АРДАГЕРЛЕР АЛҒЫСЫН АЛҒАН ҰЖЫМ

Үстіміздегі жылдың шілде айының 12- ші жұлдызында ҚР Энергетика Министрі А. Сатқалиевтың Астана қаласының 25 жылдығына орай шақыруымен бір топ мұнай-газ саласының ардагерлерімен кездесуі өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері Р.Шырдабаев, Ұ.Қарабалин, З.Алшымбаев, Л.Қиынов, сала ардагерлері М.Батырбаев, Т.Хасанов, Қ.Қабылдин, Т.Наушиев, “МГКА” РҚБ Бас директоры А.Тегіспаев және ҚР Энергетика Министрінің орынбасары Е.Ақкенжеев қатысты.

Кездесуді ашқан А.Сатқалиев министрліктің стратегиялық даму жоспары туралы қысқаша ақпарат берді. Оның ішінде саладағы қазіргі өзекті болып тұрған Жаңаөзен қаласындағы қалыптасқан жағдайды қалай түзетуге болатыны жөніндегі ойларымен бөлісті. Қордаланған проблемаларды шешуде тұрғындардың қалыптасқан менталитетін ескеріп, әлеуметтік шараларды қарқынды жүргізіп, аймақтағы үлкен мүмкіншілік беретін Каспий теңізі арқылы транспорт- логистикалық жобаларды дамыту, кіші және орта биснес дамуына көңіл бөлу т.с.с. жобалар туралы қабарлама берді. Жиында сөз алған Р.Шырдабаев өз тәжірибесімен бөлісіп, қала төңірегінде көк-өніс шаруашылығын ұйымдастырып, әйелдер қауымын жұмыспен қамту үшін тігін цехын ашу керектігіне тоқталды. Тәжірибелі сала мамандары, бұрын өлкеде басшылық қызметтер атқарған М.Батырбаев, Ұ.Қарабалин, Л.Қиынов, З.Алшымбаев басқару жүйесіндегі кемшіліктерді сөзге тиек етіп, структуралық өзгерістер жасау қажеттілігін, оның тұрғындар үшін әлеуметтік мәселелерді шешуге де тиімділігі айтылды. Мұнай кенішінің игеріле бастауынан өзінің соңғы кезеңіне өтуіне байланысты — мұнай өндіру, өңдеуде жаңа тәсілдер керектігі, сонымен бірге қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, оған тұрақты мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу маңыздылығы атап өтілді. Жиын соңында ардагерлерге министрліктің құттықтау хаты тапсырылды.
“МГКА” РҚБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