Үстіміздегі жылғы 19- маусымда ҚР Президентінің Архиві Әбіш Кекілбаевтың мол мұрасын-әдеби шығармалары мен саяси қызметіне қатысты құжаттарын, жеке жазбалары мен қолжазбаларын ресми түрде мемлекеттік сақтауға қабылдады. Бұл- тарихи әрі рухани мәні зор шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері шақырылды. Олардың қатарында “Мұнайгаз кешені ардагерлері” РҚБ Кеңесінің Төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Ұ.Қарабалин, Бірлестік мүшелері З.Алшымбаев, И.Елекеев, Қ.Келжанов қатысты.


Жиында сөз алған Архив директоры Ә. Құсайынқызы, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Сұлтанов, С.Абдрахманов, Қ.Көшербаев екі жылдан астам уақыт Архив ұжымы жүргізген ауқымды жұмыстың-әр құжатты сұрыптап, ғылыми тұрғыда зерделеп, ұлт жадына айналдыру жолындағы үлкен ізденістің нәтижесі екенін атап өтті. Ұлы тұлғаның немересі Абыл Әулетұлы осы игі жұмысты атқарған Архив ұжымына және шараға қатысқан қауымға ұрпақтары атынан алғыс сезімін білдірді. Жиын соңында шараға қатысқандар мен Архив ұжымы қызметкерлері естелік фотоға түсті.
Ә.Кекілбайұлының еңбектері бүгінде жүйеленіп ҚР Президентінің Архивінде мәңгі сақталады. Оның жалпы көлемі 22 мыңнан астам парақты құрап, 308 құжаттың сақтау бірлігін қамтиды.
“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