Семинар жайындағы ойларым

24 тамыз 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикалық Ұлттық Академиялық кітапханасының «Конституция» залында Республикалық «Мұнай-газ кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ембімұнайгаз» АҚ – 100 жыл толуына арналған «Ғасырлық дәстүр – тұрақты даму» атты семинар өтті. Семинарды өткізуге «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ серіктес болды.

  Семинарға қатысушылар қатарында мұнайгаз саласының ардагерлері, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері, ақпарат қызметтері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ журналистері мен ғалымдар болды.

  Семинарға тікелей қатыса алмайтындар үшін Onlin ZOOM платформасы жұмыс жасап тұрды. «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері Атырау қаласындағы орталық офисіндегі конференцзалға жиналып және Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Атырау, Маңғыстау, Қызылорда өңірлеріндегі филиалдарының басшылары осы Onlin ZOOM платформасы арқылы қатысып отырды да, Ақтөбе өңірлік филиалының басшысы тікелей Offlin қатысты. Мен де осы шараға Onlin ZOOM платформасы арқылы қатысуға шақыру алып, қатыстым.

  Семинарды Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Бас директоры Анатолы Орынғалиұлы Тегісбаев ашып, қысқаша құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысын басқарып, жүргізіп отырды.

  Алғаш сөз кезегін алған Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Кеңесінің төрағасы, мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, ғылым докторы, академик Ұзақбай Қарабалин, одан кейін сөз алған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ вице-президенті, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылым докторы Құрманғазы Исқазиев болды. Рет ретімен, өздеріне кезек келгенде сөз сөйлеген адамдар көп болды. Onlin ZOOM платформасы арқылы қатысып отырған филиалдың өңірлік басшылары да, Ембі мұнайының көптеген ардагерлері де өздерінің жүрекжарды  құттықтауларын жолдап, қазіргі таңда  бес мыңдай мұнайшылары бар Қара Шаңырақ «Ембімұнайгаздың» тарихына тоқталып, осы ғасырлық тойына қандай жетістіктерімен жеткеніне де тоқталып өтті. Мысалы, Атырау өңірлік филиалының басшысы, Атырау қоғамдық кеңесінің төрағасы Мақсым Ізбасов Ембі атауының қалай шыққаны жөніндегі тарихты айтқаны маған ұнады. Біліп жүретін боламыз.

  Ембімұнай тресі 1922 құрылып, Қазақстанның экономикасына, гүлденіп көркеюіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан байырғы, іргелі мекеме. Еліміздің мұнай-газ байлығының бастауында тұрған Кәрі Шаңырақ. Елдің бәріне де белгілі жайт, Ембі мұнайы және бүкіл Қазақстанның мұнайы 1899 жылы Қарашүңгіл алаңынан бастау алғаны, осы күннен бастап қазақ мұнайының алтын тарихы басталғаны. Бірақ, негізгі мұнай өндірісі 1911 жылы ашылған Доссор алаңынан басталатыны анық. Доссордағы мұнай өндірісінде қазақ елінің жұмысшы табы қалыптасып, бір кездегі ауыл шаруашылығымен ғана күн көріп келген аграрлы қазақ елінде алғаш рет өндіріс пайда болғаны, бастау алғаны белгілі. Ең бастысы, Доссорда қазақ мұнайының алғашқы білікті мамандары тәрбиеленіп, өсіп шыққаны және олардың қазақ елінің мұнай-газ байлығы бар алаңдарды іздеп тауып, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда сияқты өңірлердің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал еткені. Доссор қазақ мұнайының мамандар даярлайтын ҰСТАХАНАСЫ екені белгілі, дәлелдеуді қажет етпейтіні анық шындық.  Ембі мұнайының әлемге танылуы тек 1911 жылы Доссор мұнайының игерілуімен байланыстырылады. Доссор кен орнының ашылуы Ембі өндірісін өзге елдерге танымал етті. Сол кездегі ғалымдар Доссор мұнайының құрамын Баку жерінде өндірілген «қара алтынның» сапасынан да жоғары деп бағалады. Міне, осыдан кейін ғана өзге елдердің Ембі мұнайына деген қызығушылығы артты. Қазақ мұнайының алғаш табылуы Қарашүңгіл, мұнай өндірісі Доссор болғанымен, Ембі өңіріндегі мұнай іздестіру жұмыстары 1892 жылы Ескене кенорнында, ал, 1893 жылы барлау жұмыстары Доссор, Қаратон, Мақат, Қарашүңгіл жерлерінде жалғасқанын семинарда сөз алған құттықтаушылар атап өтті.

