Атырау қаласында орналасқан, атқаратын негізгі қызметінің мақсаты, мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау болып табылатын «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігі, жер асты қойнауының пайдалы қазба байлығын Қазақстанды мекендеген халықтың игілігіне жаратуда, елдегі экономикалық ахуалдың бірнеше еселеп артуына, тау-кен өндірісі кешеніне жататын геологбарлаушылар қауымдастығының ардагерлері мен салалық мамандарының атқарған еңбектері ұшан-теңіз.
«Атыраумұнайгазгеология» ӨГБ-нің тарихының негізі, дүние жүзін шарпыған, ССРО мен Германия елдерінің арасында болған соғыстың қаhарлы 1943-ші жылынан бастау алып, ССРО мемлекеттік қорғаныс комитетінің Қаулысының және Мұнай халық комиссариатының арнайы бұйрығының негізінде, Доссор поселкесінде құрылған «Қазақстаннефтеразведка» геологиялық барлау трестінен бастап желі тартады. Алғашқы жылдарда оның құрамында: Мақат бұрғылау кеңсесі және Құлсары бұрғылау кеңсесі деген екі бұрғылау өндірістік кәсіпорыны, Доссор жөндеу-механикалық шеберханасы және Доссор автокөлік мекемесі болды.
Ағымдағы 2023 жылдың күзінде, өзінің дәуірлеген заманында, мұнай және газ кен орындарын геологиялық іздестіру және барлау жұмыстарының қарашаңырағы саналған бұл кәсіпорынның құрылғанына 80 жыл, ал оның құрамдағы құрылымдық кәсіпорын – Құлсары бұрғылау кеңсесінің ізіндегі Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының құрылғанына 75 жыл толғаны еске оралады. Сондықтан да геологбарлаушылардың өмірден өткен Атаұрпақтарының және Ардагерлерінің рухтары шат болсын деген ниетпен, олардың жүріп өткен еңбек жолдарын еске түсіріп, қол жеткізген табыстарын мадақтай отырып, бүгінгі геологбарлаушы кәсібінің жолындағы жеткіншек жастарға, нақты тәлім мен тәрбиенің үлгісі болсын деген оймен, тарихи-хронологиялық желіде, осы тарихи-естелік және имани-танымдық мақаланы жазуға талап қылдық.
Сол мезгілдерден бері қарай аталған геологиялық барлау құрылымы – «Қазақстаннефтеразведка» тресті, бірнеше рет қайта құрып, өзгерту-түрлендіру талқысынан өтіп, 1958 жылы тамыз айының 18-і күні мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау жөніндегі Батыс Қазақстандық геологиялық басқармасы (Западно-Казахстанское геологическое управление – ЗКГУ), 1970 жылдың ақпан айында Гурьевтік ірілендірілген аумақтық мұнай барлау экспедициясы (Гурьевская укрупненная территориальная нефтеразведочная экспедиция – ГУТНРЭ), 1972 жылдың тамыз айында Қазақстанның мұнайлы батыс аймақтарында мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау жөніндегі «Қазақстаннефтегазразведка» геологиялық басқармасы, 1980 жылы Қазақстанның барлық мұнайлы аймақтарында мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау жөніндегі «Қазнефтегазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігі, 1981 жылы «Гурьевнефтегазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігі, ал 1992 жылдан бастап «Атыраумунайгазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігі атауларына ие болды.
Аталған жылдар аралығында, геологбарлаушылардың бас қарашаңырағы болған, мемлекеттік геологиялық барлау трестін, басқармалары мен өндірістік бірлестіктерін әр жылдарда: Тумбитский Н.А. (1943 ж.), Нестерев Андрей Федотович (1943-46 ж.ж.), Досмухамбетов Жолдасқали Ахметұлы (1946-51 ж.ж.), Сергеев Илья Андреевич (1951-53 ж.ж.), Тауманов Ерқожа Тауманұлы (1953-54 ж.ж.), Сағындықов Рахымжан Сағындықұлы (1954-56 ж.ж.), Комаров Павел Степанович (1956-58 ж.ж.), Гершман Наум Исаакович (1958-61 ж.ж.), Иванов Евгений Иванович (Қаз.ССР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бұйрығымен басқарма бастығы болып тағайындалды, 1961-68 ж.ж.), Жұмағалиев Таумыш Нұрышұлы (Қаз.ССР Геология министрлігінің бұйрығымен экспедиция бастығы болып тағайындалды, 1968-70 ж.ж.), Хахаев Билал Насыруллаұлы (Қаз.ССР Геология министрлігінің бұйрығымен басқарма бастығы болып тағайындалды, 1971-81 ж.ж.), Балғымбаев Салтанат Балғымбайұлы (Қаз.ССР Геология министрлігінің бұйрығымен бас директор болып тағайындалды, 1981-85 ж.ж.), Бердыгужин Роберт Орынбайұлы (Қаз.ССР Геология министрлігінің бұйрығымен бас директор болып тағайындалды, 1985-87 ж.ж.), Семенычев Г.А. (Қаз.ССР Геология министрлігінің бұйрығымен бас директор болып тағайындалды, 1987-88 ж.ж.), Хаиров Ғали Бағытжанұлы (баламалы негізде жарияланған ашық конкурстың жеңімпазы ретінде еңбек ұжымдарының жиналысында, Бас директор болып сайланды, 1988-93 ж.ж.) және Шәненов Келтір Мағұрыпұлы (Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің № 821 санды 1993 жылғы 4 қыркүйекте арнайы қабылдаған Қаулысымен, «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік геологиялық бірлестігінің негізінде қайта түрлендірілген, «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясына Президент болып тағайындалды, 1993-97 ж.ж.) табысты және абыройлы басшылық жасай білді.
Жоғарыда аталынған мемлекеттік құрылымдардың бас геологтары болып, әр жылдары: Авров Петр Яковлевич (1943-46 ж.ж.), Кочетков Иван Иванович (1946-54 ж.ж.), Имашев Нарен Орынбайұлы (1954-57 ж. ж.), Хакимов Ғалымжан Хакимұлы (1957-58 ж.ж.), Имашев Нарен Орынбайұлы (1959-70 ж. ж.), Нысанов Төлетай Кайтпайұлы (1970-72 ж.ж.), Құрманов Садуакас Кұрманович (1970-76 ж.ж.), Нысанов Төлетай Кайтпайұлы (1976-78 ж.ж.), Воцалевский Эдгард Славомирович (1978-87 ж.ж.), Қуандықов Балтабек Мұқанұлы (1986-91 ж.ж.), Есқожа Базар Аташұлы (1991-94 ж.ж.) және Маджанов Қуаныш Қабдолұлы (1994-2003 ж.ж.) табысты атқарды.
Кәсіпорынның бас инженерлері болып: Гузов Федор Павлович (1958-60 ж.ж.), Васильев Валентин Александрович (1960-62 ж.ж.), Черныш Михаил Антонович (1962-70 ж.ж.), Липсон Эльмар Августович (1970-76 ж.ж.), Утебаев Болат Қабиұлы (1976-82 ж.ж.), Барыльник А.А., Семенычев Г.А. және Аманжаров Нұрсапа Қилымбекұлы қызмет жасады.
Бірлестіктің партия ұйымының хатшылары қызметін – Құрманғалиев К., Лұқпанов Роман, Бимұхамбетов Хисма, кәсіподақ ұйымының төрағалары қызметін – Аққұлов Ануарбек, Құсниев Бағытжан және Мұратов Тулеген Садырұлы атқарды.
«Атыраумұнайгазгеология» ӨГБ-нің құрылымдық басқаруында: Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау (ЮЭНРЭ, 1948 ж.), Каспиймаңы терең бұрғылау мұнай барлау (ПНРЭ, 1972 ж.), Солтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау (СЭНРЭ, 1986 ж.) және Балықшы мұнайгаз барлау ұңғыларды сынау экспедициялары (БНГРЭИС), Батыс Қазақстандық ұңғыларды геофизикалық зерттеу экспедициясы (ЗКЭГИС), Автокөлік кәсіпорыны (АТП), Құрылыс монтаждау басқармасы (СМУ), Жұмысшыларды жабдықтау бөлімі (ОРС), Балықшы шаруашылық есептегі жөндеу құрылыс басқармасы (БХРСУ), ірі қара мен шошқа өсіретін қосалқы шаруашылық есебіндегі «Каспий» совхозы және Ресей федерациясының Железневодск қаласының құрамына кіретін Иноземцово поселкесінде орналасқан, курорттық демалушыларды қабылдайтын «Қазақстан Геологы» пансионаты болды.
