ЕЛ АРДАҚТЫСЫ Ө.АЛШЫМБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУ ЖИЫНЫ ӨТТІ

2024 жылдың 1-ші қарашасында Қазақ мұнайының 125 жылдығы және Қарттар күні мерекесі аясында Жаңаөзен қаласының Ардагерлер үйінде, қалалық ардагерлер ұйымының алғашқы төрағасы, қаланың құрметті азаматы Өтежан Алшымбаевты еске алу жиыны болып өтті. Жиынды ашқан Қала ардагерлері ұйымның төрағасы Ж.Күмісбаев өз сөзінде “ Өтежан ағамыздың бүгін туғанына 103 жыл. Оның атқарған қызметін жақсы білесіздер, осы қалаға ерекше қызмет еткен адамның бірі. Елдің ақсақалы, ақылшысы болды. Қазіргі біз отырған ардагерлер үйі сол кісінің ұсынысымен, қала басшылығының оны қолдауымен дүниеге келді. Басқа қыруар еңбегін айтпағанда , біз соның зейнетін көріп отырмыз. Сондықтан, біз Өтежан ағаны еске алу жиынын өткізіп және соған орай ардагерлер арасында бильярдтан екінші рет турнир өткіздік, бүгін оның жеңімпаздарын да марапаттаймыз”

Одан әрі Қала ардагерлер үйымы төрағасының орынбасары, А.Айдаров Өтежан Алшымбаевтың өмір жолын, атқарған істерін қамтыған баяндама жасады.

Ол өз сөзінде “… Сол жылдары қаламызда мектептер мен бала-бақшалар, емдеу-сауықтыру орындары, қоғамдық тамақтандыру, сауда кешендері, кәсіптік-техникалық училище, орталық кітапхана мен тұрмыс қажетін өтейтін және т.б нысандарды қосуға сол салаларды басқарып отырған Өтежан Алшымбайұлы үлкен еңбек сіңірді” деп атап өтті.

Жиында сөз алған мұнайгаз саласында ұзақ жылдар экономист болып қызмет атқарған Ж. Адилов және өртсөндіру саласының ардагері А.Бекбатыров Өтежан аға көмегімен қалай үй алғандарын, және ол кісінің басқа мұқтаж адамдарға жасаған қамқорлығын айтып естеліктерімен бөлісті.

Өтежан аға ұрпақтары атынан , “МГКА” РҚБ мүшесі, мұнайгаз саласының ардагері Өнербек Алшымбаев қала ардагерлері ұйымының басшылары Ж.Күмісбаев пен А.Айдаровқа және бірлестік өкілдігінің жетекшісі М.Өтебаевқа ұрпақтары атынан өткізіліп жатқан шараға мол ризашылығын білдіріп, рахмет айтты.

“МГКА” РҚБ Жаңаөзен өкілдігінің директоры М.Өтебаев сала ардагері Өнербек Алшымбаевқа “Қазақ мұнайына 125 жыл” мерекелік медалын тапсырды.

Жиын соңында, ардагерлердің белсенді қатысуымен өткен бильярд турнирінің жеңімпаздары — Ж.Нұрмағамбетов (1-ші орын), Б.Қыдырбаев (2-ші орын), Ш. Мажиев ( 3-ші орын) және Н.Салиховқа (4-ші орын) Дипломдар тапсырылып ақшалай силықпен марапатталды.

Жиынға қатысушыларға ұлттық дәстүрмен дастарқан жайылып, ел ардақтысы, Өтежан Алшымбайұлының рухына бағышталып құран оқылды . Ардагерлер қауымы турнир ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келе жатқан Өтежан аға ұрпақтарына ризашылықтарын білдірді.

“АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ” РҚБ ЖАҢАӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ,
“МҰНАЙГАЗ КЕШЕНІ АРДАГЕРЛЕРІ” РҚБ ЖАҢАӨЗЕН ӨКІЛДІГІ