Әлі есімде, 1978 жылдың шырқыраған шілде айы болатын. Қырық күн шілденің нағыз күшіне енген кезі, күн тамып тұр. Менің «Еңбек Қызыл Ту» орденді, Октябрь Революциясының 60 жылдығы атындағы, атағы бүкіл Кеңестер Одағына мәшүһр, киелі Маңғыстау түбегінің мұнайын алғаш ашқан КЭ «МНГР» мекемесінің құрамындағы ГПП (Геолого-поисковая партия) деген бөлімшесінен РИТС-2 бөлімшесіне геолог болып ауысқан кезім болатын. КЭ «МНГР» ол уақытта Гурьевтегі «Қазақстанмұнайгазбарлау» бірлестігінің құрамында еді. Жұмысым негізінен Қаламқас алаңында геологиялық барлама ұңғылар қазып жатқан учаскеде, вахтамен ауысып жасаймын. Ол кезде Қаламқас, Қаражамбас, Солтүстік Бозашы алаңдарында геологиялық барлаудың нағыз қызып тұрған шағы. Яғни, Маңғыстау түбегінің екінші тынысы ашылған іспетті. Бүкіл елдің назары осы жаққа ауған, республикалық, облыстық, аудандық газеттер, радио, теледидарлардан күн құрғатпастан біздің геолог-барлаушылар, олардың ерлік еңбектері жайында толассыз хабарлар беріліп жатқан кезі ғой.
Бір күні Қаламқас учаскесіне Гурьевтегі бірлестіктің (ҚазМГБ) геология бөлімнің басшысы Балтабек Мұқанұлы Қуандықов, онымен бірге КЭ «МНГР»-дің бас геологы, сол заманда атағы жер жарып тұрған Валентин Петрович Токарев ұшып келді. Мен учаскелік геологпын. Балтабек Мұқанұлы бізге өзінің сапарының мақсатын түсіндіріп шағын кеңес өткізді де, В.П. (В.П.Токаревты құрметтеп, өз арамызда осылайша атаймыз) екеумізге Қаламқас алаңымен іргелес жаңа алаңдағы анықталған (отбитую точку) точканы, яғни ендігі қазылатын ұңғының орнын табуды тапсырды. Бұл «точканы отбить» еткен тек КЭ «МНГР»-ға ғана емес, атағы бүкіл Маңғыстау түбегіне кеңінен танымал топограф В.В.Солодов болатын. Бұл тапсырманы алғанымызда мезгіл түскі сағат 12-лердің шамасы еді. Күннің қыза бастаған кезі. В.П.Токарев тапсырманы алған бойда маған «кеттік» деген команда берді де, екеуміз сол кезде учаскеде қалған аяқ артар жалғыз жүк көлігіне мініп жолға шықтық. Басқа жарамды, техникалық жағдайы жақсы көліктердің барлығы да таңертең ерте әртүрлі тапсырмалармен әр жаққа тарап кеткен де, бізге қалғаны осы ғана екен. Бұл көліктің жағдайы онша емес екені көрініп-ақ тұр, жақын жерлердегі «барып кел, алып кел» деген жеңіл-желпі шаруаларға ғана ідәлдалап жарап жүрген «байғұс». Көліктің жарайтын, жарамайтынына қарап тұратын В.П.Токарев па, ол кісі үшін геология бірінші орында, қалайда тапсырманы орындау керек. Мен болсам күннің ыстығы минут сайын артып, шыжғырған ыстық түсіп келе жатқанда мынандай көлікпен жолға шықпас едім, бірақ мен сияқты жас маманның айтқанын кім тыңдайды. Ал В.П. болса Маңғыстаудың жайын менен артық біледі, басынан талай қиындықтарды өткізген кәрі тарлан ғой. Ол үшін жұмыс бірінші орында, қалайда орындалуы керек. Содан салдырлаған жаман көлікпен жолға шығып кеттік. Біраз жүргесін жаңадан барлау жұмыстары жүргізілуі тиіс алаңды да таптық. Көлігімізді іздестіретін «точкамыздың» жобасы осы-ау деген тұсқа қалдырып, шопырды да қалдырып, В.П. екеуміз жаяулатып алаңды аралап, керекті «точкамызды» іздестіруге кірістік. Бұл кезде күн тас төбеге шығып алып, шырқыраған шілденің қалай болатынын көрсетейін сендерге дегендей шыжғырып тұр еді. Қаламқастың да, оған іргелес біз келген жаңа алаңның да, жалпы алғанда Бозашы түбегінің, жері сортаң болатын. Күн төбеден қыздырғанда, сортаң жерден көтерілген ыстық ауа төменгі жақтан қыздырып, де малуға мүмкіндік болмай қалды. Біраз уақыт алаңның арғы жағы мен бергі жағына қаншама рет шығып, жолсызбен жаяу жүріп, әр бұтаның түбінен «точканы» іздеп жүргенімізде әбден сілем қатты, шаршадым. Әрең