Мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Зейнолла Алшымбаевпен сұхбат
– Қадірменді Зейнолла Өтежанұлы, сүбелі тақырыпқа арналған әңгімемізді әуелі сіздің мамандығыңыз, еңбек жолыңыздан бастасақ?
– Мен 1970 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын өндірісті жоспарлау экономисі мамандығы бойынша,1983 жылы ҚазПТИ-дің мұнай факультетін (өндірістен қол үзбей оқып) тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды «Өзенмұнайгазда» цехтың инженер-экономисі болып бастап, күрделі құрылыс бөлімінің сметалық-жобалау тобының жетекшісі, қалалық комсомол комитетінің бірінші, екінші, облыстық комитетінің екінші, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің екінші, Мұнайлы ауданының бірінші хатшысық қызметінде жүріп Алматы Жоғары партия мектебіне түстім. Артынша Орталыққа шақырылдым да, ондағылар Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясына ауысуыма ұсыныс жасады. Алайда, елмен байланысымды үзгім келмегендіктен, Алматыдан бітіріп шықтым. Кезінде ВЛКСМ ОК-нің мүшесі, КПСС-тің XXVIII съезіне Маңғыстау облысынан баламалы негізде сайланған делегаттар қатарында болдық.
Ал Мәскеуде жүргенімде Ресейдің бірқатар және Қазақстанның солтүстік облыстарындағы партия комитеттеріне лауазымдық қызметтерге баруыма ұсыныстар жасалды.Сөйтіп, 1987 жылдың желтоқсаны мен 1990 жылдың тамызы аралығында Мәскеуде КПСС Орталық комитетінің партиялық-ұйымдастыру және кадрлар бөлімінің Қиыр Шығыс – Сібір секторының жауапты ұйымдастырушысы, негізінен Омбы, Чита облыстарының кураторы болдым. Алайда, жұмыстың бабы, жүктелген жауапты міндеттердің ретімен сол аймақтардағы түрлі мәселелерге толықтай араластық, күрделі жағдайларда байыпты шешім іздедік, әр айдың жартысынан астамын сол жақтарда өткізіп жүрдік.
Бір атап айтарлығы, бұл саясат пен экономиканы реформалау, қоғамдық сананы жаңғырту, елдегі қайта құрулар мен демократияның кең көлемдегі қарқын алып жатқан жылдары еді. СССР халықтарының I, II, III съездері, РСФСР халықтарының I съезі өтті. Ұйымдастыру комиссиясының құрамында болғандықтан да мұндай қоғамдық-саяси шараларға бастан-аяқ атсалыстық. Әрине, біз істеген бөлімдегі қызметкерлердің барлығы бірдей ол комиссияѓа мүше бола алған жоқ. Міне, сол ресейліктер съезінің мінберінен сөз сөйлеп түсіп келе жатқанында Аман Төлеев ағамызды құттықтағанмын. Кемерово облыстық теміржол басқармасының бастығы болып жасайтын Амангелді ағамыз сонда облыстық партия комитеті өнеркәсіп бөліміне бекуге де келген беті екен.
Борис Ельцин Мәскеу қаласының мэрі болған кездегі оның көмекшісі Виктор Васильевич Ильюшин екеуміз жаңа қызметке бірге бекігенбіз. Кейін ол Ресей үкіметінің вице-премьеріне дейін өсті. Ал Ельцин аз уақыт жұмыстан кетсе де, артынша РСФСР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі болып сайланды. М.С.Горбачевтің билігі кезеңіндегі Одақ көлеміндегі саяси реформалардың жаңғыруы, халықтардың ұлттық сана-сезімдерінің оянуы республикалардың өз тәуелсіздігіне қол жеткізуіне алып келді. Мәскеуде жүргенімде Ресейдің бірқатар және Қазақстанның солтүстік облыстарындағы партия комитеттеріне лауазымдық қызметтерге баруыма ұсыныстар жасалды.
– Сіз бірақ елге келдіңіз ғой.
– 1990 жылы еліміз егемендігін жариялады. Осы жылы Маңғыстау облысы қайта шаңырақ көтерді. Республика басшылығының шақыруымен ұйымдастыру пленумына қатысып, екінші хатшылыққа сайландым.
