ШАҢ БАСҚАН АРХИВТЕРДЕН ТАБЫЛАРМЫЗ

 Ө.Алшымбайұлы 1932-1939 жылдары Форт- Шевченко балалар үйінде тәрбиеленген. Ұлы Отан Соғысы жылдарында (1942-1945) Маңғыстауда 500 адамнан жасақталған N2246 жұмысшы батольоны қатарында, Алматы, Талдықорған аймақтарында, Қырғызстанның Ош, Жалалабад облыстарында теміржол құрылысында жанқиярлықпен еңбек еткен. Жеңіс күні қарсаңында, 1936-1945 ж.ж. газеттерде жарияланған бірнеше өлеңдері архивтен табылды. Сол мезгілдегі жастардың патриоттық сезімі мен кезең колоритін өлең жолдарынан сезуге болады. Қазірде актуальдығын ескеріп, газетте жарияланып отыр. Сол жасақта болғандардан да бірен-сараны болмаса, көбі бүгінде жоқ. ҰОС кезінде тылда еңбек еткен аталарымыздың аруағы, ұрпақтары да разы болатын шығар.

 

Егер ертең соғыс болса…
(Қызыл Армия қатарына барушыларға арнаймын)

 

Сәлем, бүгін елімнің
Жас Армия ұлына.
Отан үшін ардақты,
Аттанған белін буына.
Отаным байтақ керілген,
Бақыттың шомған нұрына.
Суық қол сұқса көп дұшпан,
Бақытты елге қызыға.
Ұмтылар бізден айбынды ер,
Қынаптан қылыш суыра.
Отанын сүйген ерлердің –
Тең болар бірі – мыңына. (1)

Климнен алып команда, (2)
Аттанар жауға жұмыла.
Батыр  ер қуар өкшелеп,
Жау апшысын қуыра.
Соққыны берер осылай,
Агрессорлар сұмына.
Өз жерінде көмілер,
Шекарадан қуыла.
Жер жүзі сонда таңқалар,
Советтің жеңіс туына.
Кремльден қол созар,
Күлімдеп көсем ұлына.
Біздің елдің ерлері,
Тарихтың шығар шыңына.

АЛШЫМБАЕВ ӨТЕЖАН
(Киров орта мекте
бінің оқушысы)
(1) мыңына – дұшпанның мыңына мағынада

(2) Клим – Климент Ворошилов-КССРО маршалы, Қорғаныс Министрі

 

 

Армиядағы ағайға

Хат жазамын, жас жауынгер, жан аға,

Жібек жырым ақ қағазға орала.

Жан жүректен жарып шыққан өлеңді

Жолдап, жүйрік қаламымды қолға ала.

Асылдарын сұлу сөздің теремін,

Жыр маржанын қаламымнан төгемін.

Міне саған асқақтаған жырыммен

Туысқандық сәлемімді беремін.

Өзің өскен колхозды ауыл-ел аман,

Қырмызыдай құлпырып тұр кең далаң.

Марш ойналып майданында еңбектің

Оркестрден әлемге күй тараған.

Бір кездерде бала едік балдырған,

Біз туғанда атқан кез ед алтын таң,

Бақыт нұры сәуле шашып айнала

Бөленген ед қуанышқа барлық жан.

Жібек желмен галстугің желбіреп,

Тіліңнен бал шаттық әнің сайраған.

Сонда аға айтып арман етуші ең:

«Бес қаруын белге берік байлаған

Тұлпар мініп қырандайын қомданып,

Жауды көрсе жай отындай жайнаған.

Дос сүйініп, шошынғандай тап дұшпан,

Алмас қылыш ақ беренді қайраған.

  Ер болсам! — деп, Отан үшін таймаған!».

Тасқынды өзен ағынындай сылдырап,

Жыл артынан жылдар өтті зымырап.

Өсіп бойың, ақыл ойың ел үшін,

Келді аттанар армияға кезің – нақ.

Сонда тұрып командамен қатарға,

Аттанып ең, бақытты ұл, сапарға,

Қызыл туың желмен желпіп құлпырып

«Не қымбат?» деп «берілгеннен Отанға».

Қадірлі аға, құтты болсын талабың,

Қират жауды, ашқан бізге аранын!

Капиталдық қоршауға арнап айтқанын

Шығарма естен, ұлылардың, дананың.

Орындап шық кезің келсе шайқасар,

Тапсырмасын Отаныңның-анаңның.

Меңгер, ерлік тактикасын соғыстың,

Біздің жаққа болмасын еш алаңың.

Мұқтаждық жоқ, күнде шаттық күнде той,

Минут сайын құлпырады заманым.

Колхоз, совхоз, фабрик, завод, құрылыстар-

Арнасы кең алтын алқап алабым.

