АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЗАМАТ

Өмірде көздеген мақсатынан таймай, мықты ерік-жігерінің арқасында таудай талабымен ауылдан шығып, ел құрметтейтін белеске көтерілген азаматтың бірі – Ирак Елекеев.
Ол 1947 жылы қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын ауыр жұмыстан бастап, өмір мектебінде шыңдалды. Оқу іздеп Алматыға барады. Ол заманда оқуға түсу оңай емес. Тек ҚазМУ-да ғана жалғыз заң факультеті бар еді. Сол себепті Алматы №3 кірпіш зауытында қарапайым мотористен мастерге дейін көтеріледі. Бірақ осы салада нақты мамандығы болмаса да, зауыт директоры Коммунистік партия қатарына өту жөнінде өз ұсынысын айтып, «Партияда болсаң, оқуға да түсесің, қызметте де өсесің»,- дейді. Ал жас Ирак «үлкен жауапкершілік жүктеледі, партия мүшесі болуға әлі дайын емеспін» деп жауап береді.
Тағы бір дерек. Алматы қаласындағы қазіргі «Хабар» агенттігі орналасқан ғимарат төңірегінде кірпіш зауытының басқармасы және жұмысшылары тұратын бір қабатты барактары болды. Зауыт директоры бір күні жас жігітті шақырып алып: «Ирак, мына жерде екі бөлмелі үй босап жатыр, соны сен ал. Саған беруді лайық деп отырмыз»,- депті. И.Елекеев аталған зауыттың комсомол ұйымының хатшысы және оның қалай жұмыс істейтінін, белсенді ұқыпты екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ ол: «Алматыға оқуға түсуге келдім, үй алуға келген жоқпын» деп үйді алудан бас тартқан екен.
Жалынды жастық шақтағы бастан кешкен оқиғаны айта келіп: И.Қ.Елекеев: «Олар маған жақсылық істегісі келді. Бірақ менің бас тартқаныма олар таңғалды. Сол жүргенде қала тұрғыны болып тіркелмегенмін, яғни, өзімде «прописка» жоқ. Үйді алсам, тұрғылықты жерім болады ғой. Оны ескермеппін. Ол кезде жұмысқа кіру үшін тіркелген болуың керек қой. Бір қарағанда, «пропискасыз» жұмыс істеп жүргенімнің өзі заң бұзушылық. Басты арманым оқуға түсу болды. Сол себепті дайындық курсына түстім. Әрі зауытта жұмыс жасадым. Ол кезде үш ауысымдық болды. Түнгі сағат 12-ден таңғы 8-ге дейін жұмыс жасаймыз. Күндіз оқуыма барамын да, кешке ұйықтап аламын»,- деп сол бір кезеңді еске алды.
1977 жылы қазіргі Әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, заңгер-құқықтанушы мамандығын алды. Білікті заңгер ретінде қызмет жолын киелі Маңғыстау өңірінен бастады. Онда облыстық соттың судьясы, кейін облыстық әділет бөлімі бастығының орынбасары болды. 1988-1995 жылдары Гурьев облыстық әділет басқармасының бастығы лауазымын атқарды. Сол кезеңде халықтың қолдауына ие болып, Мәжіліс депутаты болып сайланды. Одан соң, ҚР Парламенті Мәжiлiсі Аппаратының бастығы, ҚР Әділет министрінің орынбасары, ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, кейін төрағасы лауазымдарында болып, абырой биігінен көрінді. 2009-2011 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылымының депутаты болды және қоғамға қажетті заңдардың қабылдануына күш-қайратын жұмсады.
Осы ретте, ел алдында жүрген азамат туралы замандастары пайымды пікірлерін алға тартты.
Қоғам қайраткері, саясаткер Зейнолла Алшымбаев заң саласының еңбек сіңірген қызметкері дәрежесіне көтерілген біздің кейіпкерімізді 1970 жылдардан бері жақсы біледі. И.Елекеев кәсіби мамандығы бойынша қызметтің ең төменгі сатысынан бастап еңбек еткенін, қызметтің барлық деңгейінен өтіп, мол тәжірибе жинағанын, соның арқасында депутат болып сайланған кезде заң шығару ісінде де серпіліп, белсенділігімен жарқырай көрінгенін ерекше айтып өтті. Одан әрі З.Алшымбаев: «Ирак Қасымұлы – қазақ қоғамының көзінде жүрген бірегей азамат. Жұртшылық тарапынан мұндай баға алу әр адамның бойындағы асыл қасиеттеріне, білімі мен біліктілігіне, іскерлігіне, қызметтегі шебер ұйымдастырушылық қабілетіне тікелей байланысты. Бір жайтты айтып өтейін. Ирак Қасымұлы 1970-80 жылдары қызмет жолын бастаған кезде оның туған нағашысы республика басшыларының бірі болды. Бірақ ол оны ешуақытта аузына алып, ешкімге айтқан да емес. Біз де соңғы жылдары білдік. Міне, осыдан-ақ оның бойындағы адами кісілік, адалдық қасиетін көруге болады. Себебі ол ешуақытта «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп көрмеген адам. Барлық жетістіктеріне өз күшімен жетті. Осы күнге дейін қоғамдық белсенді қалпынан айныған емес. Қазір де Астана кәсіпкерлер кеңесін басқарады. Басқа да істерге қызу араласып жүр. Қашанда Иракты іздесеңіз, ол бір игілікті шараның басында жүреді»,- дейді.
