Маңғыстау мұнайының қалыптасу тарихын, кен орындарының игерілу кезеңдерін және өндірістегі өзгерістерді терең білетін ардагер маман, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған жанның бірі – тәжірибелі геолог Бақыбай Ахметұлы.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал Қазақ политехникалық институтын тәмамдап, еңбек жолын 1967 жылы мұнай-газ саласынан бастады. «Маңғыстаумұнайгаз» тресінде оператор, ұңғымаларды сынамалау және сынау кеңсесінің операторы, зерттеу жөніндегі инженер, аға геолог қызметтерін атқарып, кейін қабаттардың мұнай беру деңгейін арттыру бағытындағы басқарманың бас геологы болды. 1982-1994 жылдары Жетібай бұрғылау басқармасының бас геологы қызметін атқарды. Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарын игеру жұмыстарына қатысты. Кейін «Жетібай-Куэст» бірлескен кәсіпорнында, «Қаражанбасмұнай» АҚ-да бас геолог болып еңбек етті. Кейіпкеріміз өткен жылы «Құрмет» ордені және «Еңбек сіңірген геологы» төсбелгісіне ие болды.
Өңірдің мұнай-газ кешенінің дамуына куә болған сала ардагері «Маңғыстау» газетіне арнайы сұхбат беріп, өмір жолы, өндірістегі тәжірибесі және мұнай саласының өткені мен бүгіні туралы ой бөлісті.
— Әңгімемізді Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласының орны мен маңызынан бастасақ. Мұнай өндірісі өңір экономикасының негізгі тіректерінің біріне әуелден-ақ айналғаны белгілі. Осы орайда, соңғы 60-70 жыл бұрынғы мұнай-газ кешенінің қалыптасу тарихына қысқаша тоқталып, оның Маңғыстау мен жалпы Қазақстан үшін маңызы туралы айтып өтсеңіз.
— Маңғыстау өңірін геологиялық тұрғыдан зерттеу Ресей империясы кезеңінен бастау алады. Алғашқы зерттеушілердің қатарында геолог Г.С.Карелин болды. Кейін М.В.Баярунас және басқа да ғалымдар Маңғыстау түбегінің геологиялық құрылысын зерттеп, өңірдің табиғи байлықтарын анықтауға үлес қосты. Зерттеушілер түбектің геологиялық және тектоникалық құрылымын зерттеп, мұнай белгілерін анықтады. Г.С.Карелин Каспий теңізінің шығыс бөлігіндегі өлі қолтық аумағында мұнай белгілерін байқаған. Кейінгі геологиялық маршруттар барысында Қаңға жерінде, Жетібайдың шығысындағы Қарашажы-Тасбаста жер бетіне шығып жатқан тотыққан мұнайды тапты. Бұл Маңғыстау жерінде мұнай қоры бар екенін дәлелдейтін маңызды деректер болды. Сонымен қатар өңірден марганец, темір, көмір және мыс кен орындары табылды.
Маңғыстаудағы жүйелі геологиялық зерттеу жұмыстары 1942 жылға дейін жүргізілді. Алайда соғыстың басталуына байланысты бұл жұмыстар уақытша тоқтап қалды. Өңірдегі кең көлемді барлау жұмыстары 1955 жылдан қайта жанданды. Алғашқы зерттеулердің бірі Қарашажы аумағын картаға түсіруден басталды. 1957 жылы Атыраудан Маңғыстауды зерттеуге арнайы экспедиция жіберілді. Кейін бұл құрылым «Трест Мангышлакнефтегазразведка» деп аталып, Форт-Шевченко қаласында орналасты.
Экспедицияның Маңғыстауға келуіне Нұртас Оңдасынов пен Сафи Өтебаев бастамашы болды. Сол кезеңде құрылымдық іздестіру топтары құрылып, шағын бұрғылау қондырғыларымен 1200 метр тереңдікке дейін зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жетібай аумағында алғашқы бұрғылау жұмыстарын осы топтар жұмыс істеді. Бұл жұмыстарға аға инженер Бақыт Баймұқашев, аға геолог Бекен Әлиев және құрылымдық іздестіру тобының басшысы Қойлыбай Жанұзақов сияқты мамандар қатысты. Осы зерттеулер кейін Маңғыстаудың ірі мұнай-газ кен орындарын ашуға негіз болды.
