КЕКІЛБАЕВ КЕҢІСТІГІ

 

Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 6-шы жұлдызында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайрткері Әбіш Кекілбаевтың туған күніне орай Ұлттық академиялық кітапханада “Кекілбаев кеңістігі” тақырыбына дөңгелек стол өтті. Бұл басқосуға Астана зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. Жиынды жазушылар одағының мүшесі А.Кеңшілікұлы кіріспе сөзбен ашып, алғашқы сөзді тарих ғылымының докторы Т.Жұртбайға берді. Ол өз сөзінде Ә.Кекілбаевтың өмір жолында өзі куә болған, кейін “Әбіштің үш көз жасы” деп жазған шығармасын қысқаша айтып берді. Келесі сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, “МГКА” РҚБ Кеңесінің мүшесі З.Алшымбаев — Абайы бар елде арман жоқ десек, Әбіші бар Маңғыстау елінің маңдайының бес елі бағы бар дей келе, Әбіштің ұстазы З.Қабдоловтың “ Әуезов қазақ әдебиеті деген арғымақтың алтын жалы болса, Кекілбаев оның күміс кекілі” деп баға бергенін еске салды. Заңғар жазушының мектепте оқып жүрген кезден қоғам көзіне көрініп әділетшіл болғанын, өмірінің 40 жылдан астамы өткен Алматы шаhарында әлемге әйгілі болған шығармаларын жазып атақ пен даңққа бөленгенін, кейінгі 17 жылы азат елінің жүрегі Астанада тәуелсіздігімізді баянды ету жолында жоғары лауазымды қызметтер атқарғанын, сонымен бірге 1990-2015 жылдар аралығында тек қана “Егемен Қазақстан” газетінде көлемді 144 саяси-публицистикалық мақалалары жарияланғанына, олардың жаңа қоғам құрылымының идеологиялық негізі болғанын, мысалдар келтіріп, талдап айтып берді.

Жиында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары С.Абдрахманов, Е.Жанбуршин, С.Мұсабаев, филология ғылымының докторы С.Негимов, тарих ғылымының докторы Ж.Қуанышев, жазушылар Ә.Асқаров, Қ.Жиенбай өздерінің қызықты естеліктерімен бөлісті. Кекілбаев кеңістігінің тұңғиық терең екендігіне, терең зерттеулер жалғасын тауып, ЖОО -да “Әбіштану оқулары” жүргізілуінің қажеттігіне назар аударды. Қазіргі геосаяси тұрғысынан өзгермелі- құбылмалы кезеңде, жаңа, әділетті қоғам құру жолында Ә.Кекілбаевтай қоғам тынысын тамыршыдай дәл танитын, алдағыны болжай алатын, сұңғыла ойшыл, аузы дуалы, сөзі өтімді, шешен азаматтың жетіспейтінін — оның көсемсөздерінің бүгінде актуальды екендігі атап айтылды.

Оның көсемсөздері елді бірлікке, ынтымаққа, отан сүюшілік патриотизмге, халқымызды адамзат шеруінің алдыңғы сапына ұмтылуға, өркениет көшінен қалыс қалмауға шақырған үндеу іспетті болатын. Ә.Кекілбаев артына ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің ұрпаққа үлгі болар өнегесін көрсетіп, оны халқына аманаттап кетті деп айтуымызға болады. Ол екі қайталанбайтын тұлға. Жиын соңында заңғар жазушының немересі А.Кекілбаев бүкіл әулетінің атынан жиынды ұйымдастырушылар мен қатысқан зиялы қауымға шын ықыласты алғысын білдірді.

“МГКА” РҚБ АППАРАТЫ