ҚАРАТАУДА ТУЫП, МАҢҒЫСТАУДА ТҮЛЕГЕН: ЖАҢАҚОРҒАНДА МҰНАЙШЫ-ҚАЙРАТКЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жаңақорған кентіндегі «Руханият» орталығында еліміздің мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз, білікті инженер, қоғам қайраткері Қойшыбай Үсенұлымен тағылымды кездесу өтті. Шара аясында кейіпкердің өнегелі өмір жолы мен еңбек белестерін баяндайтын «Қашаған мен қайраткер» атты жаңа туындысының тұсауы кесілді.

​Қойшыбай Үсенұлы – қазақ мұнайының қара шаңырақтары саналатын Жетібай мен Өзен бұрғылау жұмыстары басқармаларында жауапты қызметтер атқарып, кейіннен «Қазақстан Каспийшельф» АҚ Ақтау филиалының тізгінін ұстаған тұлға. Оның еңбек жолы – кез келген қиындықты қажырлылықпен жеңуге болатынының тікелей дәлелі.

​Жиынның шымылдығын ашқан аудандық Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов кейіпкердің тұлғалық болмысына тоқталып:

​«Қаратауда туып-өсіп, Маңғыстауда түлеген Қойшыбай Үсенұлының ғұмыры – мақсатқа жетудің символы. Сізге берілген “Қара мұнайдың атасы” деген бейресми атақ – халықтың еңбегіңізге берген шынайы бағасы. Бұл еңбек тек Жаңақорған жұртшылығына ғана емес, күллі Сыр елі мен қазақ жастарына рух беретін құнды дүние», – деп атап өтті.

​Кездесудің ең салтанатты сәті – «Қашаған мен қайраткер» кітабының таныстырылымы болды. Жаңа туындының лентасын ауданның Құрметті азаматтары Мадияр Ахметұлы, Сауранбек Еркінбекұлы және Айдар Әуелбекұлы қиып, автордың шығармашылық табысына ақ тілектерін білдірді.

​Кітапта тек автордың өмірбаяны ғана емес, қазақ мұнайының қалыптасу тарихы, Каспий қайраңындағы алғашқы қадамдар мен сала ардагерлерінің қажырлы еңбегі көрініс тапқан.

​Шара тек ресми баяндамалармен шектелмей, жоғары деңгейдегі мәдени бағдарламамен ұласты. Белгілі өнерпаз Мұхтар Дәрібаевтың орындауындағы терме көпшіліктің көңілін тербесе, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Сауранбек Елеуов өзінің әсем әндерімен кештің ажарын аша түсті.

​Жиынға кейіпкердің жары, туған-туыстары мен сыныптастары қатысып, өткен күндерден естеліктер айтты. Журналист, филология ғылымдарының магистрі Үмітбек Бағдат пен басқа да қонақтар Қойшыбай Үсенұлының адами қасиеттері мен ұлттық мүдде жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Жаңақорған төрінде өткен бұл кездесу – еңбек адамын ардақтаудың нағыз үлгісі болды. Жастар үшін бұл кеш жай ғана таныстырылым емес, өз өлкесінен шыққан тұлғаның жетістігіне қарап бой түзейтін үлкен мектеп іспетті.