Ардагер мұнайшылардың еңбегі бағаланды

Шілде айының жетісі күні Жаңаөзен қалалық ардагерлер үйінде қаламыздың ардагерлерінің қатысуымен жиын өтті.

Жиын барысында Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға жеке үлес қосқан мұнайшы ардагерлердің ұзақ және жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің «Қазастан мұнайына 120 жыл» мерейтолық медалі «Өзенмұнайгаз» АҚ-да аянбай еңбек етіп құрмет демалысына кеткен бірқатар ардагер мұнайшылары  Т.Дошанов, И.Көшербаев, А.Джумалива, Б.Өтебаев, Т.Усенов, Ж.Нұрмағанбетов, С.Калканов, Т.Бекменбетовке  ардагер мұнайшы Б.Қарамұрзаев табыстады. Ардагер мұнайшылар Қазақ мұнайының дамуында атқарған жұмысының бағаланғанына қуанып, марапаттың табысталуына үлес қосқан Майлыбай Өтебаевқа ризашылығын білдірді.

-Ертеден бері қарай атқарған  жұмысымыз ескеріліп марапатталып отырмыз.  Өзен мұнайы өркендеп өсе берсін. Осы мұнайды өндіруде ерен еңбек еткен ардагерлер құрметтеліп, мұнай өнімі арта берсін деймін, — дейді ардегер мұнайшы Исламбек Көшербаев.

Сондай-ақ аталған жиында қалалық Ардагерлер үйінің төрағасы Жүзбай Күмісбаев Жаңаөзен қаласында уәкілдігі құрылғалы отырған «Мұнай – Газ кешенінің ардагерлері»   республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде Майлыбай Өтебаев ұсынылғанын айтты.

Айта кетер болсақ, еліміздің байлығы қара алтынды өндіруде сүбелі үлес қосу жолында аянбай еңбек еткен Қазақ мұнайының ардагерлерінің  еңбегін бағалау, ардақтау мақсатында 2020 жылы «Мұнай – Газ кешенінің ардагерлері»   республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын.

Республикалық қоғамдық бірлестіктің штабы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінде  16 филиалы бар. Құрамында Республика бойынша 430 мүше бар,  соның ішінде 30 ардагер мұнайшы  Жаңаөзен қаласынан.  Ағымдағы жылы Жаңаөзен қаласында өкілдігін ашу жоспарланған және республикалық қоғамдық бірлестік мүшелерінің ұсынысымен  ардагер мұнайшы, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Майлыбай Өтебаев өкілі болу жоспарланып отыр.

2 жылдан бері белсенді жұмыс атқарып келе жатқан қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті:

Ардагерлердің Мұнай — газ саласын дамытудағы кешенді тәжірибесі мен қуатын пайдалану арқылы жас мамандарға тәрбие мен кәсіби бағыт бағдар беру;

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі дамуының қаһармандық кезеңдерінің тарихын есте  сақтау;

Ардагерлерді мүмкін болатын еңбек және шығармашылық қызметке тарту, салауатты өмір салтын белсенді насихаттау, экскурсиялар, сауықтыру және мәдени іс-шаралар, спорттық іс-шаралар мен турнирлер ұйымдастыру арқылы олардың денсаулығын нығайтуды жоспарлап отыр.

Мадина ӨТЕЖАНОВА.