Сенім құны – әділдік

Бүгіннің басты талабы – әлемінің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Жаһанды екі лагерьге бөлген текетірестердің жаңа ошағы пайда болған сайын, халықаралық келісімшарттар мен заң үстемдігі саясаттың көлең­кесінде қалып қойып жатқаны үлкен қынжылыс тудырады. Өйт­кені әділдік немесе ақиқат ауыса берсе, сенімнің құны қанша­лықты болуы мүмкін?

Заң – заман ағысының, елдің тыныс-тіршілігінің басты индикаторы. Сол себепті жүзеге аспайтын келісімшарт­тар, заңнамалардың қайта-қайта қаралуы, түгесілмес түзетулер, қоғам дамуына үлкен зиянын тигізетіні күмән туғызбайды.

Сырт алаңда Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде елдік қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылық міндетін жүзеге асыруда мейлінше асқан байыппен әрекет етіп келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қызмет бабымен көптеген парламент­аралық келіссөзге қатыса жүріп, ұлттың жоғын жоқтау көркем дипломатияның нәтижесі екеніне талай көзім жетті. Осы тұрғыда, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, Қазақстанның мемлекеттілігін бекіту жолында үлкен жұмыс атқарылды. Мойындауымыз керек, экономикалық тұрғыдан есе жіберіп алсақ та, егемендік сезімін, ұлттық тұтастықтың тінін мықты етіп қалыптастырдық.

Алайда ішкі саясат алаңындағы жауап­ты қызметкерлер, атап айтқан­да жергілікті билік өкілдері ағым­дағы мәселелермен айналысып, қағазбасты­лықпен жүріп, қоғам тынысын назардан тыс қалдырып, тізгінді босатып алды. Осының салдарынан еліміздің тыныштығын бұзуды қалайтын деструктивті шешімі табылатын бір реттік мәселені құндылығы жоғары бірліктен, елдік мәселеден жоғары қоятын азаматтар пайда болды. Бұл– өте қауіпті тенденция. Бастысы – саяси реформалардың қарқынды жүруін қамтамасыз ету. Басталған реформалардың сөзбұйдаға салынып, құрдымға кетпеуі қоғам мен Үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынуы керек. Өйткені қоғам тарапынан бақылау болмаса, кез келген бастама «қамшылаусыз» босаңсиды. Мәселен, елде президент сайлауы өтті, алда – Парламент сайлауы. Халықтың бұл сайлауға артып отырған үміті зор. Парламенттегі аты бар да, заты жоқ, «сынауға» себеп болмас үшін енгізілген партиялардың саяси сахнадағы орнын әділ сайлау өткізу арқылы анықтай­тын кез келді. Әділет­ті Қазақстанның жаңа Парламентін жасақтарда жаңа партиялардың келуіне, тіркелуіне неге қарсы болуымыз керек? Сынды қабылдап үйренуіміз өзіміз­ге үлкен пайда. Партиялардың өзара бәсекелестігі­нен ұтатын мемлекет пен халық қана. Халық – дана. Сенің әрбір іс-әрекетің оған айнадағыдай көрініп тұрады. Осы орайда мажоритарлық, яғни бір мандатты округтен сайлану мүмкіндігі қайтарылғаны өте орынды. Бұл еш партияда жоқ адамдарға да сайлауға түсуге мүмкіндік береді. Өйт­кені таразының екінші басында халық сенімі тұрады.

Екінші мәселе. «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. «Заманның ыңғайы­мен жаңаша ойлау мен қазақша ойлау­дың» ара­жігін ажырата алмай қалған мем­­лекеттік билік күйзеліске ұшы­ра­ды. Оның соңы Жаңаөзен, Қаңтар оқиға­сына әкеліп соқты, мемлекет мүд­де­сін арқалаған ұлт азаматтарына деген сенімге халық тарапынан сел­кеу түсті. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе – оның салдарымен күресу, түпкі себептерін анықтау, кінәлілерді жауапкершілікке тарту, сонымен қатар халықтың жаппай наразылығын тудыратын мәселелердің алдын алу. Бұл мәселеде қайтадан азаматтарымыздың әділдікке деген сенімін өшіріп алма­ғанымыз абзал. Қашанда тәтті өтіріктен ащы шындық қымбат. Егер шындықты айта алсақ, әрі қарай өзімізге жеңіл болады. Оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлімжеттігі ашылса елдің де ашу-ызасы тоқтайды. Ешбір елдің ішкі проблемасын сырт ел шешіп бермейді. Керісінше, елді тұқыр­туға пайдаланатынын саналы, оқыған азаматтарымыз түсінуі керек. Ел басына күн туса, алдымен есепке алынатын, қатардағы азаматтардың еңсесін көтеруі, мемлекеттің өз азаматтарының алдында беті ашық болуы біз үшін өте маңызды.