– Иә, елімізде сонау Кеңес одағы кезеңіндегі, әсіресе тәуелсіздік қарсаңындағы қоғамдық-саяси оқиғалар сіздің көз алдыңызда өтті. Егемендіктің есігі айқара ашылған осынау тарихи тұстағы елеулі оқиғаларға көз жүгіртсек…
– Кеңес одағы 1991 жылы ыдырап, одақтың құрамындағы республикалар өз егемендігін жариялап жатты. Осы тұста 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдағанын біз білеміз. Бұл заң 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендік туралы декларациясымен бірге қазақ елінің елдігін нығайта түсті деп айтуға болады. Сөйтіп ата-бабаларымыз аманат еткен, армандаған елдігімізді ғасырлар тоғысында қалпына келтірдік. Осы көңіл тасытар жүрекжарды қуанышты күндерге қолымыздың жеткеніне, міне, 32 жыл толды.
Әрине, еркіндікке қол жеткізу оп-оңай болған жоқ. Бұл азапты жылдарымыз бірнеше ғасырларға созылды. Патшалық Ресейдің де, қызыл империяның да аштыққа, босқыншылыққа ұшыратқан қытымыр үстемдігі мен қыспағын бастан кештік. Бұл жолда қан да төгілді, қаншама зиялыларымыз көз жұмды. Халқымыздың күші басым көршілерінің бодандығында амалсыздың күнін кешкені, ынтымағы ыдырағаны, ордасы жығылып, қым-қуыт дүрбелеңге түскені, осындай ауыр кезеңдер өткені жадымызда жатталып, тарихымызда қатталып қалды.
Әріге бармай-ақ кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алсақ та болады. Бұл оқиғаны сол уақытта алаңға шыққан жастарымыздың ерік-жігерінің, олардың бостандыққа ұмтылған арман-мұратының, тәуелсіздікке деген ұмтылысының күресі деп бағалауымыз керек. Сол жолда қаншама жас жанын қиды, ауыр қиындықтарды бастарынан кешті. Мұның бәрі жадымызда мәңгі сақталады. Желтоқсан оқиғасы бұрынғы ұлт-азаттық жолындағы қиян-кесі шайқастардай Қазақстанның Кеңес одағының тоталитарлық, отаршылық саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі ретінде тарихи маңызы бар үлкен оқиғалар қатарына жататынын баса айтуымыз керек. Сондықтан тәуелсіздік деген – азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі.
– Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған уақытта елдік істердің басы-қасында жүрдіңіз, АҚШ-та ұзақ жыл қызмет те еттіңіз. Батыс қоғамының экономикасымен, азат өмір салтымен етене таныссыз…
– Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан,қазіргі әлемдегі экономикасы қарыштап дамыған АҚШ, сонымен қатар Түркия мен Қытай халық республикасы мойындады. Содан соң әлемнің тағы басқа салмақты елдері бірінен соң бірі Қазақстанды тәуелсіздігімен құттықтады.
Мен сол кезеңдерде Америка құрама штаттарында 11 жыл қызмет етіп, сол уақытта елге алғашқы Американ-Қазақстан бірлескен кәсіпорындарын ашуға, елге инвестиция тартуға қызмет еткен азаматтар қатарындамын. Сондықтан мынау бостандық пен еркіндіктің ауасын жұтқан Америка елінің экономикасындағы өркендеу жолдарын көзімізбен көріп, олардың жаңа ғана еркіндік алған елдің азаматтарына деген құрметін ерекше сезіндік. Бұл елдің қоғамы да өзгеше, экономика тұрғысынан бүгінгі таңда әлемнің алдында тұрған қуатты ел екені белгілі.
Осылайша әлемдік саясат аренасында, дүниежүзі картасында дербес Қазақстан мемлекеті пайда болып, әлемнің көптеген елдерімен дипломатиялық қатынастар басталды. Тәуелсіздік есіктен еніп, жанымызға шаттық сыйлағанына 32 жыл өтті. Осы аралықта еліміз көркейіп, экономикамыз өсіп келеді. Жазық дала төсінен Астанамыз бой көтерді. Шекарамызды бүтіндедік. Қазір халықаралық көлемде үлкен салмақты беделге ие болып келеміз. Қазір Қазақстанмен санаспайтын ел жоқ деп те айта аламыз.