дегенде таптық-ау «точка» деген құрымағырды. Іздегенімізді тапқасын көлігімізге қайтып келдік. Келгеніміз, «точканы» тапқан қуанышымыз бар болсын, келсек бізді онша керім жағымды жаңалық күтіп тұрмады. Басы салбырап отырған шопырымыз «Мәшіннің радиаторынан су ағып кетті, құятын су жоқ, жүре алмаймыз» деп қарап отыр. Мәссаған, бұны естігенде менің көңіл-күйім тіпті түсіп кетті. Әбден шөлдеп, еріндерім кезеріп, жалай-жалай жарылып та кеткен еді, бар ойым тезірек көлікке жетіп, учаскеге жету болатын. Енді не істеу керек? Еш жерде бас сұғатын көлеңке жоқ, күн тас төбеде шақырайып өртеп барады. Айнала тып-тыныш. Шыңылдап тұрған тыныштық. Бір бұтаның түбінде отырған шегіртке ғана қоймастан шырылдайды. Бір торғай жоғарыға іліп қойғандай, немесе жіппен байлап қойғандай болып, қалықтауда, мүмкін жыланның арбауына түсіп қалған да болар, әйтеуір ешқайда ұшып кете алмай, бір жерде тұр, көкте де емес, жерде емес.
Ол кезде қолға ұстап шығатын шағын рация жоқ болатын, сондықтан учаскеден көмек шақыру мүмкіндігі де жоқ. Сәл демалып, аяқ суытып алғасын В.П. қалай қарай жүретін бағытымызды белгіледі де екеуміз жолға шықтық. Шопыр мәшіннің қасында қалды. Бастапқы кезде, шамамен жарты сағаттай, мен В.П.-дан қалмай, үзеңгі қағысып жүруге шамам жетті де, ары қарай одан қала бердім. Ары қарай оған ілесіп бірге жүруге, оның жүрісіне ілесуге шамам жетпеді, күшім азайып, шөл қысып, діңкем құри бастады. Ал біз бағыт алған жақта, алдымыздан мұнартып көрінген бұрғылау қондырғысына дейін кем дегенде оншақты шақырымдай бар екенін жобалап келемін. Біз шыққан учаскеміз осы қазылып жатқан терең, параметрлік скважинаның қасында болатын. Оған қалай жететінімді бір Құдай біледі, қазірдің өзінде аяқтарымнан әл кетіп, аңқам кеуіп шөлдеп, тынысым тарылып… есім кетуде. Ал В.П. болса жолға шыққанда алған жүріс қалпын бәсеңдетпестен, бір қалыпта алға қарай тартып келеді. В.П.-ны білетіндер, онымен жақын адамдар оның қандай жүрдек, жүріске шыдамды екенін таң қалып айтатын еді. Айтқандары дәл келіп тұр, сол кездің өзінде жас шамасы 54-55-терде, ал мен одан әлдеқайда жаспын ғой. Жас болсам да оған ілесе алар емеспін. Ол кезде В.П. екеуміздің тұратын үйлеріміз іргелес болды да, жұмысқа бара жатқанда жиі кездесіп, бірге баратын едік. Екеуміз де таңертең «Приозерный» поселкесіндегі КЭ «МНГР» конторына жаяу қатынайтын едік. В.П.-ның жүрісіне ілесе алмай, қасына ерген бала сияқты дедеңдеп, жүгіре басып келе жататынмын. Сырттай қараған адамға біздің бұл жүрісіміз күлкілі де көрінуі мүмкін, бірақ шындық осындай еді. Сондықтан В.П.-ның жаяу жүріске мықты, шыдамды екенін мен білмегенде кім біледі.
Менен әл кетті, үлкен кісіден қалмай қатар жүруге шама жоқ, бірақ жүрмеуге тағы болмайды, барымды салып ілесіп келемін. В.П. болса менен 200-300 метрдей алда бір қалыпты жүріспен тартып барады. Аузым құрғап, тілім аузыма сыймай, жұтатын сілекейім де жоқ, әйтеуір сүйретіліп ілбіп келемін. Алдыма қарасам айналам толған көлбеңдеген сағым сияқты, әлде менің көзім бұлдырап тұр ма, білмедім. Өлдім-талдым дегенде екі сағаттың үстінде жүріп учаскеге де жеттік-ау әйтеуір. Бірден, ешқайда бұрылмастан асханаға жетіп, аспаздың берген эмальды шелекке құйып, бетін ақ мәрлімен жапқан компотын ортаға алып ішуге кірістік. Аспаз он литрлік шелек толы компотты беседкаға шығарып, ортамызға қойып, екеумізге екі эмальды кружка берген. Жарты сағатқа жеткізбей В.П. екеуміз әлгі шелек толы мұздай компотты жоқ қылдық. Мен өмірімде бұндай тәтті компот ішіп көрмеген болармын. Бұған дейін де, бұдан кейін де. Дәмі бал татиды ғой, шіркіннің.