Сондықтан мен бақшасында өмірдің,

Шаттық әнін шығандатқан баламын.

Халқымменен еңбек етіп алға өрлеп,

Мектебімнен мен де білім аламын.

Соғыс ісін мектептен-ақ үйреніп,

Отан қорғау значогін тағамын.

Мен де ертең, ер жеткен соң ел үшін,

Ұлы Отанды күзетуге барамын.

Мен ғана емес, барлық халық сүйеді

Сан миллион, Қызыл Ерін – Қыранын.

Күнде халқым сансыз сәлем жолдайды,

Ерлеріме, жаққан өмір шырағын.

Өтежан Алшымбаев, Форт-Шевченко балалар үйінің    тәрбиеленушісі, 1939 ж.

 

 

 

Батыр аға
(«Аманкелді» киносын көргенде)

Патшаның ұлы заhар қысымында,
Болғанда халық тұтқын темір торда.
Батыры ең, елің үшін жауға шапқан,
Шақырып езілгенді бостандыққа.
Бұл күнде халқың жетті зор бақытқа
Кенеліп еркіндік ап, мол шатыққа.
Өзгеріп, түнек басқан қайғылы елің
Қол жетті, арман еткен бостандыққа.
Өмірдің алтын сандық кілті ашылды,
Халыққа сол сандықтан нұр шашылды.
Елімде шаттық жырын жырлап Жамбыл
Өткізген өз басынан бір ғасырды.
Орнады жайма шуақ жаңа дәуір,
Көркейді колхоздасқан жаңа ауыл.
Бақыттың қазынасы ағытылып
Ескі өмір мәңгі өшті мешеу-жауыз.
Елімде ойын-сауық, жыр ойнаған
Мінекей, көріп сені жұрт кинодан.
Күрескен ерлігіңе ел сүйініп,
Жауыңа атой салып, ойрандаған.
Ұмытылмас, Аманкелді – батыр  ерім,
Бізге үлгі сізде болған болат жігер.

Елімді мен де сендей қорғамақпын,
Соқтығып, сұм жауыздар тисе егер.
Кетпейді образың көз алдымнан,
Ойнаған халық майданында болат тұлғаң.
Ағалап ерлігіңнен улгi алатын,
Жайнаған, елімде көп бақытты ұлан.

Өтежан Алшымбаев
1939 жыл, Май (Мамыр айы)


 

 

Күзет берік, ұлы Отанды!
(Қызыл Армияның 21 жылдығына арнап)


Бүгін, бүгін, міне бүгін
Төккен нөсер, күнім нұрын.
Асыл сөздің қазынасы —
Сөз маржанын терген күнім.
Шаттық жырды тізбектетіп,
Іздеп бәрін, терең түбін.
Жырламасқа қалай бүгін,
Заманымның бақыт күнін!
Жасап берген жерімізге,
Күн нұрындай өмір гүлін.
Осы өмірге әлдилеген
Ұлы Отанның ұл мен қызын.
Ен дәулетке елім батып,
Ашылғанда бақыт кілтім.
Міне осындай Отанымды
Қорғап тұрған жаудан бұл кім?
Елін сүйген жауынгерім —
Шын жүректен сүйген жұртым.
Бүгін міне 21 жыл!
Ұлы Отанның күзетінде,
Тұрғанында батыр ердің.

Сәлем бүгін Армияға,
Елін сүйген жас өреннен!
Бақыт берген миллиондарға
Асқан дана, өшпес күннен.
Сәлем бүгін Армияға,
Ұлы Отаннан, барлық елден.
Көркем сөзден, шаттық жырдан,
Поэзия — асқар белден.
——-
Сәлем сізге тапсырады
Күзет берік, Ұлы Отанды!
Туған елдің туы астында
Тигенге ти, бұз қамалды!

Күн туғанда қыйрат жауды!
Күзет мәңгі, ұлы Отанды!

Өтежан Алшымбаев, ақпан, 1939 ж.
«Колхоз жолы» газеті.

 

 

Өз жеріңде көмеміз.

 

Жасанған жаудан тайынбас,

Жарқырап тұрған еліме.

Жорықтан жасып қайырылмас

Жау жүрек қыран еліме.

Жұмсапты жауыз азуын

Жортпақ боп жасыл жеріме.

Жағалай жатқан халықтың

Жұтпақ боп қанын сіміре.

Жатпақ бопты керіле

Жерімнің жәннат төріне.

Жұқпақ бопты арам қан

Жасыл құрақ көліме.

Жоқ, жоқ жауыз, сұм фашист!

Қиратамыз жеріңде.

Жоқ қыламыз жалынмен

Жерік болсаң өлімге.

Жүгенсіз жортпа еліме

Жол жоқ бізде жегірге

Жегізбейміз біз саған

Жерімнен екі елі де!