Маңғыстаудағы алғашқы терең бұрғылау жұмыстары 1957 жылы Таушықтың шығысындағы Қошақ аумағында басталған болатын. Сол жерде бірнеше геологиялық құрылым зерттелді. Қошақ құрылымында негізінен пермь-триас шөгінділері жоғары орналасқан болып шықты. Ол жерде юра қабаттары нашар дамыған немесе мүлде кездеспеген.
Маңғыстауда алғаш мұнай белгілерінің байқалуы, кейін газдың атқылауы өңірдің үлкен мұнай-газ мүмкіндігін көрсетті. Осыдан кейін геологиялық және сейсмикалық зерттеу жұмыстары кеңейтіле бастады. Жер қойнауындағы құрылымдарды анықтау, перспективалы учаскелерді табу үшін құрылымдық-іздестіру жұмыстары көбейді. Бұл зерттеулер кейін Оңтүстік Маңғыстау барлау жұмыстарының кеңеюіне жол ашты.
— Өңірдегі мұнай-газ кешенінің алғашқы жұмыс тобына қашан қосылдыңыз?
— 1959 жылы Шахты орта мектебін бітіргеннен кейін Форт-Шевченко қаласында автобаза жанындағы жүргізушілер даярлайтын курста алты ай оқыдым. 1960 жылы 12 наурызда куәлік алып, үшінші дәрежелі жүргізуші мамандығын иелендім. Сол жылы автобаза басшылығы күрделі жөндеуден шыққан көліктердің бірін беріп, мені барлау жұмыстарына жіберді. 1960 жылдың 27 сәуірінде Жетібайға барып, вахталық ауысыммен жұмыс істейтін адамдарды тасымалдау қызметін атқардым.
Ол кезде Жетібайда құрылымдық іздестіру тобымен қатар терең бұрғылау тобы да жұмыс істеп тұрды. Мен барған кезде №1 ұңғыманың жұмысы апатқа байланысты 1793 метр тереңдікте тоқтап тұр екен. Оны жоғары-төмен қозғалыс жасап, күш түсіру арқылы шығару қажет еді. Ол үшін арнайы өтпелі жалғағыш (переводник) керек болды. Мен өзіме берілген жүк көлігімен сол қажетті құралды алғашқы болып жеткіздім.
Сол кезеңде Жетібайдағы бұрғылау жұмыстарын басқарған мамандардың қатарында шебер Жігер Мұқатов (№1 ұңғыма), бұрғылау шебері Салық Рысқалиев (№2 ұңғыма), Грозныйда білім алған шебер Петров №6 ұңғыманы құрастырып жатты. Сонымен бірге, терең бұрғылау бөлімінің бастығы Дүйсен Үсенов, аға инженер Хасан Алдахов, аға геолог Базар Есмурзин сынды мамандар еңбек етті.
Әсіресе Қасан Алдаховпен бірге бұрғылау қондырғыларын тезірек іске қосу жұмыстарына жиі қатыстым. Себебі әрбір бұрғылау бригадасының ай сайын орындауы тиіс жоспарлы метрлік көрсеткіші болатын. Сол жоспарды орындау үшін қондырғыларды уақытында іске қосу маңызды еді. Бұрғылау жұмыстары 1960 жылдың мамыр айының соңына қарай басталды. Ол жылдары біз жас едік. Күн-түн демей жұмыс істедік. Сол кезеңде алғашқы барлаушылардың өте ауыр еңбек жағдайын өз көзімізбен көрдік. Олар Маңғыстау мұнайының негізін қалаған адамдар еді. Алайда олардың еңбегі қазір көп айтыла бермейді.
— Сол уақыттан бері Маңғыстау облысында жалпы қанша кен орны ашылды?
— Құдайға шүкір, содан бері Маңғыстау облысының аумағында 70-ке жуық кен орны ашылды. Соның ішінде бүгінде шамамен 50 кен орны игеріліп, өндіріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2025 жылы Маңғыстаудағы мұнай өндіруші компаниялардың өнім көлемі 17 миллион тоннадан асты. Ал Қазақстан бойынша өткен жылы мұнай және газ конденсатын қоса есептегенде 99,4 миллион тонна өнім өндірілді. Оның ішінде шикі мұнай көлемі 86,9 миллион тоннаны құрады. Осы көрсеткіштерге қарасақ, Маңғыстау еліміздегі мұнай өндірісінің шамамен бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Мұнай саласының облыс экономикасындағы орны өте маңызды.