Бұл менің өмірімдегі бақыттың қандай болатынын сезінген жарты сағат болды. Осынау мұздай салқын компот ішкен жарты сағатта нағыз бақыттың қандай болатынын бар жан-тәніммен сезініп едім.
Бұл жолы мен бір тамшы қара судың бағасының қандай қымбат, адам өміріне пара-пар болатынын да білдім, өміріме сабақ қылып алдым.
Артынан, В.П. екеуміз әр кездескен сайын осы жағдайды еске алып күліп алатынбыз.
Екеуміздің басымыздан өткен бұл жағдай оның қандай жан екенін, далалық геолог екенін тағы бір қырынан көрсетті. Бұндай жағдайлар оның басында о бір жылдардан бері, Маңғыстау мұнайын іздестіру жылдарында, қаншама рет өткенін тек оның өзі ғана біледі.
Әдетте, геолог деген атаумен офисте қағаз жазып, сегіз сағаттық жұмысын ғана білетіндер мен далалық геологтарды да бірдей атай береді. Екеуінің жұмысы бір болғанымен, көретін азаптары мен қиындықтарын салыстыруға келмейді. Әсіресе, геологиялық барлаудағы геологтардың жұмысының басқаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар екенін осы жазбалардан да көруге болатын сияқты.
Полевой геолог пен офисный геологты салыстыруға болмайды.
В.П.Токарев деген Лениндік сыйлықтың лауреаты, бүкіл саналы ғұмырын геологияға арнаған, Маңғыстау геологтарының Атасы саналатын мықты жан!!! Ол өмір жолында Маңғыстау түбегін әлденеше рет бір шетінен екінші шетіне жаяу жүріп, өз аяғымен шарлап шыққан (орысша айтқанда «вдоль и поперёк»), әр тасын зерттеп көрген, қиындыққа мойымайтын, қиындықтан, ауыртпалықтан қашпайтын, кез келген қиындықты күш-жігерімен жеңіп шығатын есімі үлкен әріптермен жазылатын ГЕОЛОГ!!! Геолог қандай болуы керек дегенде осы адамды үлгі қылып айту керек. Геология ғылымына қосқан үлесі зор, көптеген ғылыми материалдардың, статьялардың жаңалықтардың авторы бола тұра ешқандай ғылыми атаққа қызықпаған. Өте қарапайым, кішіпейіл, үлкенмен де, кішімен де өзін тең, бірдей дәрежеде ұстайтын жан. Қазақта: «Жеміс ағашы биік болмайды, аласа, иіліп тұрады» деген сөз бар, бұл сөзді біздің В.П.-ға қаратып айтқандай болады да тұрады маған. Қаншама керемет атақтары бола тұра (санамалап тауыса алмайсын атақтарын), Маңғыстаудың бүкіл мұнай-газ байлығын алғаш ашқандардың бірі бола тұра, ол өзін өте қарапайым ұстайтын. Қарапайым жұмысшымен де, лауазымды шенділермен де, министрмен де, атақты ғалыммен де бірдей сөйлесетін. Ол қандай ортада да өзін қалай ұстауды, кіммен қалай сөйлесуді жақсы білетін. Қандайма атағынан ат үркетіндей ғұламалар, билік адамдары В.П.-ның пікірімен санасатын. В.П. далалық бұрғылау алаңдарына шыққанда қарапайым ғана полевой геолог болса, кабинетте отырғанда терең білімді ғалым, геология саласының МЭТРІ еді. Қандайма керемет шәкірттер тәрбиелеп шығарғанының өзі неге тұрады десеңші. В.П.-ның шекпенінен шыққан қаншама шәкірттері еліміздің геология, мұнай-газ саласының биік-биік лауазымдарында жүргенін, геология ғылымына сүбелі үлес қосып ғалым атанып жүргенін мақтанышпен еске аламын. Соған қарамастан ол сәби жанды, пәк жүректі адам болып өмірден өтті.
Ұстазым, жастарға үлгі боларлық қасиеті мол ТҰЛҒА Валентин Петрович Токаревты сағынышпен еске алып жазғаным ғой.
…
Ардагер геолог-барлаушы Серік АЙТУАР
«Еңбек ардагері» медалінің, «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «МНГР» тресіне 50 жыл» төсбелгілерінің иегері.