Қарыштап дамудың 50 жылдан астам тарихында, мемлекеттік геологбарлаушы өндірістік кәсіпорындар 82 мұнай және газ кен орындарының өндірістік (қазіргіше коммерциялық) көзін ашып, аймақтағы мұнайгазөндіруші «Эмбанефть» өндірістік бірлестігіне тапсырып отырды. Аталған жарты ғасырлық мерзімнің ішінде: Құлсары, Мұнайлы, Төлес, Қаратон, Көшкімбет, Тәжіғали, Алтыкөл, Байшонас, Қарсақ, Прорва мұнай және газ кен орындарының тобы, Узень, Жетібай, Дунга-Еспелисай, Кенқияқ, Мартыши, Камышитовый, Жанаталап, Батыс Тепловская, Қарашығанақ, Жаңажол, Қаламқас, Қаражанбас, Бозашы, Қаратұрын, Шығыс қаратұрын, Арман, Теңіздегі Қаратұрын, Қолтык, Ақтөбе, Пустынное, Қарасор, Морская, Боранқұл, Қараарна, Каменная, Арыстановская, Оңтүстік Қамыскөл, Грань, Октябрьская, Кенбай, Тасым, Нысановское, Елемес, Имашевская, Қырықмылтық, Қисымбай, Тортай, Равнинное, Биікжал, Шөлқара, Оңтүстік Батыс Үлкентөбе, Құмшеті, Мәткен, Қарашүңгіл және басқа да мұнай және газ кен орындары ашылды.
Геологиялық барлау тресті «Қазақстаннефтеразведка» атқарған алғашқы бес жылдық барлау жұмыстарының қортындысында: Сағыз, Солтүстік Қаратон, Тереңөзек, Батыс Қарсақ және Тәжіғали мұнайгаз кен орындарын ашып, олардан мұнайдың алынатын қорының жиынтық мөлшері 29 млн. тонна «қара алтын» байлығына қол жеткізді. Соғыстан кейінгі жылдардың өлшемінде, бұл табыстар орасан зор көрсеткіш еді. Жас геологбарлаушы ұжым, іздестіру және барлаудың табыстылығын жоғарылату жолында, өнімділігі жоғарғы түрде, жанкештілікпен жұмыс істеуді және үздіксіз талмастан тиімді еңбек етуді дәстүрлі әдетке айналдырды.
1949-53 жылдары бұрғылау конторының ұжымы Қаратон, Тереңөзек кен орындарында пайдалану ұңғыларын бұрғылады және Ұшқан, Тақырбұлақ, Қарашүңгіл, Құмшеті, Қызылқұдық алаңдарында іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізді.
1954-58 жылдары бұрғылау жұмыстары Тереңөзек, Төңірекшың, Қарсақ, Тәжіғали, Боранқұл, Қараарна, Алтыкөл, Жаңасу, Құмтөбе, Оңтүстік Қамыскөл, Оңтүстік Сарқамыс, Төлес алаңдарында жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Көшкімбет (1953), Тәжіғали (1955), Алтыкөл (1957), Қарсақ және Қараарна (1958) мұнай кен орындары ашылды.
Бұл кезеңдерде геологбарлаушылар жанұяларымен бірге: Төңірекшың, Боранқұл Қараарна, Жаңасу, Опорная бұрғылау алаңдарында, қамысты ағашпен құрсаулап тұрғызылып, іші-сырты саз балшықпен майланып, сыланған үйлерде, ал тіпті кейбіреулері жерден қазылған жертөле үйлерде тұрып, өмір сүргендеріне риза болатын еді.
1959-68 жылдары Прорва, Ақтөбе, Қарасор, Морская, Боранқұл, Каменная, Арыстановская, Мартыши, Камышитовный мұнайгаз кен орындары ашылып, жаңадан: Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының Сарқамыс поселкесінде «Прорванефть» және Еділ-Жайық өзендерінің аралығындағы аумақтағы аудандардың бірі Исатай ауданының Аққыстау селосында «Жайықнефть» мұнайгаз өндіру басқармалары құрылды.
Құлан жортқан боз дала – Солтүстік Үстірт жерінде Каменная поселкесінің, сары масаның «отаны» аталған бұрынғы кездерде Каспий теңізінің табаны болған өңірлер: Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының Прорва жерінде «Сарыкамыс» және Исатай ауданының аумағында, теміржолдың бойына «Аққыстау» деген елді мекендердің ірге тастары қаланып, жұмысшылар поселкелері тұрғызылды. «Исатай» теміржол бекетінде Бейнеудің ұлутасынан тұрғызылған және «В.И.Чапаев» атындағы совхоздың орталығының тұсындағы теміржолдың бойына ағаш құрсаулы қамыстан тұрғызылған геолог-барлаушылардың ауылдары бой көтерді.
1964 жылы Қазақ ССР-да республикалық маңызы бар мұнай барлау алаңы болып табылатын Биікжал құрылымындағы, жобалық тереңдігі 7000 метрлік сол кездегі екінші аса терең ұңғыма болады деп саналған СГ-2 бұрғылау кешенінің аумағында барлаушылар мен жанұяларының тұруына және олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын толықтай қамтамасыз етуді көздеп, жаңадан Биікжал поселкесі тұрғызыла бастады.
Сонымен қатар, Биікжал тұз асты құрылымының девон – таскөмір дәуірлерінің геологиялық түзілімдерін зерделеу үшін және жер қойнауының тұз асты қабаттарынан табылуы әбден мүмкін мұнай және газ шоғырларын іздестіріп, барлау мақсатында Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясы құрылды. Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласында орналасқан ССРО-дағы ең алып завод «Уралмашзаводта» СГ-2 ұңғымасын бұрғылауға арнайы тұрғызылған, тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгідегі БУ «Уралмаш-300 ДЭ» кешенді бұрғылау қондырғысының және 58 метрлік «3ВБ-58-300» бұрғылау мұнарасының жабдықтарын жобаға сәйкес монтаждап, құрастыру және ұңғыны бұрғылау кешендерінің құрамдас жабдықтарын өндірістік құрастыру жұмыстары қарқынды басталып кетті.
Сол кезеңде, ҚазССР-дағы жобалық тереңдігі 7000 метр болып белгіленген, аса терең ұңғыны бұрғылайтын геологбарлаушыларға, олардың отбастарына, келімді-кетімді қонақтар мен қосалқы мердігер компаниялардың жұмысшыларына, БУ «Уралмаш-300 ДЭ» кешенді бұрғылау қондырғысының және 58 метрлік «3ВБ-58-300» бұрғылау мұнарасының жабдықтарын құрастырушыларға арналып, ағаш құрсаулы қамыс бөліктерден тұратын құрылыс материалдарынан және цементтелген ағаш жаңқалары блоктарынан жасалған құрастырмалы құрылыс жабдықтарынан, уақытша тұратын баспана санатына жататын 2 және 6 пәтерлік үйлерден тұратын, 200 жанұяға арналған, әкімшілік тұрғыда Мұнайлы поселкелік кеңесіне қарайтын, Биікжал поселкесі тұрғызылды.
Поселкеде: 200 орындық клуб, 300 оқушылық орта мектеп, 150 орындық балабақша, 100 орындық екі жатақхана, 100 орындық асхана, штаты 3 медициналық қызметкерден тұратын дәрігерлік пункт, пошта бөлімшесі, азық-түлік, өнеркәсіп тауарлары, көкөніс-бау-бақша өнімдерін сататын дүкендері және 3000 тонналық бақша өнімдерін (картоп, жуа, капуста) сақтайтын қоймасы болды. Тұрғын үйлерді, әкімшілік кеңсесін, зертхананы және әлеуметтік нысандардың ғимараттарын, күз және қыс мезгілдерінде ысытылған сумен жылытатын, шикі мұнай жағатын 4 жылу пештері бар орталық қазандық тұрақты жұмыс жасап тұрды. Ауыз су, Биікжалдың оңтүстік-батыс жағында, 20 шақырым қашықтықта орналасқан Мұнайлы поселкесінен автокөліктермен тасылды. Оңтүстік батыс бағытта 60 км қашықтықта орналасқан аудан орталығы, қала түріндегі Құлсары поселкесіне, тұрғындар жолаушылар автобусымен 1996 жылға дейін қатынасып келді.
Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының ұжымы, ССРО-да бірінші болып «Уралмаш БУ-300 ДЭ» бұрғылау қондырғысы мен 58 метрлік «3ВБ-58-300» бұрғылау мұнарасын «Биікжал» барлау алаңында өндірістік сынақтан өткізіп, тереңдігі 6028 метрлік СГ-2 ұңғымасын бұрғылап шықты, бұл мұнайлы Ембі өлкесінің жер қойнауының тұз асты қабатындағы, мол «қара алтын» байлығына қол жеткізу мақсатында Атырау облысында тұңғыш бұрғыланған барлау ұңғысы еді.
Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында (1967-77 ж.ж.) СГ-2 (сверхглубокая-2) барлау ұңғымасын бұрғылаған және сынамалық жұмыстарды жасаған кезеңдерде, барлық геологиялық қызметтерді сапалы түрде және жоғарғы біліктілікпен абыройлы атқарған геологтар: бас геологтар – Досмухамбетов Жанболат Мажитұлы, Балғымбаев Мақаш Балғымбайұлы, Бисекенов Серік Бисекенұлы, аға инженер-геологтар – Уразалин Темірхан Уразалыұлы, Қуандықов Балтабек Мұқанұлы және Шәненов Келтір Мағұрыпұлы болды.
Экспедицияның бастығы болып: Скворцов Дмитрий Семенович және Баширов Нури Азизұлы, ал бас инженерлері болып: Өтебаев Булат Қабиұлы және Ходжамбердиев Руслан Акбарұлы қызмет атқарды. Жетекші бөлімдерге білікті және тәжірибелі мамандар: өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, инженер бұрғышы – Ильясов Мұрат, инженер электромеханиктер – Мишенин Владимир Михайлович, Бутков Геннадий Александрович, бас механик – Зарщиков Иван Васильевич, бас энергетик – Фогель Иван Иванович, тәжірибелі механик – Бронштейн Иван Иванович, бас есепшілер – Ортамбаев Суйеу, Қанаев Айтбай және Байтақов Нұрқайыр, бағалы тауарлық мүліктер (ТМЦ) қоймасының меңгерушісі – Тлеубергенов Тілеуғазы, жылу және коммуналдық шаруашылық бастығы – Сармолдиев Жасан, бұрғылау ертіндісі зертханасының меңгерушісі – Фофонова Тамара Михайловна басшылық жасады, бұрғылау шеберлері: Цериковский Семен Наумович, Бармақов Шектібай, бұрғышылар: Өтеулиев Қуанғали, Мирманов Бахтияр, Сейтқалиев Құлмұқан және Рысқалиев Андрей, бұрғылау сораптарының слесары Абдурахманов Абдолла табысты еңбектің үлгісін көрсете білді.
Ұңғының шегенделген оқпанында жүргізілген сынақ жұмыстарының нәтежиесінде, жер асты қойнауының орта және төменгі таскөмір дәуірінде түзілген қабаттарының 5240-5255 метр тереңдік аралығындағы қабатынан мұнайдың ұңғыма оқпанына ағымды (самоизлив) келуі (приток) анықталды. Мұнай өте сапалы, әрі салыстырмалы түрде жеңіл салмақты, құрамында адам өміріне зиянды күкіртті сутегі (Н2S) газы жоқ, таза мұнай болды. Мұнайдың ағымды келуінің, есептелген орташа айнымалы шығымы (дебиті) 57 м.куб./тәулік өлшемін құрады. Бұл сынамалық көрсеткіш, Биікжал барлау алаңының жер қойнауындағы тұз асты геологиялық қабаттарының түзілімдерінде мұнай және газ қорының аса мол шоғырлары бар екендігінің нақты дәлелі еді. Ұңғының 139,7 мм, жапондық өте жоғарғы сұрыпты, «Р-110» маркалы құбырлармен шегенделген оқпанында, жоспар бойынша белгіленген, тиісті сынамалық жұмыстар атқарылмай, мұнай және газ шоғырлары болуы әбден мүмкін 5 – 6 тау-кен жыныс қабаттары (горизонт) тіпті, мүлдем зерттелместен қалды.
Өкінішке орай, сол кездердегі қолданыста болған, аса терең ұңғыманы сынау техникаларының және технологиялардың, жер қойнауының тұз асты геологиялық қабаттарында кездескен аномалдық өте жоғарғы қысымы (америкалық, ұңғы ішілік манометрмен өлшеніп, анықталған қабаттық қысым мөлшері 941 атм., ал қызулылық – 110 градус цельсия болды) және өте жоғары қызулылығы жағдайында (қалыпсыз қойнауқаттық қысым және қызулылық) жұмыс жасауға қабылеттерінің нашарлығының кесірінен, мұндай келешегінен зор үміт күтуге болатын барлау алаңдарына өзінің тиісті дәрежесінде дұрыс көңіл бөлінбеді, сондықтан олар толық деңгейде игерілмей қалды.
«Атыраумұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінде алғашқылардың бірі болып Каспиймаңы мұнай барлау терең бұрғылау және Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедицияларының майталман бұрғышы геологбарлаушылары сол кезеңдерде өндірістік пайдалануға жаңадан шыққан Ресейдің «Уралмаш-3Д-86», Румындық Р-80 және «Ф-300 ДХ» кешенді бұрғылау қондырғыларында кәсіби тұрғыда жұмыс жасауды тез арада және жеңіл игеріп кетті.
1978 жылы Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе барлау алаңындағы параметрлік П-2 ұңғысын бұрғылап жатырған мезгілде, 4860 метр тереңдіктен, шегенделмеген ашық оқпанда, реттелмелі мұнайгаз бұрқағы орын алды. Мұнайдың ағымды келуінің, есептелген орташа айнымалы шығымы (дебиті) 75 м.куб./тәулік өлшемін құрады. Мұнай өте сапалы, әрі салыстырмалы түрде жеңіл салмақты, құрамында адам өміріне зиянды күкіртті сутегі (Н2S) газы жоқ, таза мұнай болды.
1992 жылдың кезеңіндегі, Қазақстандағы ең терең (6203 метр) ұңғыма қатарында болған № 1-П Ембі параметрлік ұңғымасын, «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік геологиядық бірлестігінің көлемінде тұңғыш рет румындық Ф-300ДХ қондырғысымен бұрғылап шығып, ұңғыманы табысты аяқтау абыройы бұрғылау қондырғысының бастығы Шаңқанов Сағатқали Шаңқанұлы, бұрғылау шеберлері: Қуанғалиев Молдағали Бағытқалиұлы және Нұрғанов Дүйсенбі Ахатұлы, бұрғышылар: Айтмағамбетов Мыңтұрған, Айтуаров Амангелді, Орынбаев Жылкелді, Жанұзақов Сәрсенбай сияқты майталман барлаушыларға бұйырды. Олар айтарлықтай кәсіптік шеберлік танытып, үлкен жауапкершілік үлгісінің арқасында өз істерінің нағыз шеберлері екендіктерін көрсетті және оны іс жүзінде дәлелдей білді.
1991-93 жылдар кезеңінде мұнай барлау терең бұрғылау жұмыстары Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе (Г-4), Қарашүңгіл (Г-2), Мәткен (Г-16, Г-17), Машлы (1-П), Үшмола (Г-12), Ембі (1-П) тұзасты құрылымдары мен Қарақыз, Оңтүстік Қисымбай, Мәткен-Бұқан, Ұзынселбай тұзүсті алаңдарында іздестіру және параметрлік ұңғыларын бұрғылады. Ұңғылардың тереңдігі 1500 – 6203 метр аралықтарында болды.
1992-93-ші жылдары Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясы іздестіру-барлау жұмыстарын толықтай жүргізіп, мұнай өндіру мекемесіне тапсыруға дайындаған «Қисымбай» мұнайгаз кен орны, мамандандырылған «Құлсарымұнай» мұнайгаз өндіру басқармасына игеруге тапсырылды.