— Облыстағы негізгі үш ірі компаниядан бөлек қандай маңызды кен орындары, кен орындары бар?
— Маңғыстаудағы негізгі мұнай өндіруші компаниялардың қатарында «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» АҚ бар. Мысалы, Қаражанбас кен орны өткен жылы шамамен 2,1 миллион тонна мұнай өндірді. Одан кейінгі ірі нысандардың бірі — Солтүстік Бозащы кен орны, онда 1 миллион 100 мың тоннаға жуық мұнай өндірілді. Ал Доңға кен орнындағы өндіріс көлемі 673 мың тонна болды. Сонымен қатар өңірде орта және шағын көлемде мұнай өндіріп отырған Қарақұдық, Арыстановск, Долинный, Ақсаз, Қайман сияқты бірқатар кен орындары бар. Олардың әрқайсысы Маңғыстаудың мұнай өндірісіне өзіндік үлесін қосып келеді.
— Қазіргі таңда облыстағы мұнай қорының көлемі қандай деңгейде?
— Геолог ретінде Маңғыстауда өндіруге болатын мұнай қорын шамамен 500 миллион тонна деп есептеймін. Шетелдік компаниялар мұнай көлемін көбіне баррельмен есептейді. Тоннаны баррельге айналдыру үшін мұнайдың тығыздығына байланысты орта есеппен 1 тоннаны шамамен 7 баррельге тең деп алады. Осы есеппен 500 миллион тонна мұнай шамамен 3,5 миллиард баррельге жуық болады.
Қазіргі таңда Маңғыстауда жылына шамамен 17 миллион тонна мұнай өндірілуде. Оны баррельге айналдырсақ, шамамен 105 миллион баррель көлемінде болады. Осы көрсеткішпен есептегенде, 3,5 миллиард баррель қорды жыл сайынғы өндіру көлеміне бөлсек, шамамен 30-33 жылдық өндірістік мүмкіндік бар деп қарастыруға болады.
Әрине, кейбір шағын жеке компаниялардың кен орындарындағы қорлар ертерек таусылуы мүмкін. Бірақ ірі кен орындарында әлі де игерілмеген, өндіруге болатын қордың шамамен 40 пайызы бар. Басты мәселе — сол қорларды тиімді технологиялар арқылы игере білу.
Шындығын айту керек, 1990 жылдарға дейін біз негізінен ірі геологиялық құрылымдарға басымдық бердік. Терең бұрғылау жұмыстары да көбіне осындай ауқымды құрылымдарды зерттеуге бағытталды. Ал шағын құрылымдар кейінге қалып отырды. Сол кезеңде ашылған ірі кен орындарының қатарында Жетібай, Өзен, Тасболат, Теңге, Асар, Оңтүстік Жетібай және Доңға кен орындарын атауға болады. Бұлар — Маңғыстаудағы ірі және орта деңгейдегі мұнай-газ нысандары.
Соңғы жылдары жаңа кен орындарын анықтауда заманауи технологиялардың рөлі артып келеді. Соның бірі — 3D сейсмикалық зерттеу әдісі. Мысалы, «Emir-Oil» компаниясы осы технологияны пайдаланып, бірқатар перспективалы құрылымдарды анықтады.
Бұрын Кеңес Одағы кезеңінде негізінен 2D сейсмикалық барлау әдісі қолданылды. Оның мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, жер қойнауының құрылымын толық әрі нақты анықтау қиын еді. Ал қазіргі 3D сейсмикалық зерттеу әдісі 5000 метрге дейінгі тереңдіктегі геологиялық құрылымдарды жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс қабаттардың орналасуын, құрылымдық ерекшеліктерін және мұнай-газға перспективалы нысандарды жоғары дәлдікпен анықтайды.
— Жалпы, өндірісте жаңа технологияларды қолдану аясы қандай?