Жолатпаймыз жауды біз

Жоғал, көзге көрінбе!

Жыныңды шашып былғама

Жұғыспай кір көріңе!

Отан деген жалғыз сөз

Оттан ыстық ол бізге.

Күн күн емес көктегі,

Азаттық таңы күн бізге.

Ол тұрғанда елімде

Түніміз тең күндізге.

Отан үшін жан беру,

Ең зор міндет ол бізге.

Біз өмірдің еліміз

Біз жеңеміз, жеңеміз!

Қанға жерік дегенді

Өз жерінде көмеміз!

«Ажалды қарға бүркітпен

ойнайды» деген мақал бар.

Қашпасаң, қалың құрыш күш

Тұрғызбай күл ғып талқандар!

Оған куә тарих бар

Оған бүкіл ел айғақ.

Ертең — ақ анау Берлинде

Тұрар қызыл ту жайнап.

 

Өтежан Алшымбаев.

«Социалистік құрылыс» газеті

 

 

 

         

Бас, батырлар – Берлинге!

 

Қызыл ер, бүгін жыр қостым,

Жеңіспен жарған үніңе.

Әлем таққан кеудеге-

Бөленген жеңіс гүліне!

Еркіндіктің күні боп,

Нұр шашқан жер жүзіне!

Жиырма жеті жыл толған,

Сенің тұрған күніңе.

Адам жегіш қаскөй ол-

Мың бұралып, бүгіле.

Кірді барып Берлинге,

Қан сорғалай ініне.

Қу қорқауды інінен,

Найза сұқ улы тіліне!

Топырақ емес, көмілсін,

Өртенген өз күліне!

Мұндай жауыз тарихта,

Бұрын соңды болмаған.

Өткен қоғам қайта кеп,

Қашан, қайда орнаған?!

Аламын деп әлемді,

Билеймін деп бәр елді,

Идеясы – оңбаған!

Тұман болып түнеріп,

Еуропаны торлаған!

Сол торлаған бұлтты серпіп,

Миллиондаған көп жұртты,

Қуантқан Қызыл Армия-

Бостандық туын қорғаған!

Сонау Сталинградтан,

Басталған жорық жол жатыр.

Берлинге дейін жауына

Жасады талай қан топыр.

Шынықтың, өстің қатарға,

Қосып күнде сан батыр!

Айбарыңнан қалтырап,

Алдыңда Берлин зорға тұр!

Отаным сүйген- СССР,

Сені баулып өсірген.

Батыр етіп болаттай,

Жортуылда, жорықта

Жолбарыстай көсілген!

Октябрьден жаралдың,

Біздің елде мәңгілік.

Қара түнді көшірген,

Бердің талай сен соққы-

Кетпестей қып есінен!

Олжалауға елімді,

Келген жауға есірген!

Миллиондаған, мыңдаған,

Азат етіп халықты.

Қайсар, өжет күшіңмен,

Таңдандырдың тарихты!

Маңдайдағы жұлдыздан,

Төктің нұрлы жарықты!

Жеңімпаз жолың жорықта,

Сендей асқар алыпты

Дүниеге танытты!

Бүгін толғап жырымды,

Желдей есіп желейін.

Тарту етіп тойыңа

Сөзден маржан терейін.

Өлеңменен өрнектеп,

Жыр гүліне бөлейін!

Уа, жеңімпаз қырандар,

Үстем болсын мерейің!

Тойың болсын торқалы,

Жорықта жүрсең ел қамы.

Жеңіп шықтың айқаста,

Жауыңменен алқалы!

Жау ғана емес, қан құмар

Қасқыр ед бұл қалжалы.

Бомбы асынған борсық ед,

Бөрі еді балталы.

Берлиндегі болатын

Біліп тұрмыз шайқасты.

Жеңістің тойын жер жүзі,

Жеңеріңді сен тағы!

Күтуде саған көз тігіп

Қуанышқа бөленер-

Толтыратын ортаны!

Бүгінгі ұлы тойыңда

Бұйырды саған Москва.

Гитлершіл Берлинді

Ал бомбының астына!

Фашист итті көрінген

Танкімен ез бастыра!

Әділдік сүйген жер жүзі

Тапсырды сеніп сендерге

Төгілген қан мен ел кегін!

Куә қып өткен күндерге,

Қара бет болған әлемге,

Өлім еккен өмірге,

Астанасы айуанның –

Күн тусын мүшкіл Берлинге!

Жаралы аң жаншылсын

Қорғалаған үңгірге!

Бас, батырлар – Берлинге,

Жетерміз ертең ол күнге!

 

Өтежан Алшымбаев

«Сталин жолы» газеті, №7, 23 ақпан 1945 ж.

Таушық