Атырау облысының Ембі алаңындағы ең терең № 1-П ұңғысы 6203 метр тереңдікке дейін бұрғыланып, 1992 жылдың шілде айында жүргізілген сынақ жұмыстарының қортындысы бойынша ұңғының 5840-5850 метр аралығындағы тұз асты қабаттарының, орта және төменгі таскөмір дәуірінің геологиялық түзілімдерінде, өнімінің құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза табиғи қабаттық газ қорының бар екендігі анықталды. Бұл деректі Ембі алаңында және онымен шектес жатқан өзге де бірнеше тұзасты барлау алаңдарында, мұнай және табиғи газ қорының өнікті шоғырларының нақты көзі бар екендігінің жанама хабаршысы деуге толық болады.
Мәткен барлау алаңындағы Г-16 ұңғысынан және Қарашұңғұл барлау алаңындағы П-2 ұңғысынан да тұз асты қабаттарының, орта және төменгі таскөмір дәуірінің геологиялық түзілімдерінде, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза мұнай және газ қорының шоғырлары бар екендігі алғаш рет анықталды. Ұңғылардың 139,7 мм, өте жоғарғы сұрыпты, «Р-110» маркалы жапондық құбырлармен шегенделген оқпанында, жоспар бойынша белгіленген, тиісті сынамалық жұмыстар атқарылмай, мұнай және газ шоғырлары болуы әбден мүмкін 4 – 7 тау-кен жыныс қабаттары (горизонт) бұл ұңғыларда да мүлдем зерттелместен қалды.
Мұнайдың ағымды келуінің, есептелген орташа айнымалы шығымы (дебиті) Мәткен барлау алаңындағы Г-16 ұңғысында 45 м.куб./тәулік және Қарашұңғұл барлау алаңындағы П-2 ұңғысында 70 м.куб./тәулік өлшемдерін құрады.
Осындай мұнай және табиғи газ қорларының шоғырлары, тұз асты қабаттарының, орта және төменгі таскөмір дәуірінің, геологиялық түзілімдерінде, бұрынғы кезеңдерде (1976 – 92 ж.ж.) бұрғыланған: Құмшеті (П-6), Оңтүстік-Батыс Үлкентөбе (П-2), Аққұдық (Г-1), Шөлқара (Г-3), Үшмола (Г-12), Ортатау-Сарыбұлақ (Г-9), Биікжал (СГ-2, Г-3) ұңғыларында да, бар екендігі нақтылай белгілі болды. Мұны өзіміз, сол кезеңдерде, жоғарыда аталған барлау алаңдарында, көрсетілген өте терең (5500 м) және аса терең (6028 м) ұңғыларда атқарылған бұрғылау және барлау жұмыстарына, басынан бастап аяғына дейін, Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1975–77 жылдары және Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында 1977–85 жылдары участкелік РИТС–тің аға инженер-геологы болып қызмет атқарып жүріп, көрсетілген ұңғылардағы барлық іздестіру, барлау және бұрғылау жұмыстарына тікелей араласып, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандықтан, толықтай куәлік ете аламыз.
Біздің сенімді түрде және батыл пайымдауымызда «Күндердің күнінде аталған тұз асты барлау алаңдары және осы сияқты басқа да болашағы жоғары барлау алаңдарында мұнай және табиғи газдың орасан үлкен кен орындары ашылатындығы күмәнсіз деп айта аламыз және оған болашақ ұрпақ куә болады. Біздің бұл тұжырымды пікіріміздің алдағы 10–20 жылдық замандарда ақиқаттай шындыққа айналарына ешқандай күмәніміз жоқ. Тек сол жерастының табиғи қазынасы – «қара алтын» байлығы, жергілікті ұлттық жас ұрпақтардың және олардың отбасыларының толымды несібесіне бұйырғай», – деп үлкен үкілі үмітпен армандаймыз.
Сол сияқты, 1992- жылы Оңтүстік Бұхан алаңында № 2 ұңғымадан 1930-60 метр аралығындағы, төменгі бор қабатының, геологиялық түзілімдерінен, қабат сынағыш құрылғымен тәулігіне 60-70 м³ мұнай және газ ағымы алынып, барлау жұмыстары жалғастырылды. Нақты түрдегі мұнай және газ қорларының анықталмаған белгілерінің алыну нәтижесіне байланысты Қарашүңгіл, Маткен-Бұхан-Ұзынселбай, С.-Ш. Қарақыз, Оңтүстік Қисымбай алаңдарындағы барлау бұрғылау жұмыстарын «Қазақтүрікмұнай» ЖШС Бірлескен Кәсіпорны, 1993-95 жылдары, қысқа мерзімге қаржыландырды.
Каспиймаңы ойпатының оңтүстік шығыс жақтауында іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізген, Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясында қызмет жасап, мұнай және газ кен орындарын іздестіріп-барлау саласына қомақты үлес қосқан геологбарлаушылардың – геологтардың, бұрғышылардың және басқада жұмысшы мамандардың есімдерін мақтанышпен ардақтай отырып, атақтап айтуды жөн санаймыз.
Олардың қатарында – мұнайгаз кен орындарын ашуға қатысқан геологтар: Омар Далбаев, Мырзабай Тілеубеков, Төрехан Боқыбаев, Аманжол Өміров, Мәлік Есмұқашұлы Көптілеуов, Есберген Бағытұлы Аймағанбетов, Ахметжан Демегенұлы Сахиев, Келтір Мағұрыпұлы Шәненов, Халел Бағытжанұлы Шнашев, Балтабай Қаржаубаев, Балжан Баймағанбет, Жұмаш Исембаева, Қосан Мыңбайұлы Тасқынбаев, бас инженер – бұрғышылар: Латфуллин Радус Фаридович, Досмұхамбетов Серік Беркінғалиұлы, Сейтмағамбетов Таңат Өтесінұлы, инженер-бұрғышылар: Қарымбаев Мәтжан Өтепұлы, Шаңқанов Кенжеғали, Ізекенов Ахметқали, Ибрагимов Шаймерден, Чигреев Қарабала, Ондасынова Көздеш, Қоспақов Жайледин, Жакупов Игілік Бағытұлы, Салықбаев Сәндібек, Нұрсұлтанов Түгел, Нұрғанов Дүйсенбі Ахатұлы, экспедиция бастығының орынбасарлары: Шотықбаев Қойыс Қуандықұлы, Сұлтанов Сағат, Байсырымов Темірхан, Тастыбаев Аманқос және басқалар естерімізге оралады.
Сонымен қатар бұл айтулы ұжымның барлау және бұрғылау жұмыстарының алға басуына бір кісідей сүбелі үлес қосқан бас мамандардың, орта буынды инженер-техникалық қызметкерлердің және қарапайым жұмысшылардың – еңбек озаттарының қатарында: бас механиктер – Карамышев Валерий Васильевич, Арсыланов Әнуар, Бөрлібаев Елемес, Мырзашев Серікқали Нармағамбетұлы, Дюсенбаев Амангелді, орталық және аумақтық инженер-технологиялық қызметтерінің бастықтары, орынбасарлары болған: Нұрғазиев Айтжан, Жарасов Жалғас, Нұрпейісов Бергенбай, Кемелов Серік, Шаңқанов Сағатқали, Қалиев Амангелді Мұратұлы, мұнара құрастыру цехының басшылары және шеберлері болған: Мұқанов Базарбай, Қапаров Шәріп, Шнашев Бағытжан, Қалиев Алдияр, Ибраев Исатай; бұрғылау қондырғысы басшылары – бұрғылау шеберлері: Қазақ ССР-не еңбегі сіңген геолог-барлаушы Қалымбетов Бақтыбай, «Социалистік Еңбек Ері» алтын медалінің иегері Балгенжиев Зинел, Құлжанов Сағидолла, Қуанғалиев Бағытқали, Қоянбаев Төлепбай, Құлгелдиев Төлеш, Секербаев Ыбраш, Мирманов Бақтияр, Досанов Қайырғали, Бектлеуов Ізтұрған, Нұртлеуов Жемісбай; Бұрғылау қондырғысының механиктері- Шнашев Көздібай, Сариев Рақым, Шәненов Қалабай Сағызбайұлы; бұрғышылар: «Социалистік Еңбек Ері» алтын медалінің иегері Махутов Әбілғазым, Нұрымов Бипан, Аманбаев Жексенбай, «Социалистік Еңбек Ері» алтын медалінің иегері Мухамбаев Ақаш, Қуанышев Талас, Балгенжиев Қанапия, Сеңгірбаев Қапылбай, Ақоразов Жолдасқали, Молдашев Жазықбай, Иманғалиев Құмар, Бөриев Әбу, Даулетов Қыстаубай, Шанаев Өтеген, Тәжіғалиев Жолдас, Шолпанов Өтепқали, Қосмұратов Өтеп; автокөлік жүргізушілер: Қашқымбаев Бейнеубай, Крайнов Георгий Иванович, Жанәбілов Хасан, Нұрмашев Бегім, Құрманғалиев Қадір, Наров Сейтмағамбет, Матениязов Хамидолла, Әбілалиев Едіге Әйтенұлы, Мекебаев Мұңалша, Қалқаев Мәжен; темір жонушылар: Силантьева Нина Леонтьевна, Чапурин Александр Николаевич, Сейтмағамбетов Қабес; трактор колоннасының бастықтары: Тілекбаев Бисен, Нұрсалиев Зәкіржан, Ізмағанбетов Исатай Сауранбайұлы; тракторшілер: Бектұров Амандық, Бегендіков Ізтұр, Бүркітбаев Құбай, Сисенғалиев Серікқали, Тұрниязов Мәжен және тағы басқа еңбек озаттары, геологбарлаушылардың ардақты да абыройлы істерін, жас жеткіншек ізбасарларына үлгі болып, соңғы кезеңге дейін лайықты жалғастырып келді.
Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының 1948 жылғы, ең алғашқы атауы Құлсары бұрғылау кеңсесі еді. Алғашқы бастығы Зибницкий Алексей Антонович, бас инженері Захаренко Александр Лукьянович, бас геологы Мишедаев Дмитрий Семëнович болды.
Бұрғылау конторы төрт барлау бөлімшесінен тұрды. Оларды: Секербаев Абдрахман, Крепостин Иван Семëнович, Үсенов Дүйсен, Хамутов Степан Петрович сияқты бұрғылау жұмыстарын шебер ұйымдастырушылар басқарды.
1950 жылы Құлсары бұрғылау кеңсесінің бастығы болып Хамутов Степан Петрович тағайындалды, оны 1952- жылы Конысбаев Мұханбет ауыстырды.
1956- жылы бұрғылау кеңсесінің бастығы Үсенов Дүйсен болды, ал 1957 жылы оны Маташев Мүтиғолла Маташұлы ауыстырды.
Осы жылдарда алдыңғы қатарлы еңбек озаттары – бұрғылау шеберлері: Өрекешов Сәрсен, Миняев Александр Никифрович, Лапшин Сергей, Юсубалиев Лати, Тобышбаев Тлепқали, автокөлік шаруашылығы басшылары Аязбаев Нұрша, Сәлімгереев Жаңабай, жұмысшылар Бітішев Қуанғали, Жанаев Әмин мен Жанаев Байбол және тағы басқалар жан аямай табысты еңбек етудің үлгісін көрсетіп, барлаушылардың жұмысқа деген ынталарының көрігін қыздыра түсті.
1956-58 жылдары Құлсары бұрғылау кеңсесінің бас геологы болып, техник-геолог дипломы ғана бар Рамазанов Мәжит Ногаевич жасады, ал 1959-69 жылдары Алжанов Айтбай бас геолог болды, 1969- жылы оны Далбаев Омар ауыстырып, ұзақ жылдар бойы бас геолог болып қызмет жасап, 1992 жылы зейнеткерлікке шықты.
1959-65 жылдары бұрғылау жұмыстары Үлкентөбе, Қырықмерген, Сарықұм, Сарға, Прорва, Ақтөбе, Қарасор, Морская, Каменная, Арыстан алаңдарында жүргізілді. Барлау жұмыстарының нәтижесінде Боранқұл, Прорва, Ақтөбе, Арыстан алаңдарында мұнай мен газдың бұрқақты өнімдері алынды.
1960- жылдың тамыз айының 11-і күні Прорва алаңының № 1-ші ұңғысынан мұнай мен газдың алғашқы бұрқағы атқылады. Осы жылы Қарсақ мұнай кен орны Байшонас мұнайгаз өндіру басқармасына пайдалануға тапсырылды.
1962- жылы Құлсары бұрғылау кеңсесі, құрылымдық өзгерістерге байланысты атауы өзгертіліп, Құлсары мұнай барлау экспедициясы болып аталынды, оның бастығы болып Кемелов Аққуан тағайындалды.
1966-70 жылдары Құлсары мұнай барлау экспедициясы мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау мақсатында бұрғылау жұмыстарын Солтүстік Үстірт пен Еділ-Жайық өзендерінің аралығындағы аймақта жүргізді.
Арыстан және Қарақұдық барлау алаңдарынан мұнай бұрқағының алынуына байланысты 1967 жылдың аяғында Құлсары мұнай барлау экспедициясының құрамынан Солтүстік Үстірт мұнай барлау экспедициясы өз алдына жеке құрылым болып бөлініп шықты.
Жаңадан құрылған Солтүстік Үстірт мұнай барлау экспедициясының бастығы қызметіне Кемелов Аққуан Кемелұлы жіберілді, ал Құлсары мұнай барлау экспедициясына бастық болып, кәсіпорынның бас инженері Есенов Зайлағи Қабдрахманұлы тағайындалды.
1962-70 жылдар аралығындағы іздестіру және барлау жұмыстарының нәтижесінде Мартыши (1964), Камышитовый (1967), Жаңаталап (1969), Гран (1970) мұнай кен орындары ашылды.
1970-72 жылдары мұнай барлау жұмыстары көлемінің күрт азаюына байланысты, бұл экспедициялар құрамында 4 бұрғылау бригадалары бар шағын ғана мекемелерге, Құлсары және Солтүстік Үстірт мұнай барлау разведкасы деп аталынды және олар барлау жұмыстарының негізгі көлемін Еділ-Жайық өзендерінің арасында жүргізді.
1972 жылдың аяғында Құлсары және Солтүстік Үстүрт мұнай барлау разведкалары біріктіріліп, іріленген Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы болып қайта құрылды, оның бастығы болып Жоламанов Береген Жексенұлы тағайындалды.
1973-75 жылдары барлау бұрғылау жұмыстары Қарақұдық, Арыстан, Адамли, Жайылған, Боранқұл, Тортай, Адай, Шолқара, Табынай, Машлы, Айманбет, Кебір алаңдарында жүргізілді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Тортай, Шолқара, алаңдарынан тұзасты қабаттарынан, Адай алаңынан тұз үсті қабаттарынан мұнай мен газдың бұрқақты өнімдері алынды.
Осы жылдары барлаушылардың тұрмыс жағдайында көптеген өзгерістер болды. Барлау алаңдарында бұрғылау қондырғысымен бірге көшіп-қонып жүрген барлаушылар, Құлсары қалашығына көшіріліп тұрғын үймен қамтылды, өз алдарына геолог барлаушылар қалашықтары салына бастады. Бұрғылау қондырғыларының бастарына вагоннан асхана ашылып, жұмысшылар жатақханамен қамтылды, жұмыс жасау реті вахталық әдіске ауысып, оның кестесі 15 күндік жұмыс күнііне көшірілді.
1973 жылы мамыр айынан бастап экспедиция бастығы болып Өтебаев Болат Қабиұлы тағайындалды.
1976 жылдан бастап барлау бұрғылау жұмыстарының негізгі көлемі жер қойнауының тереңінде орналасқан тұзасты қабаттарын зерттеуге бағытталды.
1976 жылдың маусым айында экспедиция бастығы болып Артемьев Юрий Филипович тағайындалды.
1976 жылдың қазан айының 15-і күні тұз асты қабатынан Тортай алаңындағы Г-2 санды ұңғысының 3100-3150 метр тереңдік аралығынан мұнайдың бұрқақты өнімі алынды.
1977 жылдың 1 шілдесінде Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясының құрамына Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясы қосылды. Экспедицияның бастығы болып Кемелов Аққуан Кемелұлы тағайындалды, ал Биікжал аса терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының бұрынғы бастығы Баширов Нури Азизұлы бас инженер болып бекітілді.