— Жаңа технологиялардың маңызы әсіресе қиын өндірілетін мұнай қорларын игеру кезінде арта түседі. Маңғыстау өңірінде осындай қиын өндірілетін мұнай қоры бар кен орындарының бірі – Доңға кен орны. Бұл кен орнындағы кейбір қабаттардың өткізгіштігі (проницаемость) өте төмен, шамамен 20-30 миллидарси деңгейінде. Ал Жетібай кен орнындағы қабаттардың өткізгіштігі салыстырмалы түрде жоғары – шамамен 100-120 миллидарси, кейбір қабаттарда 200 миллидарсиге дейін жетеді. Өзен кен орнында бұл көрсеткіш одан да жоғары, жекелеген қабаттарда 300 миллидарси, қазіргі таңда 500 миллидарси шамасында болатын қабаттар кездеседі. Сондықтан мұнай өндіру кезінде коллектордың кеуектілігі мен өткізгіштігі негізгі рөл атқарады. Бұл көрсеткіштер төмен болған жағдайда мұнайды өндіру күрделене түседі және оны игеру үшін заманауи технологияларды қолдану қажет болады.
Мысалы, Доңға кен орнында коллекторлардың өткізгіштігі төмен болғандықтан, мұнай алу күрделі болды. Бұл жерде «Maersk» компаниясы горизонтальды бұрғылау технологиясын қолданды. Ұңғыма алдымен тік бағытта бұрғыланып, өнімді қабатқа жеткен соң қабат бойымен көлденең жүргізілді. Мұндай әдіс мұнайлы қабатпен жанасу аумағын ұлғайтып, ұңғыманың өнімділігін арттырады. Доңғада шамамен 8 горизонтальды ұңғыма бұрғыланды.
Тұтқырлығы жоғары мұнайды өндіруде термиялық әдістер де қолданылады. Мысалы, Қаражанбас кен орнында қабатқа бу айдау арқылы мұнайдың тұтқырлығы төмендетіліп, оның қозғалысы жеңілдетіледі. Сонымен қатар мұнай өндіруді арттыру үшін тұрақты түрде геологиялық-техникалық шаралар жүргізіледі. Уақыт өте келе ұңғымалардың өнімділігі төмендейді. Сондықтан қайта перфорациялау, ыстық сумен шаю, қышқылмен өңдеу сияқты жұмыстар атқарылады. Бұл әдістер қабат пен ұңғыма арасындағы байланысты жақсартып, мұнай ағынын көбейтуге мүмкіндік береді.
Мұнай өндіруде коллектор қасиеттері де үлкен рөл атқарады. Өткізгіштігі төмен, сазды қабаттардан мұнай алу қиын. Мұндай жағдайда мұнайлы қабатты гидравликалық жару технологиясы қолданылады. Бұл әдіс қабатта жарықшақтар жасап, мұнайдың ұңғымаға келу жолдарын арттырады. Оңтүстік Маңғыстау кен орындарында мұнайлы қабатты гидравликалық жару технологиясы алғаш рет 1999 жылы Жетібай кен орнында қолданылды. Нәтижесінде ұңғымалардың өнімділігі айтарлықтай артты. Кейін бұл әдіс Өзен, Қаламқас сияқты кен орындарында да пайдаланылды. Қазіргі таңда гидравликалық жару технологиясы – қиын өндірілетін мұнай қорларын игерудің тиімді тәсілдерінің бірі.
— Кен орындарын игеру кезінде экологиялық қауіптер қаншалықты ескеріледі?
— Мұнай өндіру үдерісімен қатар оның қоршаған ортаға әсері де маңызды мәселе болып табылады. Бұрын, Кеңес Одағы кезеңінде, экологиялық талаптарға бүгінгідей деңгейде көңіл бөлінбейтін. «Экология» ұғымы өндірістік салада кейінірек кеңінен қолданыла бастады.
Мұнай-газ өндірісінде қоршаған ортаға негізгі зиян келтіретін факторлардың бірі – бұрғылау, ұңғымаларды жөндеу және пайдалану кезінде болатын реттелмейтін ашық фонтандар.
Көптеген кен орындары кезінде осындай ашық фонтан түрінде ашылған. Мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі – бұрғылау кезінде қауіпсіздік талаптарын толық сақтамау.