Үшінші мәселе – сот жүйесі мен құқық қорғау органдарындағы түйткіл­дер. Бұл екі сала түбегейлі реформаны қажет етеді. Халық әділдікті қалай­ды. Өйткені ашық қоғамда әділет­сіз­дікті жасыру қиын. Ел сенімін аяқ ас­ты еткен салалардың негізгісі осы екеуі. Қаншама жазықсыз, қолдан жасал­ған айыппен азаматтарымыз істі болды. Өкінішке қарай, айыптаушы ор­гандардың тұжырымдарын сот­тар өз шешімдеріне көшіре салу факті­лері тіркелді. Адвокаттардың да рөлі төмен. Әділетсіз шешім шығарды деген әрбір азамат бүгінде ашық ақпарат көздеріне дәлелдемелерін салып, заңды белінен басқан жүйенің кемшілігін жария ете алады. Мысалы, АҚШ халқы әділдікті соттан іздейді, соған жүгінеді, әділетсіздікке жол бермейтініне сенеді. Америка қоғамында осындай пікір қалыптасқан. Сот тәуелсіз болмай, әділет орнайды дегенге жеке басым сенбеймін. Сот түзелмей, ел түзелмейді. Сот жүйесіне тәуелсіздік керек. Турасын айтсақ «Әділетті Қазақстан» атауының өзегі болып тұрған сөз – әділет ұғымын білдіреді емес пе?

Ес білгелі Отанға қызмет етуді жоға­ры мәртебе санап, Алланың берген саналы ғұмырын елдік қызметке жұмсадық. Шүкір, абыройсыз болмадық. Біз үшін абырой өлшемі – жаман атаққа қалмау. Себебі алдыңғы буын тәрбие мен білімді бойымызға елдің қажетін өтейтін құрал етіп сіңірді. Сол себепті өндірістік ортада қызмет еткен маман ретінде айтарымыз ел басшыларының құлағына жетеді деген үміттеміз.

Елімізде жұмыс орындарының тапшылығы сезіледі. Қара жұмысты мен­сінбеу немесе ақысы аз деп көпшілігі бармайды деп сылтау айту орынсыз. Басты мәселе – ұйымдастыруда.

Мәселен, 1991-1992 жылдары Маң­ғыс­тау облысы әкімінің орынбасары бола жүріп, шаруашылықты қайта құру, реформалау жұмыстарына басшылық жасадым. Осы кезеңде нарық экономикасын үйрену, оны терең оқу қажеттілігі туындады. Басшы кадрларды шетелдерге оқуға жіберу ұйғарылды. Мен ТМД елдерінен арнайы іріктелген басшы қызметкерлер қатарында АҚШ-қа жол тарттым. Бұл кезде жасым қырықтың ауылына келген еді. Бостон қаласындағы Массачусетс университетінде оқып, ағылшын тілін үйреніп, қаржы, банк жүйесі, менеджмент, маркетинг және еркін нарық ұйымдастыруды меңгердім. АҚШ-та елге инвестиция тартып, елі­міздің оң имиджін қалыптастыру жолында сол жақта біраз жыл қызмет ету қажеттілігі туындады. Оған қоса Техас штатының Хьюстон қаласындағы «Anglo-Dutch Petroleum International» компа­ниясы шетел инвестициялары жөніндегі директорлық қызметке шақырды. Жаңа жағдай, жаңа жұмысқа бір-екі жылдың ішінде үйреніп, 2000 жылы қызметім жоғарылап, осы ком­панияның вице-прези­денті болдым. Осы компанияда қыз­мет жасай жүріп, шетелдік маман­дар­мен бірге Қазақстан мен ТМД ел­дерін­дегі мұнай кен орындарын игерудің жобалық құжаттарын жасақтауға араластым.

Мемлекеттің жаңа жолға түсіп, ха­лық­пен арадағы сенім лимитін көтеру­дің тағы бір айқын жолы – ауылдық жерлердегі үздік қана емес, білімі орташадан жоғары оқушылардың белгілі бір санын алыс-жақын шетелге білім алуға жіберіп отыру. Егер бұл шара мем­лекет бюджетіне салмақ десек, мұны әр об­лыстағы ірі кәсіпорындармен мәмі­ле жасасып, қажетті мамандарды өздері даярлап шығаруға атсалы­суын қадағалау қажет. Яғни өзіне қажет­ті маманды аймақ өздері дайында­уы нәтижесінде болашақта жұмыс із­деу қажеттілігі, жұмыс орындарының тапшылығы өздігінен жойылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаевтың өркениетті елдердің әлемдік деңгейдегі ЖОО-ның филиалдарын ашу пәрмені, елдегі білім деңгейін көтеруге септігі тиетіні сөзсіз.