1976-83 жылдары барлау бұрғылау жұмыстары Тортай, Оңтүстік-батыс Үлкентөбе, Құмшеті, Үшмола, Равнинная, Көктөбе, Қонысбай, Биікжал алаңдарындағы тұз асты қабаттарына жүргізілді. Соның нәтежиесінде Тортай (Г-2), Құмшеті (П-6), Оңтүстік-батыс Үлкентөбе (П-2), Равнинная (Г-2) барлау алаңдарында бұрғыланған ұңғымалардың тұз асты қабаттарынан алғашқы мұнай мен газдың белгілері және бұрқақты өнімдері алынды.
1984 жылдың ортасында экспедицияға бастық болып Жұқатаев Зәріп Жұқатайұлы бекітілді. 1984-89 жылдары экспедицияның негізгі барлау бұрғылау жұмыстары Аралтөбе, Есекжал, Төлеқара, Шығыс Сүйішбек тұз үсті, Маткен, Қарашүңгіл, Равнинная, Оңтүстік-батыс Үлкентөбе, Үшмола, Ортатау-Сарыбұлақ, Аққұдық, Солтүстік-шығыс Тортай, Сарықасқа тұз асты қабаттарына жүргізілу жалғастырылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде Ортатау-Сарыбұлақ, Үшмола, Оңтүстік-батыс Үлкентөбе, Маткен алаңдарынан тұз асты қабаттарынан алғашқы мұнай мен газдың белгілері алынды.
1987 жылдың 5 шілдесінде жер қойнауы фундаментінің Жосалысай дөңесінің аумағында жобалық тереңдігі 7000 метрлік № 1 санды параметрлік Ембі ұңғымасында бұрғылау жұмыстары басталды.
1989 жылдың наурыз айынан бастап, Ембі аудандық партия комитетінің ұсынысы бойынша, экспедицияның бастығы қызметін Жұмалиев Жолдас Әбітұлы атқарды.
1989-91 жылдары экспедиция Маткен, Қарашүңгіл, Шығыс Табынай, Құмшеті, Ембі, Шығыс Тортай, Оңтүстік-батыс Үлкентөбе, Үшмола алаңдарында барлау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Қарашүңгіл алаңындағы П-1 санды параметрлік ұңғының 4860-4990 метр тереңдік аралығынан мұнай мен газ өнімдерінің бұрқақты белгілері алынды. Бұл жылдар зкспедиция ұжымының тарихында, қаржы-экономикалық тұрғыда, өте ауыр болған және қаржы-шаруашылық жұмыстарын алға баспастай қылып, өндірісті дұрыс ұйымдастыра алмаушылықтың ауыртпалықтары әбден меңдеткен жылдар болып есте қалды.
1991 жылдың шілде айының 5-і күні экспедиция бастығы болып, геология бөлімінің бастығы қызметін 1985 жылдан бері атқарып жүрген, басқару аппараты партия ұйымының хатшысы, құрамында 287 мүшесі бар экспедиция партия ұйымы хатшысының орынбасары Шәненов Келтір Мағұрыпұлы тағайындалды. Экспедицияның жаңа бастығының бұйрығымен өндірістік кәсіпорынның бас инженері болу міндеті Кемелов Серікке, ал бас геолог болып қызмет атқару міндеті Аймағамбетов Есберген Бағытұлына жүктелді.
К.М. Шәненов тез арада, қажетті құрылымдық ұйымдастыру және кадр өзгерту шараларын алып, берілген тапсырманың орындалуын қатаң бақылауда ұстап, өндірістік тәртіпті тиісті талап дәрежесіне көтеріп, ысырапшылдық пен немқұрайлы көзқарас атаулыға тосқауыл қойып, ұжым мүшелерінің ынтасы мен жігерін тиісті арнаға бағыттай біліп, ұжымдастарының ертеңгі күнге, болашаққа деген сенімін орнықтырып, әрбір барлаушының өз кәсібі мен мамандығына деген патриоттық сезімін оята отырып, экспедиция ұжымын 1991 жылдың қалған 6 айының өзінде-ақ табысқа жеткізді. 1989 жылдан бері тұралап қалған экспедиция ұжымы еңсесін көтерді. Геолог-барлаушылар ұжымы жұмысшыларының де еңсесі көтеріліп, биік мақсаттар мен табысты еңбекке жігерленді, келешегіне деген сенімдері оралып, үміттері қайта оянды.
Барлаушылар кәсіпорыны қаржылық тұрғыда толықтай аяғына тік тұрып, қаржы-шаруашылық жұмыстарының экономикалық көрсеткіштері жөнінде «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі бойынша, жүлделі үшінші орынға көтерілді. Ал 1992 жылы экспедиция барлық өндірістік көрсеткіштері бойынша КЭ «МНГР»-ден кейінгі 2-орынды иемденіп, қол жеткізген табыстарын беркіте түсті.
1992 жылдың 17-ші тамызында жобалық тереңдігі 7000 метрлік № 1 санды параметрлік Ембі ұңғымасында бұрғылау жұмыстары аяқталып, 6203 метр тереңдікте тоқтатылды. Жүргізілген сынамалық жұмыстардың қортындысы бойынша ұңғының 5840-5850 метр аралығындағы тұзасты қабатында, құрамында қоршаған ортаға залалды Н2S (күкіртті сутегі) газы жоқ, таза табиғи газ қорының бар екендігі анықталды. Мұны Ембі алаңында және онымен шектес жатқан өзге де бірнеше тұзасты алаңдарында мол мұнай қорының шоғыры бар екендігінің нақты хабаршысы болуға тұратын дерек көзі деуге әбден болады.
1991-93 жылдары экспедиция Маткен, Қарашүңгіл, Ембі, Оңтүстік-батыс Үлкентөбе, Үшмола, Машлы алаңдарында барлау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Қарашүңгіл алаңындағы Г-2 санды іздестіру ұңғысының 4880-4970 метр тереңдік аралығынан мұнай мен газ өнімдерінің қысқа мерзімдік бұрқақты ағымдары алынды.
1992-93 жылдары Оңтүстік Ембі мұнай барлау терең бұрғылау экспедициясы іздеп тапқан Қисымбай мұнай кенорны «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына игеруге тапсырылды.
Шәненов К.М. 1991 жылдың 5-ші шілдесінен 1993 жылдың 26-шы қазанына дейін Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының бастығы болып табысты және абыройлы қызмет атқарған кезеңде, бұл кәсіпорында 958 адам жұмысшы және инженер-техникалық қызметкерлер жұмыс жасады. Экспедицияның құрылымында 7 бұрғылау бригадасы және әртүрлі 9 өндірістік цехтар болды.
1993 жылы К.М. Шәненов Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4-ші қыркүйектегі № 821 арнайы Қаулысымен 3659 жұмысшы және инженер-текникалық қызметкерлер жұмыс істейтін, 32 бұрғылау бригадасымен 21 алаңда мұнай және газ кеніштерін іздестіріп барлайтын «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті болып тағайындалып, холдингтік құрылымды нарықтық жағдайда басқарудың өскелең талабы мен мемлекеттік мүліктерді жекешелендірудің ҚР-ның бағдарламалық мақсаттарына саймасай түрде, абыроймен және табысты басқаруға қол жеткізді.
1993 жылдың 27-ші қазанында «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті Шәненов К.М.-ның бұйрығымен Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының бастығы болып Шаңқанов Кенжеғали тағайындалды.