Бұрғылау барысында қабат қысымына сәйкес қарсы қысым (противодавление) қамтамасыз етілуі керек. Алайда тәжірибеде кейбір бұрғылау жұмыстарында бұл талаптар толық орындала бермейді. Сонымен қатар бұрғылау құбырларын көтеру кезінде ұңғымаға уақытылы сұйықтық құю қажет. Әдетте әрбір бірнеше свеча көтерілген сайын ұңғымадағы сұйықтық деңгейін бақылап, толықтырып отыру керек. Бұл талап орындалмаса, қабаттан мұнай немесе газ атқылап, ашық фонтан қаупі пайда болады.
— Мұнай фонтандарының атқылауы экологиялық тұрғыдан қаншалықты қауіпті?
— Мұнай-газ өндірісіндегі ең қауіпті жағдайлардың бірі – ашық фонтан. Егер ұңғымадан газ шықса, ол бірден тұтанып, үлкен өртке әкелуі мүмкін. Себебі атқылау кезінде бірге шыққан құм түйіршіктері металл бөлшектерге соғылып, ұшқын пайда болады. Сол ұшқын газбен араласып, өрттің шығуына себеп болуы ықтимал.
Қазіргі кезде мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін барлық жобалар міндетті түрде экологиялық талаптармен сәйкестендіріледі. Кез келген мұнай-газ жобасы экология министрлігімен келісіліп, оның құрамында қоршаған ортаға әсерді бағалау бөлімі болады. Онда атмосфераға шығатын қалдық көлемі, өндірістік әсерлер және оларды азайту шаралары толық есептеледі.
Сынақ пайдалану кезеңінде газды уақытша жағуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл кезең әдетте үш жылға дейін созылады. Ал кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілгеннен кейін газды жағуға жол берілмейді. Газ міндетті түрде кәдеге жаратылып, өндірісте пайдаланылуы тиіс.
Кейбір шетелдік компаниялар сынақ пайдалану кезінде де газды жақпайды. Мысалы, олар жылжымалы қондырғылар әкеліп, өндірілген газды өңдеп, сұйық газ түріне айналдырады.
Бұрын Маңғыстауда ілеспе газды жағу мәселесі жиі көтерілген. 1980-1990 жылдары шетелдік мамандар «Маңғыстаудың газы жанып, ақша далаға кетіп жатыр» деген пікірлер айтқан еді. Ол кезде Өзен кен орнында алаулар алыстан көрінетін. 1970 жылдары Өзен алауы тіпті өндіріс орындарынан бірнеше жүз шақырым жерден байқалатын.
Бұрын, әсіресе Өзен кен орнын игерудің алғашқы жылдарында, кейбір технологиялық қиындықтар болған. Цемент тапшылығы және бұрғылау жұмыстарының көптігі салдарынан кейбір ұңғымаларда цементтеу жұмыстары талапқа сай орындалмаған жағдайлар кездескен. Мысалы, кейбір ұңғымаларда колонна тек белгілі бір тереңдікке дейін ғана бекітіліп, кейін бірнеше жылдан соң колонна бұзылуы мүмкін болған.
Ұңғымаларды жөндеу кезінде де экологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Мұнай өнімдерінің жерге төгілуіне жол бермеу үшін арнайы қорғаныш жабындары, соның ішінде май өткізбейтін материалдар қолданылады. Дегенмен, тарихи кезеңдерден қалған ескі қалдық алаңдары (полигондар) әлі де бар. Оларды міндетті түрде жою немесе қалпына келтіру қажет. Бұрын кейбір өндірістік қалдықтар арнайы рұқсатпен жасалған алаңдарға орналастырылған. Бірақ Кеңес кезеңінде өндіріс көлемін арттыруға басымдық беріліп, экологиялық талаптар қазіргі деңгейде сақтала бермеген.
Мысалы, Өзен кен орны маңындағы ескі алаңдарда мұнай қалдықтары кездескен жағдайлар болған. Кейбір жерлерде мұнай су бетінде жиналып, кейін қатып қалған. Өйткені Өзен мұнайы парафинді болғандықтан, шамамен +30 градус температураның өзінде қоюланып, қата бастайды. Сондықтан қазіргі міндет — бұрынғы экологиялық мұраны жойып, өндірістік қалдықтарды қауіпсіз басқару және жаңа жобаларда экологиялық талаптарды толық сақтау.
