалшылдап тоңғанда өлуге қалған жоқпын ба? Дене мүшелерімнің қайда екенін көпке дейін сезе алмағаным қайда? Ал мен болсам түк болмағандай сол күні түнгі вахтаға шығып бара жаттым. Сол боран тағы 2-3 күн соқты, вагондар үйілген қардан көрінбей қалды. Вагондардың арасын қосатын терең траншеялар қаздық.
Міне осылайша геолог-барлаушылық өмірім басталған еді. «Басы қатты болса …???» Қайран жастық шағым десейші!!! Ештеңені ойлатпайтын, сескенбейтін, қайран жастық!!! Тура 23 жаста екенмін сол кезде…
…
(Б.Б. «МЕН – Геолог-барлаушымын»)
