ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ӨНЕРБЕК
Өнербек Өтежанұлы Алшымбаев 1955 жылы 11 қантарда Маңғыстау ауданы Таушық поселкесінде дүниеге келген. Бүгінде қазыналы 70 жасқа толып отыр. Ол, 1961 жылы Шахта орта мектебінің 1-інші сыныбына барып, 1971 жылы Мақат ауданы Доссор поселкесінде Абай атындағы орта мектепті үздік бітірді. Оның саналы өмірі ел экономикасының күре тамыры болып саналатын мұнай өндірісімен тікелей байланысты болды. Киелі Маңғыстау өлкесінің мұнай-газ саласын дамыту, экологиялық қал-ахуалын оңалту жолында бүгінгі күнге дейін аянбай еңбек етіп келе жатыр.
1971-1973 жылдары Өзен мұнай кәсіпшілігінде бақылау-өлшеу құрылғылары цехында жөндеуші болып жұмыс жасады. 1973-1978 жылдар арасында В.И.Ленин атындағы Қазақ Политехникалық институтының автоматика және есептеу құралдары факультетінің автоматтандырылған басқару жүйелерінің инженері мамандығын алғасын, туған өлкесі Маңғыстауға оралды. Өнербек Өтежанұлының ұйымдастырушылық және кәсіби біліктілігі 1978-1985 жылдарда «Өзенмұнайгазөндіру» басқармасының бақылау-есептеу құралдары және автоматика цехында, Өзен үйлестіру басқармасында (Узенское наладочное управление) орындаушы-инженер, аға инженер, мастер, прораб, учаске бастығы болып жасаған жылдары жарқырай көрінді. Осы жылдар аралығында «Өзен» кенорынында «Спутник» автоматтандырылған топтық құрылғыларын орнатуға және мұнай өнімін ұлғайтуға өте қажетті заманауи технологиялық процесстерін автоматтандырылған басқару жүйелерін (АСУТП «Газлифт») еңгізуге Н.Азизбеков атындағы Әзірбайжан мұнай химия институты мамандарымен бірге қарқынды ат салысты.
1985-1992 жылдар арасында Жаңаөзен қалалық партия комитетінде нұсқаушы, партиялық комиссияның төрағасы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, қалалық атқару комитетінің жауапты хатшысы, қала әкімінің бас кеңесшісі лауазымдарын атқарды. Осы арада Жаңаөзен қаласының өндіріс орындарының өсуіне, әлеуметтік- мәдени дамуына өз үлесін қосты.
1992-2004 жылдар арасында «Өзенмұнайгазқұрылыс» АҚ-ының бас директорының орынбасары, финанс және экономика салалары бойынша бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Мұнай-газ кәсіпшіліктерінің заман талабына сай дамуына, қаланың әлеуметтік-мәдени құрылыс нысандарын салуда зор еңбек сіңірді. Құрылыс саласында елімізде алғашқылардың бірі болып акционерлік қоғам құруға тікелей басшылық етті.
2004 жылдан бері өңірде қордаланып қалған экологиялық проблемаларды шешумен айналысып жүрген «Мұнай-Экология» және «BSG Technology» ЖШС-терінде бас технолог, филиал директоры, директордың кеңесшісі лауазымдарында қызмет етуде.
Бұл жұмыста Германияның «Flottweg» компаниясы шығаратын кәсіпшілік аумағында далаға төгілген, амбарларда қордаланған мұнай қалдықтарын тазалау, оның құрамынан мұнай, су және механикалық қосындыларын (құм, темір таты және басқада химиялық қалдықтар) айыратын «Трикантер» құрылғыларын пайдалану арқылы «Өзен», «Жетібай» кенорындарында көптеген экологиялық жұмыстар атқаруда. Тек «Өзен» кенішінде 1975 жылы болған ірі техногендік авария (магистральды мұнай құбырының жарылуы) салдарынан пайда болған технологиялық амбар (көлемі 70 га) тазартылып, орны таза топырақпен жабылды (рекультивация). Ресейдің Норильск аумағында 2020 жылы болған осындай техногендік авария салдарынан ластанған аймақты тазартуға арналған халықаралық тендерді жеңіп алып, Қазақстандық технологияның әлемдік нарықта мәртебесін көтеріп қайтты. Бүгінгі таңда «Өзенмұнайгаз» және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дарының тапсырыстары бойынша өндіріліп жатқан мұнайлы сұйықтарынының құрамындағы тұз, су және басқада ерітінділерден тазалап, «КазТрансОйл» АҚ-ына тапсырылатын мұнай сапасын көтеруге қызмет атқаруда.
2019 жылдан «Мұнайгаз кешені ардагерлері» республикалық оғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде, ардагерлер мен оқушы жастар арасында кездесулер өткізіп белсенді қызмет атқаруда. Жаңаөзен қаласы ардагерлер ұйымымен, «Мұнайгаз кешені ардагерлері» өкілдігімен бірлесіп жыл сайын мұнайшы ардагерлер арасында өз қаражатын жұмсап, бильярдтан турнир ұйымдастырып, және басқа да қоғамдық –мәдени шаралар өткізуге белсенді қатысатынын атап өткен жөн…Қандай қызметте де, ол өзіне жүктелген міндеттерге, әрқашан, адалдығынан айнымай, еңбексүйгіштік қасиетімен биіктен көріне білуде.
Өнербек Өтежанұлның қажырлы еңбегі, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, қала әкімінің Мақтау қағазымен, «Өзен кенішіне 35 және 40 жыл» төс белгілері, «Қазақстан мұнайына 120 жыл, 125жыл» мерекелік медалдарымен, «Еңбек ардагері» медалымен аталып өтті. Жуырда, мұнайгаз саласындағы ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, ҚР Энергетика Министрлігінің шешімімен, оған «Мұнайгаз саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, төс белгісі тапсырылды. Осының бәрі, оның ғибратты өмірі мен адал еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Жанұясында жары Сара екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді, олардан көрген немерелерін қызықтап отырған бақытты отбасы. Ұл-қыздарының бәрі де жоғары білім алып, әр түрлі салада еңбек етуде.
Алдағы уақытта да өмірлік мол тәжірибесі мен , терең білімін кейінгі жастармен бөлісіп, мұнай-газ кешенін дамыту жолындағы игі істерге арнай беретініне сенімдіміз. Елу жылдан астам Жаңаөзен қаласының тұрғыны, осы қаланың ыстық-суығын елмен бірге бөлісіп келе жатқан, Өнербек Өтежанұлын, мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр, әулетіне бақ-береке тілейміз!
Блялова Г.Қ. – «Мұнай-газ кешені ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкері, Астана қаласы.