— Жалпы, Маңғыстау облысында мұнай-газ қоры анықталып, алайда игеруден тыс қалған учаскелер бар ма?
— Маңғыстау өңірінде әлі де барлау жұмыстарын қажет ететін перспективалы учаскелер бар. Олардың қатарында Қансу, Бейнеу және Шетпе секілді аумақтарды атауға болады. Бұл учаскелер бойынша іздеу жұмыстарының жобалары әзірленген.
Мен Қансу учаскесінде 1971 жылы барып, 1972 жылы сынамалау жұмыстарын жүргізуге қатыстым. Кейін 2014 жылы бұл аумақта қытайлық компания геофизикалық зерттеулер жүргізіп, 12-13 перспективалы құрылым анықтаған. Тіпті Солтүстік Қансу бойынша 5000 метр тереңдікке дейін бұрғылау қарастырылған жоба дайындалған.
Алайда бұл учаскенің игерілуін тежеп отырған бірнеше фактор бар. Біріншісі — қаржыландыру мәселесі. Екіншісі — инфрақұрылымның алыстығы. Қансу Өзен кен орнынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан оны игеру экономикалық тұрғыдан күрделі. Дегенмен, болашақта бұл аумаққа да барлау жұмыстары қайта жүргізілуі керек. Себебі төменгі терең қабаттарда перспективалы нысандар бар.
Қазіргі кезде бұрын зерттелген, бірақ толық бағаланбаған учаскелерді қайта қарау қажет. Ол үшін 3D сейсмикалық зерттеу әдістерін қолдану маңызды. Оңтүстік Маңғыстау аумағындағы Қауынды, Көкімбай сияқты құрылымдар қайта зерттеуді қажет етеді.
— Өңір экономикасын әртараптандыру үшін қандай іс-шаралар атқарылуы керек деп санаймыз?
— Маңғыстау халқы мұнай қорының шексіз емес екенін түсінуі керек. Алдағы 20-30 жылда мұнай өндіру көлемі азаюы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап экономиканың басқа салаларын дамытуға көңіл бөліп, болашақ мамандарды алдын ала даярлау қажет.
Мұнай өндірісі дамымай тұрған кезеңде Маңғыстау негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқан өңір болды. Бір кездері облыста миллионға жуық қой болған. Мал қыста ойға түсіп, жазда Үстірт жайлауына шығарылатын. Шөп шабу, мал азығын дайындау жұмыстары арнайы техникамен жүргізілді.
Қазір Маңғыстаудағы мал саны бұрынғы деңгеймен салыстырғанда азайған. Жалпы төрт түлік саны шамамен 700 мың басқа жуық. Оның ішінде қой-ешкі басым, түйе, жылқы және сиыр саны салыстырмалы түрде аз. Соңғы жылдары, әсіресе 2021 жылғы құрғақшылық кезінде, мал шаруашылығына қиындықтар болды. Халыққа басқа өңірлерден шөп жеткізілді.
Бұрын малшының өмірі өте ауыр еді. Қыста қыстауға, жазда Үстіртке көшіп, жыл бойы малдың соңында жүретін. Бірақ сол кезде отарлар ірі болды. Қазір ауыл шаруашылығын жаңа тәсілдермен дамыту қажет деп ойлаймын. Мысалы, өндірістегі вахталық жүйені мал шаруашылығына да енгізуге болады. Қазір мұнай өндірісінде бұл әдіс тиімді қолданылып келеді. Бұрын бір адам жұмыс істеген орынға вахталық жүйе арқылы екі адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Мал шаруашылығында да осындай тәсіл қолданылса, көптеген адамдардың тұрақты жұмысы болар еді.
Экономикалық есеп жүргізіп, бір отардағы мал санына, алынатын өнімге қарай қажетті жұмыс күшін анықтау керек. Мысалы, мың бас қойды қанша адам баққаны тиімді екенін есептеп, 15 күндік ауысыммен жұмыс ұйымдастыруға болады. Малшы, аспаз, техникалық қызметкерлер және қажетті техника қарастырылса, бұрынғы совхоздар базасында ірі шаруашылықтарды қайта дамытуға мүмкіндік бар.