Зейнолла Өтежанұлы Парламент қабырғасында бірге қызметтес болған әріптесінің тағы бір ерекшелігіне тоқталды. Ол ресми қызметте болмаса да, көптеген азаматтар И.Елекеевке арнайы барып, өздерінің мәселесін айтып, ақыл-кеңесін алып тұрады. Бәрінің де дұрыс бастамасы болса, қолдап отырады. Өзінің өміріндегі бағдаршамы – әділдік, адалдық, тазалық, турашылдық! Досқа адал азамат. Қазақта «Достың екі түрі бар: бірі адал дос, екіншісі амал дос болады» деп айтады ғой. Амал дос деген сенің лауазымыңа қарай төңірегіңе топтасатын, кейін қызметтен кеткеніңде жаныңнан табылмайтындар. Ал адал дос өмір бойы жаныңда болады. Қиналған кезіңде қолдау жасайды. Осы ойларын қорыта келе, З.Алшымбаев: «Ирак айналасындағы адамдарға жақсылықтың нұрын шашып жүреді. Ол ешкімге зәредей де қиянат жасамаған азамат. Егер бір жерде орын алған әділетсіздікті көрсе, заң бойынша қалпына келтіруге бар күшін салатын күрескерлік қасиеті де тұлғасына көрік беріп тұр. Сөйлеген сөзінен білімдарлығы, парасат-пайымының кеңдігі айқын сезіледі. Оның бойынан өзімшілдік, керітартпалық сияқты жат қылықтарды көрмейсің»,- деді.
И.Елекеев қашанда өз ортасында сыйлы, абыройлы. Оның азаматтық кескін-келбетін жақсы білетін жанның бірі – қоғам қайраткері, «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев. 1995 жылғы 9 желтоқсанда Парламенттің бірінші шақырылымына сайлау өтті. Сонда И.Елекеев депутаттыққа Атырау өңірінен сайланған болса, ал Т.Қуанышев Ақтөбе қаласында өткен додада жеңіске жетіп келген еді. Олар әуелі Алматы қаласында бас қосты. Кейін жаңа елордаға қоныс аударды. Екеуі де Мәжілістің Заңнама және сот-реформа комитетінде бірге қызмет істеді. Сол кезеңде қолданыстағы заңдар қоғамның талап-тілегіне жауап бере алмайтындай жағдайға жеткен еді. 1990 жылдардағы дағдарыстан шығу, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жаңа заңдардың қажеттігін көрсетіп берді. Дұрыс жұмыс істейтін заң жоқ жерде әділдік те болмайтыны анық. Сондықтан депутаттар алдында тәуелсіз еліміздің жаңа заң жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды. Парламент қабырғасында күн сайын заң жобалары қызу талқыланып жататын еді. Соның нәтижесінде елімізді ілгері бастыратын заңдар қабылданды. Осы істе Ирак Қасымұлының еңбегі орасан зор. Ол елдік, мемлекеттік мүддені көздейтін мәселелерді батыл қозғап, небір шиленіске түскен жағдайда өзінің азаматтық ұстанымын дәлелдеп, заң жобасына халықтың пайдасына шығатын ұтымды баптарды енгізіп, әрдайым табандылық көрсетті.
Сол бір кезеңнің ұмытылмас сәттерін еске түсірген Төлеген Шаңғытбайұлы: «Әр өңірдің тұрмыстық, тілдік ерекшелігі бар. Батыс аймағында жақсы көретін сыйлас ағаларының есіміне «ақа» деген сөзді қосып айтады. Сол қағидатты ұстана келе, мен де оны 1996 жылы танысқан кезден бері «Ирақа» деп құрметтеймін. И.Елекеев – болмысы ешкімге ұқсамайтын және қайталанбайтын тұлға. Көпшіл мінезімен, ашық жарқын қабағымен, айтатын терең ойларымен әр адамды өзіне баурап, тартып тұратын қасиеті бар. Қажымас қайраты мен шыншылдығы, заңгерлік терең білімі мен берік ұстанымы, жан-жақтылығы мен парасаттылығы талай адамды таңғалдырды. Соңғы жылдары атақты күйші-композитор Дина Нұрпейісоваға ескерткіш орнату мәселесін қолға алдық. Әуелі ұйымдастыру алқасы құрылып, 20-ға жуық мемлекет, өнер және қоғам қайраткерлері қол қойылған арнайы хат Президентке жолданды. Билік пен халық тарапынан қолдау тапқан осы ісіміз өз нәтижесін берді. Өткен жылы елордамыздың төрінде күй анасы Динаның еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл істе де Ирак Қасымұлының еңбегі өте мол. Комиссиялар отырыстарында ұсынысымыздың өтуіне өзінің күш-жігерін жұмсады. Халықтың қамын ойлайтын осындай сыйлы азаматтың әрдайым мерейі үстем болып, баянды да бақытты ғұмыр кеше беруін тілеймін»,- деді.
Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова: «Ирак Қасымұлы текті әулеттен шыққан адам ғой. Қазақ ондай адамды «босағасына бақыт байланған» дейді. Мәжіліс Аппаратының басшысы болған кезде іскерлік қабілетімен танылды. Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп пен тәртіпті сақтауын талап етті. Әсіресе, қыздардың жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстау мәдениетіне қатаң қарады. Қызметте жүрген адам қалай-солай киім кимеуі керек. Қысқа етекті көйлек киюге мүлдем тыйым салды. Ұлттық дәстүрдің сақталуына үлкен мән берді. Ер адамның алдынан қыз баланың кесіп өтпеуі қажет екенін ұғындырды. Парламент қабырғасында әр қызметкердің бір-бірімен жақсы сөйлесіп, сыйластықпен қызмет істеу дәстүрін қалыптастыра білді. Ол жүрген жері өнеге, жақсы адам. Ғұмыр жасы ұзақ болсын»,- деді.
Ирак Елекеев депутат болған кезінде еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ілгері бастыруға еңбек сіңірді. Атап айтқанда, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы Парламентаралық комитетінің құқықтық мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы (1996-1999) болып, халықаралық маңызды іс-шаралардың жоғары деңгейде жүзеге асуына, тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастықтағы мәртебесі биіктей түсуіне мол үлес қосты.
Парламентте және одан кейін «Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүрген кезінде оған еліміздің әр өңірінен хат жазып не арнайы келіп, өздерінің мұң-мұқтаждықтарын айтатын азаматтар көп болды. Соның бәріне көңіл бөліп, қолынан келгенше мәселелерін шешіп беруге тырысатын. Журналистердің де мүддесін қорғап, олардың тұрғын үймен қамтылуы заңмен шешімін табуы қажет екенін айтып келеді.
Ол – қазақ спортын дамытуға мүдделі жанның бірі. ҚР кикбоксинг федерациясының президенті қызметін қоса атқарды. Осы жекпе-жек спортының кең қанат жаюына және жарыстардың жоспарлы, жүйелі өтуіне басшылық жасады. Қазақ жастарының жарқырап көрінуіне жол ашты.
Ирак Қасымұлы ширек ғасырдай Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ел астанасының өсіп-өркендегенін өз көзімен көріп, жақсылығына қуанады. Қаладағы саябақтардың саны арта түскеніне көңілі марқаяды. Көбіне таза ауада серуендегенді жаны қалайды. Әлемнің дамыған елдерінің астанасындай көрікті, сәулетті, таза қалаға айналғанын, ал тұрғындарының білімді, зиялы, тәртіпті, мәдениетті болғанын қалайды. И.Елекеев Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде осы іске өзі де атсалысып келеді.
Қажырлы қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген заңгері. «Сот жүйесінің құрметті қызметкері». 2008 жылы Францияда Жеке сот орындаушыларының халықаралық одағының нұсқасы бойынша Жыл адамы ретінде мойындалған. Атырау облысының құрметті азаматы.
2010 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Ирак Қасымұлы жас кезінде журналист болуды армандағанын айтқан еді. Кейін сәтін салып, бұл арманына да қол жеткізді. 2012 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде «Көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі болды. Оған да үлкен дайындықтан өтті. Телехабар жүргізушісінің тікелей эфирде өзін-өзі ұстауы, сұхбат берушіге ұтымды, қысқа және нақты сұрақ қоя білуі, мәдениеттілік пен ізеттілікті сақтау, жауап беріп отырған адам мен көрерменнің арасын жалғастыра білу сияқты аса қажетті қасиеттерді меңгеріп алды. Осы жұмысын бірнеше жыл атқарып, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді көтере білді.
Зайыбы Ғалия Мақажанова екеуі ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ғалия Ақатайқызы Семей өңірінде туып-өскен. Мамандығы – заңгер. Алматыда Ирак Қасымұлымен бірге ҚазМУ-ін бітірген. Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарында сот саласында жауапты қызметтер атқарды. Ал 1997-2013 жылдар аралығында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды.
Бұл әулеттің екі ұлы мен қызы өмірде өз орындарын тапты, бүгінде бір-бір шаңырақ иесі атанды. Зейнет демалысындағы қос заңгер немерелердің қызығын көріп отыр.
Сүйген жарына қосылды, отбасында бала-шағасының қуанышына кенелді. Алған мамандығы бойынша еселі еңбек етті. Халықтың алғысына бөленді. Жас кезінде журналист болуды армандап еді, оған да қол жеткізді. Ендеше, Ирак Қасымұлын асқақ армандары орындалған азамат десек, қателеспейміз. Алдағы уақытта да жаңа реформаларды жүзеге асыруға белсенді араласып, ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөленіп, жарқылдап жүре беретініне сеніміміз мол.
А.Самиғоллаұлы, журналист.
Ирак Елекеевтің фотосуреттері (таңдап алу үшін):