Каспиймаңы ойпатының оңтүстігіндегі Орал – Жайық өзендерінің аралығындағы аймақта іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізген, Каспиймаңы терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясы: Манаш (П-1), Шығыс Мәтенқожа, Мыңтөбе, Солтүстік Мыңтөбе, Оңтүстік Мыңтөбе, Солтүстік Мыңтеке, Шығыс Бекбай, Байгелісор, Оңтүстік Жамбай, Оңтүстік Шығыс Жамбай, Жаға, Шығыс Күмісбек, Денгизская, Қарақұдық (П-1), Қашқымбай, Шығыс Казановская (П-1), Көксазды (П-2), Жантоқа, Солтүстік Жантоқа, Октябрьская, Жыланқабақ, Күмісбек, Орысқазған, Забурунье, Солтүстік Жолдыбай, Сазанқұрақ, Имашевское, Забурунье (П-1), Оңтүстік Забурунье, Батыс Жетіарал, ҚҰМ, Солтүстік Құм, Құм-Шил, Солтүстік Бегайдар, Шығыс және Солтүстік Яманка, Сарлыбай, Коневская, Котяевская, Ганюшкинская, Сарышағыл, Қарамола, Азишағыл, Батыс Қусанбай (П-58), Манаш (П-1), Чалик, Тасым-Егиз, Жантерек және Жыра-Бериш барлау құрылымдарында терең және параметрлік ұңғыларды бұрғылады. Солардың ішінде, тыңғылықты және әдістемелі түрде жүргізілген іздестіру және барлау жұмыстарының нәтежиесінде, төменгі бор және орта юра жүйелері қабаттарының, геологиялық түзілімдерінде, бірнеше мұнай және газ шоғырланған, өнеркәсіптік және коммерциялық маңыздары бар, кен орындары ашылды. Атап айтқанда, олардың қатарында: Октябрьская, Жыланқабақ (1980), Күмісбек – мұнайгаз, Орысқазған (1978), Забурунье (1980), Солтүстік Жолдыбай (1985), Сазанқұрақ (1992) – мұнайгаз, және Имашевское – газконденсат кен орындарын ашты.
Каспиймаңы терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының жұмыстарын жоғарғы талап деңгейіне сай ұйымдастырып, кәсіпорынның ұжымына табысты басшылық жасаған геологбарлаушылар: экспедицияның бастықтары – Бегалиев Ожақай, Балғымбаев Салтанат, Джуламанов Береген; бас инженерлері – Жамекешов Мұқит, Маташев Мүтиғолла, Бисқалиев Жүсіп; бас геологтары – Оразалин Құбай Ақмадиұлы, Альжанов Айтбай, Есқожа Базар Аташұлы болды.
Каспиймаңы ойпатының орталық бөлігінің шығыс жақ қойнауындағы аймақта іздестіру және барлау жұмыстарын жүргізген, 1977 жылы құрылған Орталық геологиялық іздестіру экспедициясының (ЦГПЭ) негізінде өзгертіліп, құрылған Солтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясы: Солтүстік Қотыртас, Шығыс Молдабек, Қырықмылтық, Даулеталы, Жұбантам, Шығыс Теген, Кемеркөл, Оңтүстік Қожа, Оңтүстік Таған, Қарашқазған, Шығыс Қарашқазған, Солтүстік Жолдыбай, Боздақ, Ербөлек, Мыңбай, Батыс Қорымбет, Жандалысор, Қаратал, Байшаған, Иба-Дулат, Солтүстік Ақши, Қабыскөл-Қабасысор, Солтүстік Алатау-Мырзажар, Шығыс Оңғар-Бажыр, Қажығали-Қарабатан, Солтүстік Қызылкөл, Жамансай, Қызылкөл-Иманқара, Қарасай, Солтүстік Камынин (П-1) Тоғыз (П-1), Айыртау-1, Қарақұдық-2, Ойыл, Есбай, Тамдыкөл, Зеленый-Теркебай, Дараймола-Байменке, Барлыбай, Дәрібай, Өскенбай және басқа да іздестіру және барлау алаңдарында бұрғылау жұмыстарын атқарды. Солардың ішінде, төменгі бор және орта юра жүйелері қабаттарының, геологиялық түзілімдерінде: Даулеталы (1980), Жұбантам, Солтүстік Қотыртас (1986), Шығыс Молдабек (1988), Қырықмылтық (1988), Шығыс Теген, Кемеркөл (1992), Оңтүстік Қожа (1991), Шығыс Оңғар және Оңтүстік Таған (1991) алаңдарында мұнай және газ шоғырлары анықталып, өнеркәсіптік және коммерциялық маңыздары бар, мұнайгаз кен орындары ашылды.
Солтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясының жұмыстарын, барлаушылықтың жоғарғы талаптарына сай деңгейде ұйымдастырып, кәсіпорынның ұжымына табысты басшылық жасаған геологбарлаушылар: экспедицияның бастықтары – Арутунянец Лев Суренович, Казберов Аркадий, Тасмуханов Ерсайын, Джуламанов Береген; бас инженерлері – Жұқатаев Зарип, Горошников Г.Я., Темирғалиев Шафхат, Балғымбаев Нұрберген; бас геологтары – Бисекенов Серік, Шамиев Зайдолла болды.
1972-96 жылдардың арасында геологбарлаушылардың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлары да біркелкі жақсарып, олардың жанұялары арнайы жобалармен салынған, әсем де әдемі, 1 – 2 қатарлы ақшаңқан сәулетті үйлерге қоныстанды. Сөйтіп, Атырау қаласының құрамында «Бірлік» және «Геолог» поселкелері бой көтерді. Құлсары қаласында «Геолог», «Барлаушы» және «Экспедиция» шағын қалаішілік ауылдары пайда болды. Оларда заманауи үлгідегі бірнеше: мектептер, бала бақшалар және амбулаториялық емханалар тұрғызылып, қарапайым халықтың әлеуметтік пайдалануына берілді.
1991-92- жылдары бұрынғы ССРО-да тез қарқынмен өрбіген, тарихи оқиғаларға сәйкес орын алған өзгерістерге, одақтық республикалардың тәуелсіздік жариялап, әрқайыссысы жеке-жеке тәуелсіз республика болып бөлінуіне байланысты, 1991 жылдың желтоқсан айының 16-сы күні жеке егеменділік жариялаған ҚР-сы қоғамдық құрылыс дамуының капиталистік – нарықтық жолына бағыт ұстады.
Елдің сол кездегі Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Заң күші бар Қарарларына сәйкес, бұрынғы қоғамдық меншікті біртіндеп жою, жылжымалы және жылжымайтын қоғамдық мүліктерді жаппай жекешелендіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіле бастады.
Геологбарлаушылардың мемлекеттік мүліктерін жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасын екпінді түрде, жеделдете жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4 қыркүйектегі № 821 санды арнайы қабылданған Қаулысына сәйкес, сол кезеңде 3659 жұмысшы және инженер-текникалық қызметкерлер жұмыс істейтін, 32 бұрғылау бригадасымен 21 барлау-бұрғылау алаңдарында мұнай және газ кен орындарын іздестіріп барлайтын, «Атыраумұнайгазбарлау» өндірістік геологиялық бірлестігінің негізінде, геологиялық іздестіру және барлау саласының мүліктерін нарықтық жағдайда, арнайы: басқару, еркін иелік ету және жекешелендірудің жаңа құрылымы «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясы құрылды.
Асығыс және жеделдетілген ереже жағдайында жүргізілген, бұл саяси-әлеуметтік науқаннан, «Атыраумұнайгазгеология» ӨГБ-не қарасты экспедициялардың ұжымдары да сырт қала алмады.
Сондай науқандық жағдайда, өзінің айтарлықтай 50 жылдық тарихы бар, әрқайыссысы дербес өндірістік кәсіпорын болып толықтай қалыптасқан: Каспиймаңы, Солтүстік Ембі, Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициялары және басқа да құрылымдық кәсіпорындар мемлекеттік мүлік ретінде, жаппай жекешелендірудің тарихи толқынына ілігіп, сол кездерде құрылып, «Атыраумұнайгазгеология» ӨГБ-нің құрылымдарын мүліктер есебінде, халықтың қолдарынан ерікті түрде жинап алған инвстициялық жекешелендіру купондарына, ҚР-ның жекешелендіру биржасында сатып алған, 28 инвестициялық жекешелендіру қорларының (ИЖҚ, орысша ИПФ) талапайланған талан-таражына түсті.
Сөйтіп, 1994 жылы бұрынғы: Каспий маңы мұнай барлау экспедициясы – «Нарын» АҚ-на, Солтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы – «Қайнаркөз» АҚ-на, Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы – «Барлаушы» АҚ-на (акционерлік қоғамдарына) айналды. Барлау бұрғылау жұмыстарына деген сұраныс орасан күрт төменгі деңгейге дейін азайды, уақыт өте келе қаржы тапшылығы басталып, барлау бұрғылау қызметтерін мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру мүлдем тоқтады.
