Махамбет Батырбаев «Атырау облысының құрметті азаматы» атанды
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов мұнай саласының ардагері, техника ғылымдарының кандидаты, көптеген өнертабыстың авторы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Махамбет Батырбаевты қабылдады.
Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін Махамбет Батырбаевқа облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 24 мамырдағы №15-VIII шешімімен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
— Бұл марапат сіздің елге сіңірген маңдай теріңіздің жемісі. Өзіңізге қарап, артыңыздан ерген жас ұрпақ бой түзейді. Көп жасқа үлгі болып келесіз. Сіздің кеңесіңізді қызмет барысында пайдаланып, ақылыңызға жүгінер сәттеріміз де аз емес. Еліміздің дамуына қосқан өлшеусіз қызметіңіздің әрқашан зейнетін көруіңізді жазсын! Еткен адал еңбегіңіз ақталып, оң бағасын алып отыр. Ұрпағыңыз өзіңізбен мақтанады. Қашанда деніңіз сау, отбасыңыз жаныңызда болсын. Отаныңыздың тілеуін тілейтін бәйтерек болып, аман-есен жүре беріңіз,-деді С.Шәпкенов.
Өз кезегінде Махамбет Батырбаев еліміздің мұнай саласын дамытуда жергілікті кадр дайындаудың маңызына тоқталды.
— Бүгін берілген марапат үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбегіңіздің жемісін көріп, атқарған әр ісіңіздің абыройлы болуын тілеймін. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңы соған ереді. Қай-қай саланы болмасын дамытуға болады. Болашақ — сіздердікі. Жалпы мұнай БҚО үшін нағыз — локоматив. Бұл жерде еңбегі ерен мұнайшылардың ұрпағы тұрады. Осы тұста жергілікті кадр дайындау мәселесі өзекті. Шетелден миллиондаған қаржыға маман шақырмай-ақ, өзімізден мықты мұнайшы шығаруға болады. Тек оларға сену керек, кәсіби түрде оқыту қажет. Өзіміздегі бар потенциалды қолдансақ, болашаққа нық сеніммен қарай аламыз. Өйткені Атыраудың дамуы үшін көп мүмкіндік бар,-деді М.Батырбаев.
Источник: https://www.instagram.com/p/C2rXdTbg8B3/