  Құттықтау сөз алғандардың барлығы да тек тарихқа үңіле бермей, мұнай-газ саласының қазіргі жайына да, болашағына да көз жіберді. Қара Шаңырақтағы мұнай өндіретін ірі басқармаларда заманауи өндіріс басқару тәсілдерін, технологиялық әдістерді батыл енгізіліп, оңтайландыру ісі де біршама жолға қойылғанын атап өткендер болды. Мысалы,  «Ембімұнайгаз» АҚ құрамындағы ірі кәсіпшілік «Қайнармұнайгаз» басқармасының Уаз кен алаңында пилоттық негізде «Интеллектуалды кен алаңы» концепциясы және «Материалдық-техникалық қамту барысын оңтайландыру» жобасы іске қосылған екен. 2016 жылдан бастап қолға алынған «Интелектуалды кен алаңы» жобасы бүгінде «Сандық Қазақстан» республикалық бағдарламасына еніп, Ембі өндірісіндегі 10-ға тарта кен алаңына тарап отыр. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның барлық өндірістік басқармаларында «Интеллектуалдық кен алаңы» жобасы аясында жедел әрекет ету орталықтары іске қосылғанын естідік.

  Сонымен қатар, білімді жергілікті, қазақстандық өз кадрларымызды дайындау мақсатында 2015 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ «Дуалды оқыту бағдарламасы»  жобасы іске қосылыпты. Жоба жүзеге аса бастаған жылдар ішінде Компания С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжімен әріптестік байланыс орнатқан.  Студенттер 14 күн бойы вахталық әдіспен кен алаңдарында тәжірибе жинақтаса, 14 күнде өз білім ордаларында теориялық білім алады. Оларды оқыту, тамақтандыру, жатын орынмен, арнайы киіммен және өтемақы төлемдерімен қамту шығындарын компания өтейді. Тәжірибеден сәтті өткен студенттерді тесттік жүйедегі сынаққа жіберіп, жақсы нәтиже көрсеткендердің арасында іріктеу арқылы жұмысқа қабылдау жүзеге асуда. Семинарда естіген бұл хабарды да қуанарлық жағдай екен деп іштей құптап отырдық.

  Әрине, еліміздің мұнай-газ саласына өлшеусіз еңбек сіңірген, баға жетпес тәжірибе жинақтаған ардагерлердің алатын орны ерек екені түсінікті. Семинар барысында ардагерлердің басын қосып, біріктіріп, олардың өмірде жинақтаған мол тәжірибесін пайдаға асырып, әртүрлі іс-шараларға ұйтқы болып, өсіп келе жатырған жастарға бағыт-бағдар беріп отырған Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жұмысына да оң баға беріп, тоқталып өткен мұнайшылар баршылық. Қоғамдық бірлестіктің жасап жатқан көптеген өнегелі істерінің бір айғағы осы семинар болары анық.

  Семинар жұмысы аяқтала бере, қортынды, түйінді сөзді модератор Анатолы Орынғалиұлы Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Кеңесінің төрағасы, мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, ғылым докторы, академик Ұзақбай Қарабалинге жолдады. Ұзақбай ағамыз барлық мұнайшыларды келе жатқан мұнайшылар күні мерекесімен және де соған орайлас тойланатын Қара Шаңырақ «Ембімұнайгаз» АҚ ғасырлық мерейлі тойымен құттықтап, жақсы тілектер жолдап, Атырау қаласындағы тойда кездескенше күн жақсы болсын деп қысқаша тоқетер сөзін аяқтады.

  Семинар жұмысы осымен аяқталды. Семинарға қатысушы барлық өңірлермен тікелей байланыс орнатып мүлтіксіз қызмет көрсеткен Onlin ZOOM платформасы да жабылды.

  Осындай іс-шаралар алдағы күндерде де бола бергені, жалғасын тапқаны дұрыс болар еді. Қандайда бір өзекті мәселе төңірегінде «пікірталастар алаңына» айналса да керемет болар еді. Ұтпасақ, ұтылмаймыз. Пайдалы екені сөзсіз. Мұнай-газ саласындағы жаңалықтарды, алға қойған жоспарларды БАҚ арқылы оқып, білген бір бөлек, ал соларды осындай Onlin ZOOM платформасы арқылы басқосуда тікелей тыңдаған ерекше әсер береді.

    Қазақ мұнайының Қара Шаңырағы «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерін, ардагерлерін ҒАСЫР толу мерейлі тойымен құттықтаймын! Барлығына да толағай табыстар тілеп, еліміздің экономикасының локомотиві болып алға қарай қарыштап дами бергей деген тілегім бар!

  Алдағы келе жатқан МҰНАЙШЫЛАР КҮНІ  мерекесі құтты болсын!

  Республикалық «Мұнайгаз кешені ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жұмысына сәттілік серік болғай! Алға қойған мақсаттары орындала бергей!

   Семинарға қатысуға шақыру жолдаған Анатолы Орынғалиұлына рахмет айтамын!

  Семинар табысты аяқталды, өзіне жүктелген міндетін сәтімен атқарып шықты деген баға беремін!

Бисенбай Бисенғалиев

«Жер қойнауын барлаудың үздігі», ардагер геолог-барлаушы.

Ақтау.

25.08.2022 ж.