Мысалы, егін шаруашылығы дамыған Қостанай, Ақмола немесе Ақтөбе облыстарынан сабан, мал азығын жеткізуге болады. Ол үшін облысаралық байланыс жүйесін дамыту, теміржол тасымалына жеңілдіктер қарастыру қажет.
Қазір көптеген ауыл шаруашылығы өнімдері сырттан келеді. Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан сияқты елдерден әкелінетін өнімдерге тәуелділікті азайту үшін Маңғыстаудың өзінде жылыжай шаруашылығын дамыту керек. Бұрын бірнеше гектар аумақта заманауи жылыжайлар салу жоспарланған болатын. Мұндай жобаларды нақты жүзеге асыру қажет.
Сонымен бірге Маңғыстаудың жаңа экономикалық бағыттары да дамып келеді. Құрық және Ақтау порттарының мүмкіндігі кеңейіп, теңіз саласына байланысты жаңа жобалар қарастырылуда. Кеме жасау, теңіз тасымалы, логистика сияқты салаларға алдын ала мамандар даярлау маңызды.
Бұл бағытта жастарға арналған теңіз мамандықтарын дамыту қажет. Әрбір кемеге капитан ғана емес, механик, электрик, штурман, матрос сияқты көптеген мамандар керек. Нағыз кәсіби теңізші болу үшін бірнеше жыл оқу және тәжірибе қажет. Сондықтан мамандарды өндіріс басталғаннан кейін емес, алдын ала дайындау керек.
Мысалы, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанындағы теңіз бағытындағы білім беру бағдарламаларын дамыту маңызды. Теңіз саласына қажетті кадрларды осы жерден даярлауға болады.
Алдағы уақытта Маңғыстауда жасыл энергетика бағыттары да дамуы мүмкін. Құрық маңында күн энергетикасы, сутегі және аммиак өндірісі сияқты жобалар қарастырылып жатыр. Бұл салалар да жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Маңғыстаудың болашағы тек мұнаймен шектелмеуі керек. Ауыл шаруашылығы, теңіз индустриясы, логистика, жасыл энергетика және жаңа өндіріс салалары қатар дамып, сол бағыттарға қажетті мамандарды бүгіннен бастап дайындау қажет.
— Маңғыстауда халық саны қарқынды өсіп келеді. Ал мұнай өндірісінің болашағын ескерсек, өңірдің демографиялық және әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?
— Басты маңызды мәселе – бұл демографиялық жағдай. Алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі азаюы мүмкін, ал халық саны керісінше өсіп келеді. Әсіресе, Жаңаөзен сияқты мұнай саласына тәуелді моноқалалар үшін бұл үлкен сын-қатер. Қала экономикасы бір ғана салаға сүйенгендіктен, өндіріс көлемі төмендеген жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты жұмыспен қамту мәселесі өзекті болады.
Сонымен қатар Маңғыстауға басқа өңірлерден халықтың келуі жалғасып жатыр. Сондықтан өңірдің болашақтағы демографиялық және әлеуметтік дамуын алдын ала жоспарлау қажет.
Бұл мәселені шешудің бір бағыты – елдің солтүстік өңірлеріндегі демографиялық ахуалды ескеру. Кейбір солтүстік облыстарда халық саны аз, қазақ халқының үлесі төмен аймақтар бар. Осыған байланысты ішкі көші-қон саясатын тиімді пайдаланып, азаматтарды қоныстандыру бағдарламаларын жүйелі түрде жүргізу қажет.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтарға тек үй беру жеткіліксіз. Оларға тұрақты жұмыс орны, сапалы инфрақұрылым, әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы үшін құрылыс сапасына, жұмыс орындарының ашылуына және берілген міндеттемелердің орындалуына қатаң бақылау қажет. Қоныстандыру жұмыстары бір реттік шара емес, ұзақ мерзімді стратегиялық саясат болуы керек. Мысалы, шағын топтармен емес, тұрақты қауымдастық қалыптастыратындай етіп ұйымдастыру, жастарға білім алу, еңбек ету және отбасы құру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету маңызды.