Нарықтық жағдайда, жаңадан пайда болған қожалар – акционерлер, ҚР-ның мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасына сәйкес, жоғарыда аталған геологбарлаушы кәсіпорындарды, сол кезеңдегі инвестициялық жекешелендіру купондарына сатып алған, инвестициялық жекешелендіру қорлары (ИЖҚ, орысша ИПФ) нарықтық бәсекелестік жағдайында, барлық бұрғылау қондырғылары мен өндірістік-техникалық мүліктерін арзан бағаға, жанталаса сатумен болды. Экспедициялардағы жұмысшылар мен мамандар жаппай қысқартылуға ұшырады.
Сонымен, дүние-мүліктерінен, арнайы техникаларынан, адам ресурстарынан толыққа жақын ада болған «Барлаушы» АҚ-ын жаңа қожалары – акционерлері 1999 жылы мекемені сот арқылы банкрот деп жариялап, мүлдем жауып тынды. Каспий маңы мұнай барлау экспедициясы – «Нарын» АҚ-ы және Солтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы – «Қайнаркөз» АҚ-ы да осындай кейіптерде жабылды.
1996 жылы, инвестициялық жекешелендіру қорларымен (ИЖҚ) болған орасан тартысты жағдайда, «Атыраумұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінің басқару аппараты, «Атыраумұнайгазгеология-Сервис» АҚ-ы, «АТП» АҚ-ы, «Мұнай» АҚ-ы және ішінәра «Нарын» АҚ-ы мен «Қайнаркөз» АҚ-ы мүліктерінің негіздерінде, акционерлік қоғамдардың: 51 % акцияларын қолдарына иеленген, жаңадан келген акционерлердің – инвестициялық жекешелендіру қорларының (ИЖҚ) және АҚ-дардың 39 % акцияларымен толық өкілетті басқару және иелік ету құқықтары берілген «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті Шәненов К.М.-ның бірігіп қабылдаған оңтайлы шешімдеріне сәйкес, Атырау қаласында «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ы құрылды. Акционерлердің жиналысында, акциямен дауыс беру арқылы қабылданған шешім бойынша, оның алғашқы президенті болып Шәненов К.М. бірауыздан сайланды.
Кейіннен, 2005 жылы бұл нарықтық құрылым, қайтадан құру жолымен «Атыраумұнайгазгеология-Бурение» ЖШС болып аталынып, таза жекеменшік нысан санатына көшті. Сөйтіп аталған компания, мердігер ретінде 2007-10 жылдары Бас директор К.М. Шәненовтың және оның барлау және өндіріс жөніндегі орынбасары Қ.Қ. Маджановтың тікелей басқарып, жетекшілік жасауларымен, Қазақстандық компаниялардың ішінде ең алғашқысы болып, «Бозашы нефть» АҚ-ның сұранысы бойынша, Каспий теңізінің суы тайыз солтүстік-шығыс қайраңындағы «Комсомолшы шығанағы» (залив Комсомолец) аумағында орналасқан Солтүстік-Шығыс Қаратұран барлау құрылымында (теңіздің суының тереңдігі, желдің бағыты мен соғу жылдамдығына байланысты, өте айнымалы болып, орташа есеппен 0,75 — 3,75 метр өлшемдерін құрайтын аймақта) ПБУ «Лотос» атты арнаулы жүзу баржасының үстіне орналасқан МБК-125 бұрғылау қондырғысы арқалы, екі: R-1 және R-7 мұнай мен газ барлау ұңғыларын, сәйкесінше 1575 және 1835 метр тереңдіктерге ешбір мүлтіксіз, сапалы бұрғылап шықты. Құрылымның 1100-1270 метр тереңдіктегі орта юра қабатының геологиялық түзілімдерінде, мұнай және газды конденсаттың бұрқақты әдіспен өндіруге жататын шоғырларын тауып, олардың өндірістік-коммерциялық қоры бар екендігін анықтады. Ұңғылардан алынған мұнайдың, есептелген орташа тәуліктік өнімділігі (дебиті) әртүрлі режимде: 130-150 тоннадан астам өнімді құрады.
Осылайша, Қазақстанның мұнай және газ кен орындарын іздестіру және барлау саласының қарашаңырағы саналатын «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ның негізінде жаңадан құрылған «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС-де жұмыс жасайтын, тұтастай ұлты қазақ мамандардың, Каспий теңізінің қайраңынан мұнай және газ барлау үшін терең бұрғылау ұңғыларын тиісті технологиялық талаптарға сай келтіре отырып, табысты бұрғылып шығатынын, аса жауапты бұрғылау жұмыстарын Каспий теңізінің су айдынының үстінде жүзіп барып, бұрғыланатын ұңғының нақты орнына тұрып, қозғалмастай болып орналасатын, РФ-ның Астрахан қаласындағы теңіз портында, арнайы сұраныспен өздеріміз құралдаттырған ПБУ «Лотос» бұрғылау қондырғысымен мүлтіксіз атқара алатындығын және ұңғы қимасындағы мұнайлы қабаттарды сынақтан өткізіп, мұнай мен газдың өнімін жер бетіне шығарып, оның өнімділігін анықтауға болатындығын тұңғыш рет іс жүзінде, екі мәрте дәлелдеп берді.
Қандай жұмыста да алғашқы болып міндет арқалау және оны іске асыру оңай шаруа емес. Бұл атқарылуы аса қиын, ал орындалуы үлкен кәсіби жауапкершілік пен орасан шеберлікті талап ететін және ол тұрғыда өзіне деген сенімі мол, батыл адамның ғана қолынан келетін, аса зор кәсіптік сынақ болатын.
Әрқашанда да құлшыныстылық пен ынталылық қасиеттерін жоғалтпай, кездескен қиыншылықтарға қарсы кәсіби шеберлігі мен ұтымды ұйымдастырушылық қабілетіне сүйене отырып, қайсар табандылық таныта білген, «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС-гін 2007-10 жылдары басқарған Шәненов К.М. әрқашанда табысқа жете білді және өзі басқарған ұжымдарын толағай табыстарға жеткізе алды.
Бұған екінің бірі тәуекел ете бермеуі де ықтимал еді. «Қанша қиын іс болса да нағыз хас шеберден қаймығады»,- деген халықтың нақыл сөзі бар емес пе. Міне, іскерлігі танылған басшы, шебер ұйымдастырушылығы танымал бас директор, тағы да топты жарып, Каспий теңізінің қайраңына бұрғы салған, алғашқы қазақ менеджері болып, көздеген мақсатына толық қол жеткізді. Бұның, аса зор және абыройлы мәртебе екендігіне ешкімнің де күмәні мен таласы болмасы ақиқат.
Сол сияқты 2009 жылы 16 ақпанда контрактілік «Балықшы» участкесіндегі Беріш барлау алаңында 1250 метр тереңдікке бұрғыланған Г-9 санды ұңғыдан мұнай мен газдың бұрқақты өнімі алынды. Мұнай көзінің есептелген өнімділігі тәулігіне шаққанда 120 тоннадан астам болды. Сөйтіп, Атырау қаласынан 15 км қашықтықта орналасқан жаңа мұнай кенорны тұңғыш рет ашылды. Ол болашақта елдің экономикасын көтеруге жұмыс істеп, халықтың игілігіне пайдалануға берілетін болар деп үміттенеміз.
2022 жылы «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС құрылымдық өзгеріс негізінде «Каспий Дриллинг» ЖШС-не айналып, бәсекелестік жағдайда мұнайгаз ұңғыларын бұрғылау, ұңғыларда ағымдық және күрделі жөндеу қызметтерін көрсету аясында, Маңғыстау облысындағы Ракушечная мұнай конденсат кен орнында «СaspiOilGaz» ЖШС-не және Батыс Қаратұрын, Теңіздегі Қаратұрын мұнайгаз кен орындарында «Бозашы нефть» АҚ-на сұраныспен мердігерлік жұмыстар атқарып келеді.
Салыстырмалы түрде қарасаңыз, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы «Оралмұнайгазгеология» және «Ақтөбемұнайгазгеология» АҚ-дары, мезгілінде жекешелендіру барысында жіберілген қателіктердің кері салдарынан, 2000 жылдары мүлдем жойылып кетті.
ЩАНЕНОВ К.М. — «Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау филиалының директоры, ҚР-ның жер қойнауын барлаудың «Үздігі» және «Құрметті барлаушысы», ҚР-ның мұнайгаз саласының «Еңбек сіңірген қызметкері», Жылыой ауданының «Құрметті азаматы».