Біздің ең үлкен байлығымыз – білімді жастар. Еліміздің өркендеуіне емес, сырттың ғылымын көркейтуге қызмет етіп жүрген алтын басты жастарымызды көргенде кеудемізді өкініш өртейді. Білімді азамат құрғақ сөз, бос іске жоламайды, түрлі қаңқуға назар бұрмайды. Олар өздеріне жүк­тел­ген миссияны біледі, сол үшін жұмыс істейді. Жемісімен мақтанады. Мәсе­лен, олардың қатарында ғалымдар – Алмаз Шарманов пен Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты ерекше атап өткім келеді. Бұл азаматтардың ұлтшылдығы – бір төбе, ғалымдығы – бір төбе. Ғылым – кез келген елдегі инновациялық даму мен прогрестің басты қозғаушы күші. Ал Қазақстанның даму деңгейін тұрақты түрде алға жетелейтін ұрпақты біліммен қаруландыру – біздің қолымызда.

Еліміздің атқа мінген азаматтарының басты міндеті – қоғам тынысын, ел ішінің тамырын тап басып, әлеуметтік әділет­сіздік орын алған мәселелі тұстар­ды реттеп отыру. Ол үшін БАҚ-ты осы бағытқа бұруымыз қажет. Өзекті мәсе­лелерді көтеруге тыйым салмасақ, қоғам тынысы бұйрықсыз-ақ реттеледі.

Пандемияға байланысты соңғы екі жыл ішінде мұғалімдер онлайн оқытудың тиімді әдістерін үйрену арқылы ізденіс­ке түсті. Мектеп мұғалімдері мен оқу­шылардың, әсіресе ауылдық жердегі тұрғындардың цифрлық сауаттылығы біршама артты. Енді ел ішіндегі білімді, құрметті демалысқа шыққан мықты мамандарды жүйелеп, жастармен жұмыс істеуге неге тартпасқа? Өндіріс ошақтарында үздіктер қатарында болған мамандарды әлі де болашақ қызметіне пайдалану керек. Өзім қызмет етіп жүрген мұнай-газ кешені ардагерлері бірлестігінің құрамында 20 ғылым кандидаты мен докторы, 30-дан астам ірі өндіріс құрылымдарын басқарған азамат бар. Олардың өндірістегі мол тәжірибесі мен білім-біліктілігін назарға ала отырып, әлеуетін барынша пайдаға жаратқан екі жаққа да тиімді.

Елді алаңдататын ендігі үлкен мәселе – денсаулық. Әлеуметтік желілерде ауыр дертке ұшырағандарға халықтан жылу іздеп, қаржы жинаған азаматтардың парақшалары көбейді. Сырқат жандар­дың басым көбі емін Корея, Германия, Израиль, Түркия секілді медициналық туризмі дамыған елдерден іздейді. Осы орайда шетелдік медицина клиникаларымен бірге өзімізде бірлескен құрылымдар құру туралы мәселені неге көтермеске? Шетелге шығып төлейтін төлемді өз еліңде төлесең, ең болмағанда азаматтарымыз сабылып, емге деген қаражатын жолға шығын етпей, басқа елдің клиникасының табалдырығын тоздырмас еді.

Қордаланған бұл мәселелерді шешу – бәрі бір адамның мойнына артылады дегеннен аулақпыз. «Әділеттілік болмаса даму да болмайды, реформа да болмайды. Тіпті ештеңе де болмайды» деп Президент Қ.Тоқаев айтқандай, әділдік пен шындық еңбектеген баладан еңкейген кәрімізге дейінгі әр азаматтың негізгі ұранына айналса екен деймін. «Әділдік деген осы екен» деп, елдің бірлігіне зияны тиер әрекеттерге де баруға болмайды. Сондықтан кез келген мәселеде сала маманына құлақ түріп, сөзі өтімді, толқыған елді тоқтата алатын, сыни ойлауға қабілетті азаматтар легін даярлағанымыз абзал. Алаш азаматтарының басы біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Тек «аққу, шаян һәм шортан» болмауымыз маңызды.

 

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,

қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы