Сындарлы өткен бес жыл

Осыдан бес жыл бұрын, ел өнеркәсібінің ірі салаларының бірі мұнай-газ өнеркәсібінің даму жолындағы ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі мақсатында бірқатар ел ағалары бірігіп, өзара ұйымдасып, ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ –ның қолдауымен, республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысын жолға қойдық. Бұл бірлестік жұмысы мұнай-газ кешені ардагерлерінің қызметін ұйымдастыру және көмек көрсету, сондай-ақ өнеркәсіптегі жас мамандардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, инновацияларды енгізуге, аға ұрпақтың телегей-теңіз тәжірибесін жас мамандарға үйрету және мұнайды игерудегі қазақстандық сүрлеудің тарихын сақтауға бағытталған еді.

Бүгінде сол әдепкі мақсат толықтай жүзеге асырылып келе жатыр. Ең бастысы аға буын мен кейінгі буынның сыйластық тіні, тәжірибе алмасуы бекіді.

Өйткені олар жүріп өткен жол мен сыни көзқарас, ең бастысы тәжірибе жүзіндегі білім багажы құндырақ. Егер екі буын арасында байланыс тығыз болса, сол саланың жүйеге қойылуы, табыстылығы да арта түсетінінің дәлелін біз өз үлгімізде көрсете алдық деген ойдамыз. Осы орайда, атқарылған істердің кейбіреуін еске сала кетейік.

Бірлестік жүргізген тиянақты жұмыстардың нәтижесінде Атырау қаласында Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерекесіне орай еліміздің басшысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты іс-шараларға бір топ ардагерлеріміздің қатысуына мүмкіндік жасалды. Шара барысында ардагерлеріміз үкіметтің наградаларымен марапатталып, ал 220 ардагерге мерейтойлық медаль табысталды.

Мақтанышпен айтар ұйымдастырылған шаралардың бірі ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы №936 шешімін орындау мақсатында Бірлестік, Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамымен бірлесе отырып, NCOC, КПО және ТШО сияқты компаниялар кіретін «Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығы» қауымдастығын құру жөніндегі жұмыстарды аяқтады. Бұл шара ірі жобалардағы қазақстандық қамтуды айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кезінде ардагерлерімізді салауатты өмір салтына тарту мақсатында, біз Астана, Ақтөбе қалалары  үшін пилоттық жоба ретінде, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы — «Шуақ» бағдарламасын енгізу туралы ұсыныс жіберген едік. Қазір аталған қалалардан өзге аймақтарда да ол  қолдау тауып «Ұзақ өмір сүру» орталықтары зейнеткер-ардагерлерге сан тараулы қызмет көрсетіп отыр.

Еліміздің жоғары, орта оқу орындарында, сала еңбек ұжымдарында ардагер мұнайшылармен жастардың кездесулерін жүйелі түрде ұйымдастыруды бастағанымызды айта кетуге болады. Олардың қатарында мұнайшы мамандығының ең төменгі баспалдағынан еңбек жолын бастап, өндіріс орындары мен мемлекеттік құрылымдарда еңбек еткен, қазір де қоғам көзінде жүрген Р.Шырдабаев, М.Батырбаев, Ұ.Қарабалин, М.Ізбасов, Х.Ережепов, Б.Махуов, М. Салихов, А.Көшербаев, И.Елекеев, А.Тегіспаев, Т.Хасанов, М.Өтебаев және т.б. белгілі азаматтарды атауға болады. Бұл бағытта әлі де атқарар істер аз емес.   

«ҚМГ» ҰК АҚ- ның  инновациялық дамуына өз үлесін қосуға ниет білдіре отырып, компания жанынан Сарапшылар кеңесін құру туралы бастамамызды да ұлттық компания басшылығы қолдады. Оған Қазақстандық мұнай және газ кен орындарында үлкен тәжірибесі бар ардагер мұнайшыларымыз енгізілді. Бұл саладағы алғашқы ауқымды іс «Өзен» кен орнындағы қалыптасқан жағдайға талдау жасауға арналып, қортындысымен «Өзен» кен орны басшы мамандарының қатысуымен, екі жақты тиімді, келелі кеңес өткізілді, ардагер мұнайшылардың ұсыныстары қабылданды. Осындай қызмет Шығыс Қазақстандағы «Сарыбұлақ» және Ембінің ескі мұнай кәсіпкершіліктерімен де белсенді жүргізілуде.