Бостандыққа қол жеткізудің алғышарттары сонау 80-жылдардың аяғында басталған еді. Балтық жағалауындағы республикалар алғашқы болып осы мәселелерді көтерді. Сол жылдары КСРО-ның Халық депутаттары съездері өтіп жатты. Мен сол кезеңде Мәскеуде орталық комитетте қызмет істеп жүрген кезімде осы съездерге қатыстым. Жұмысшы топтарының құрамында көп оқиғаларға куә болдым. Бұның барлығы – біздің көз алдымызда болған оқиғалар.
Тіпті коммунистік партияның соңғы съезінде сол кездегі коммунистердің өзі екіге бөлінді. Бірі – консерваторлық топ, екіншісі – демократиялық топ. Мен демократиялық платформаны қолдаған делегаттар ретінде осы топтың құрамында болдым. Маңғыстау халқы мені сол 28-съезге делегат қылып сайлаған еді. Сондықтан осы тұста мақтаныш сезімін айта кеткенімнің артықшылығы болмас.
– Жаңа ғасырға үлкен абырой-беделмен жеткен Жаңа Қазақстанның алдында қандай мақсат-міндеттер тұр? Тәуелсіз еліміздің тұғырын тіктеп, экономикасын нығайту үшін не істемек керек?
– Біздің стратегиялық міндетіміз – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқандай, ең бірінші халқымыздың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру. Елдің әл-ауқатын жақсартудың заңдылық, шаруашылық тетіктері тәуелсіздік алған кезімізден бастап жасалып жатыр. Іргелі істер қазір де жалғасын табуда.
Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында екендігін баса айтқан жөн. Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекеттің даму сатысын дұрыс жолға қоюдың әртүрлі жолдары мен тәсілдері бар. Соның бірден бір жолы – халық бірлігі, ұлттар достығы, мемлекеттің тұтастығы, елдің ынтымағын сақтау. Осының барлығы ең алғашқы кезекте болуға тиіс және мұны басшыларымыз айтудан жалықпай келеді.
Сонымен бірге жас ұрпақты тәрбиелеу, оларды Отанды сүю, патриотизм тұрғысында тәлім-тәрбиелеу, олардың білімге, экономиканың әр саласын талғамдарына сай игеруіне жол ашу, мүмкіндік жасау, алған білімдерін өндірісте қолдануға, ұштастыруға жағдай жасау, осылардың бәрі де – мемлекеттің алдындағы маңызды мәселелердің бірі.
Мемлекетіміздің болашағы, тәуелсіздігіміздің баянды болуы жастарымыздың бойында шын мәніндегі адами парасаттың қалыптасуына байланысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті саясаты арқасында халқымыз жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды өз қолдарымен жасап, келешегімізді кемел етудің сара жолына түсті. Осы ұстанымды сөз жүзінде де, іс жүзінде де қолдап отырған жерлестерімді, Маңғыстау жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Ынтымағымыз бен бірлігіміз еш уақытта ажырамасын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, қазақ елі, Қазақстанымыз мәңгі, ғұмырлы болсын.
Маңғыстау өңірі – рухани тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да өте бай, дәулетті аймақ. Бүгінде менің туған өлкемнің әл-ауқаты артып, экономикасы өрлеп келеді. Әулиелі мекен, қазыналы елдің тарихи тамыры тереңде жатыр.Облыс экономикасының ұдайы тұрақты дамуы, небір дағдарысты кезеңдерден кейінгі өсуі, бәрі де көз алдымызда өтті. Жаңа өндірістерді құру, кәсіпорындарды жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары, әлеуметтік салалардағы ілкімді істер жалғасып келеді. Маңғыстау облысы – әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша көш бастап тұрған, ел экономикасының донорына баланып отырған аймақ.Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жағынан Маңғыстау облысы республикада көш басында. Соңғы бес жылда өңірге үш триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл 8,3 млрд. теңгеге сегіз инвестициялық жоба сәтті іске асырылды, бұл300-ден астам жаңа жұмыс орынын құруға ықпал етті. Алда тағы 150 млрд. теңгеге 11 жобаны жүзеге асырылмақ, оның аясында 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Маңғыстау – мұнайлы мекен, өндірісті өңір екені белгілі. Өңірде жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі ретінде құны 6 млрд.доллар болатын «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру инвестициялық жобасын айта кетуге болады. Облыста өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, туризм саласына да ерекше мән беріліп, бұл бағыттарда да ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Осы өңірдің төл перзенті ретінде елімнің, жерімнің өсе беруіне, қарыштап дамуына тілектеспін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Жайық НАҒЫМАШ