Үстіміздегі жылдың маусым айының 23- ші жұлдызында, ҚР Ұлттық архивінде, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Х.Досахановтың “Денге саулық, дертке шипа силаған” атты жеке қорының ашылуына арналған салтанатты жиын өтті. Сонымен қатар Алаш дәуірінің “ Алғашқы Алаш дәрігерлері” атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен студент жастар қатысты. Жиынды ҚР Ұлттық архивының директоры С.Нұрланова жүргізіп отырды.
Салтанатты кездесуде “ МГКА” РҚБ Кеңесінің мүшесі З.Алшымбаев, осы бірлестіктің мүшелері И.Елекеев, Қ.Келжанов, белгілі алаштанушы -ғалым С.Аққұлұлы, Ақпарат министрлігінің қызметкері Бораш Қ.Қ. және т.б. сөз алып, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар өз сөздерінде А.Досахановтың жас ұрпаққа асыл қазына ретінде арнап жазған бұл туындысы, патриотизм мен азаматтық жеке дәрігерлік борышқа адалдықтың үлгісі болып табылатынын атап өтті. Соңғы 20 жылдықта елімізде жаңа көпсалалы дәрігерлік клиникалардың ашылғаны, олардың заманауи құрал- аппараттармен қамтамасыз етіліп жатқаны, нәтижесінде халыққа медициналық көмек көрсетуде жаңа үрдістер қалыптасып келе жатқаны, оның бәрінде Алихан Хамза ұлы бастаған аға буын дәрігерлердің де үлесі аз еместігі айтылды. Ұлттық архивте осындай тұлғаларымыздың жеке қорларының ашылуы, онда жеке құжаттары мен қолжазбаларының сақталуы, — өскелең ұрпаққа, өткен кезеңдердің асыл мұрасындай жететіні сөзсіз.
“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