Тағы бір мысал. «Kazenergy» қауымдастығының «Жаңа кәсіптердің атласын» әзірлеу жөніндегі іс-шараларына белсенді араласқан бірлестік мүшелері үлкен жұмыстар атқарды.  Атап айтқанда Бірлестіктің тәжірибелі мамандары шикізат базасының жай-күйіне талдау жасап, Қазақстанның 200 кен орнын қамтитын мұнай-газ саласының ағымдағы күйіне талдамалық есеп жасады, кен орындарын игеруді қарқындату проблемалары мен оны шешудің жаңа жолдарын көрсетіп берді. Сонымен қатар, шетелдік оқу орындары мен отандық жоғары оқу орындарындағы мұнай кадрларын даярлаудың салыстырмалы талдауын ұсынды. Осылайша, ардагерлердің ғылыми әлеуетін оң бағытта жұмсау қоғамға да үлкен пайдасын тигізіп отыр.

Бірлестік өкілдері  «Kazenergy» қауымдастығы ұйымдастырған техникалық жоғары оқу орындарының студенттері арасында болған конкурстардың қазылар алқасы құрамына белсенді түрде қатысты. Бұл зияткерлік білім беру бағдарламасы «Шелл Қазақстан Б. В» компаниясымен серіктес бола отырып, қаржылық қолдауымен ұйымдастырылып келеді, оның бірлестік белсене қатысқанын мақтана айта алатын жобалардың бірі болғаны анық,

Бүгінде бірлестікке мүше болғысы келетін ардагерлер қатары артуда. Қазір еліміздің мұнайлы аймақтарында құрылған 9 филиал мен Жаңаөзен қаласындағы өкілдігіміздің құрамында мыңнан астам ардагерлер бар.   Олардың ішінде 17 ғылым докторы мен кандидаты, 30-дан астам ірі мұнай компаниялары мен мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызмет атқарған, мұнайгаз саласын дамытуға үлкен үлес қосқан азаматтар бар екенін мақтан тұтамыз. Бұл бізге қоғам қызметіндегі негізгі міндеттердің бірі, ардагерлердің кәсіби және өмірлік тәжірибесін жастарға беру мақсатындағы жұмыстарымызды белсенді атқаруға септігін тигізіп отыр.

Осылайша біз, ғылыми әрі тәжірибелік әлеуетімізді ескере отырып, тиісті министрліктер мен бөлімдерге, олардың ғылыми-техникалық комиссияларына, қоғамдық кеңес мүшелері қатарына  ардагерлерімізді тарту туралы ұсыныс жолдап келдік. Нәтижесінде  Энергетика, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері мен бірсыпыра аудан, қала облыс әкмшіліктері  қоғамдық кеңестеріне, ардагерлеріміздің еліміздегі мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі қаралып жатқан мәселелерге  белсенді араласып, оған байланысты өз ұсыныстарын беруге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі мұнай-газ бағытында білім беретін жоғары оқу орындарының Қамқоршылық кеңестері мен Директорлар кеңестерінің жұмысына атсалысуға «МГКА» РҚБ қызметкерлері мен мүшелерінің қатысуына байланысты жұмыстар да жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы бірлестіктің сайтында (www.vngk.kz ) үнемі жарияланып отырады. Ардагерлеріміздің сол арқылы бірлестік атқарып жатқан шаралар бойынша ақпарат алуға, өз пікір-идеяларымен бөлісіп отыруға мүмкіндіктері бар. Ұйымның Алматы, Шымкент және еліміздің жеті  облысында құрылған филиалдары мен өкілдігінде өткен ұтымды іс-шаралар да сайт бетінде орын алады. Сонымен бірге, Бірлестіктің өткен бес жылдықта атқарған істері туралы, қолымызға тиіп отырған осы жинақта біршама қамтылғанын ескеріп, әрі қарай тізбектеп жаза берудің қажеті болмас деген ойдамын. Әрине, тарих өлшемінде бес жыл көп мезгіл болмас, бірақ жастары егде тартқан ардагерлер қауымы үшін, әр жылы түгіл, әр айы, әр күні қымбат өткен мезгілдің жылнамасы іспеттес жинақтың баспадан шығуы құптарлық.

Біздің ардагерлер өздерінің ең жақсы жылдарын жұмысқа берді, кен орындарын жайластыруға және маңызды өндірістік объектілерді пайдалануға беруге тікелей қатысты. Мұнай-газ кешені ардагерлер инстиутын қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу мақсатында бірлестік өз міндеттерін одан әрі жоғары дәрежеде атқара беретініне сеніміміз мол. Сөз соңында, Бірлестігіміздің өткен сындарлы бес жылдық мерейтойымен бүкіл ардагерлерімізді құттықтап, зор денсаулық, баянды бақыт, атқарып отырған маңызды жұмыстарымызға сәттілік, мол табыстар тілеймін!

Зейнолла Алшымбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «МГКА» РҚБ Кеңесінің мүшесі («Мұнайгаз кешені ардагерлері» РҚБ Бас директоры,  қыркүйек, 2019- қыркүйек, 2021 ж.ж.)