Маңғыстаудан да солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтар бар. Олардың арасында жаңа жерге бейімделіп, кәсібін дамытып отырған отбасылар кездеседі. Соңғы бірнеше жылда осындай бағытта көшкен отбасылар саны артқан. Жаңаөзен сияқты қалалардағы негізгі мәселелердің бірі – халықты жұмыспен қамту. Жұмыссыздық әлеуметтік қиындықтарға, оның ішінде тұрмыстық мәселелердің көбеюіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан моноқалаларда мұнайдан бөлек жаңа өндірістерді, шағын және орта бизнесті дамыту қажет.
Демографиялық саясат, ішкі көші-қон және экономикалық даму мәселелері өзара байланысты. Сондықтан бұл бағытта мемлекет ұзақ мерзімді, нақты жоспарға негізделген саясат жүргізуі керек.
— Маңғыстаудың мұнай-газ кешенінің қалыптасу тарихын, кен орындарының игерілу кезеңдерін және өндірістегі технологиялық өзгерістерді терең білетін сала маманы ретінде, өзіңіздің осы салаға келген жолыңыз бен кәсіби өмір жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
— Мен 1942 жылы 3 қаңтарда Маңғыстау өңірінде дүниеге келдім. Балалық шағым соғыстан кейінгі қиын кезеңде өтті. Алғашқы білімді Қызылтаң кеңшарында алып, кейін Қызыләскер-Самды, Жыңғылды ауылдарында оқыдым. Таушықтағы Шахта орта мектебін 1959 жылы тәмамдадым. 1960 жылы Жетібайдағы алғашқы геологиялық барлау жұмыстарына қатысқанымды жоғарыда айттым. 1961 жылы Алматыдағы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геология факультетіне түсіп, бес жарым жыл оқып, 1966 жылы геолог мамандығын алдым. Студенттік өндірістік тәжірибені Шығыс Сібірдегі «Востокнефтегазразведка» тресінде өтіп, бұрғылау жұмыстарында еңбек еттім.
Институтты бітірген соң Маңғыстауға оралып, Жетібай кен орнында оператор, инженер, аға геолог қызметтерін атқардым. Доңға, Арыстан, Қансу, Өтежан, Қожантай, Кендірлі, Көкімбай сияқты көптеген барлау учаскелерінде жұмыс істедім. 1972 жылы Өзендегі ұңғымаларды күрделі жөндеу және қабаттардың мұнай беру деңгейін арттыру басқармасына ауысып, аға геолог, кейін геологиялық бөлімнің бастығы, бас геологы болдым. Өзен мен Жетібай кен орындарында қабат қысымын сақтау, ыстық су айдау, гидродинамикалық зерттеулер мен мұнай өндіру технологияларын жетілдіру бағытындағы жұмыстарға қатыстым. Ол жылдары бұл кен орындары бүкілодақтық тәжірибе алаңы саналды. 1982-1994 жылдары Жетібай бұрғылау басқармасының бас геологы ретінде Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас және өзге де кен орындарындағы бұрғылау жұмыстарына жетекшілік еттім. Осы кезеңде басқарма шамамен 5000 ұңғыма бұрғылады. Кейін «Жетібай Квест», «Тасболат Ойл», «Қаражанбасмұнай» АҚ компанияларында бас геолог болып еңбек етіп, қабатты гидравликалық жару және мұнай өндірудің жаңа технологияларын енгізуге қатыстым.
2005 жылы зейнет жасына толғаныммен, 2011 жылға дейін «Қаражанбасмұнай» АҚ-да еңбек еттім. 2012 жылдан 2025 жылға дейін тәуелсіз геологиялық сарапшы ретінде мұнай-газ жобаларына сараптама жасап, олардың геологиялық негіздемелеріне қорытынды берумен айналыстым. Алпыс жылдан астам еңбек жолым Маңғыстау мұнайының қалыптасуы мен дамуына арналды. Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қаражанбас және басқа да кен орындарын игеруге қатысып, мұнай өндіру технологияларын жетілдіруге, геологиялық барлау ісінің дамуына және жас мамандарды тәрбиелеуге өз үлесімді қостым.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Жанкелді Қаржан.