Ғасырлық тарихы бар Ембідей қара шаңырағымыздың дүбірлі тойына қатысып, киелі өңіріміздің кешегісі мен бүгінгісіне еңбектерімен үлес қосқан жаны жайсаң жақсылармен жүздестік, ізетті кішілердің ілтипатына бөлендік, еңбегіміз бағаланып марапатталдық.
«Ембімұнайгаз» АҚ 100 жыл толуына орай АҚ белгіленген әр түрлі шаралардың ішінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың кейбірін атап өтсек-зейнеткерлердің Түркістанға саяхатқа баруы, М.Әуезов атындаға драма театрының қойылымдарын Атырауда тамашалау, мүмкіндігі шектеулі үлкендер мен балаларға, тұрмыс жағдайы нашар жандарға әлеуметтік тұрғыдан бұрыннан көрсетілетін қайырымдылық акциясын өткізіп отыруын жалғастырды.
Атаулы мерекені акционерлік қоғамға қарасты мекемелердің жұмысшы-қызметкерлерімен бірге зейнеткер мұнайшылар да елеңдей күткенбіз, міне шілденің 21 күні Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театрында салтанатты жиынға қатыстық. Сахнаның төріндегі экраннан өткен тарихқа шолу жасалып, сол бабалардың ізгі істерін жалғастырушы бүгінгі ерлердің еңбектері баяндалды. «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Есқазиев Қ.О. жиынға келген мұнайшыларды құттықтап, әкеден балаға жалғасып келе жатырған мұнайшылар отбасының өкілдерін марапаттады. Одан соң «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы Есен Қайыржанұлы бұрын осы қоғамды басқарған, бүгінде құрметті зейнет демалысындағы мұнайшы ардагерлерді марапаттады. Ембімұнайгаз АҚ басшысының орынбасары Қасымғалиев Қ.М. бүгінгі салтанатты жиынға шақырылған 30 ардагерді марапаттаған соң, осы ардагерлердің атынан мерекемен құттықтау құрметі маған тиді. Бір-бірімізге айтылған жақсы лебіздер легі мерекелік дастархан басында жалғасты. 100 жылдыққа арналған мерекелік жиындар «Ембімұнайгаз» АҚ әр мекемесінде аталып өтті, соның бірі «Жылыоймұнайгаз» МГӨБасқармасындағы өткізілген шараға жылыойлықтар да жақсы табыстармен жетіп, тек өндірісте ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да қайырымдылық акциясы бойынша «Жомарт жүрек» атағына ие болды.
Думанды мерекенің қортынды жиыны қырқүйектің 2 күні Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театрында тағы салтанатты бас қосумен өтті. Бұл мерекеге Қазақстан Республикасы премьер министрі Алихан Асханович Смаилов қатысып, мұнайшыларды, ардагерлерді құттықтап, марапаттады. Мерейтойға арналған концертте Ә.Дінішев, Музарт, Т.Забирова тағы басқа танымал өнер иелері өнер көрсетті. Марапаттау рәсімі мерекелік дастархан басында да жалғасты.
Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған «Ембімұнайгаз» АҚ 100 жылдық мерейтойына арналған осынау ауқымды шараны ұйымдастырып, мерекенің өз деңгейінде өтуіне бас болған «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы Есен Қайыржанұлына, орынбасарлары Қ.М.Қасымғалиевқа, Р.Н.Тасмағанбетоваға және осы шараға атсалысқан АҚ қызметкерлеріне ризашылық алғысымызды білдіреміз. Киелі өңіріміздің қазынасын игерудегі жеткен жетістіктерді ілгері жетістіре беруге әрқайсысына еңбекте табысты болып, отбасының амандығын тілейміз! Игілікті істер мен жарқын жеңістер легі сарқылмасын!
Мұстахима Малашқызы, мұнайшы-зейнеткер, Жылыоймұнайгаз МГӨБ ардагерлер кеңесінің төрайымы,
Жылыой ауданының Құрметті Азаматы.