Айтбай Көшербаев 1953 жылы 21 тамызда Қызылорда облысы Қазалы қаласында туған.
1975 жылы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті) үздік бітірген.
1975-1989 жылдары инженер-гидротехник мамандығы бойынша «Кызылордаводстрой» тресінің №33, №30 жылжымалы мехколоннасында мастер, прораб, бөлім басшысы, бас инженері қызметтерін атқарады. Мамандығын жақсы игере келіп, трест басқарушысының орынбасары, Бас инженері, өндірістік кәсіпорындар Дирекциясының директоры лауазымына тағайындалады. 1989-1992 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Тереңөзек аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.
1992-1996 жылдарда Тереңөзек ауданы, С.Сейфуллин совхозының директоры; 1996-1999 жылдарда облыс әкімінің кеңесшісі; 1999-2002 жылдары Арал ауданының әкімі болды.
2002-2005 жылдары ҚР Су ресурстары комитетінің «Сырдария арнасын реттеу, Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының Бас инженері қызметінде «Көкарал» бөгетінің – «Ақлақ» гидроузелінің құрылысын салу, «Әйтек» гидроузелдерінің құрылысы мен Қазалыда «Басықара» гидроузелінің қайта жаңғырту жұмыстарына жетекшілік етті. 2005 жылы 30 мамырда «Солтүстік Арал теңізі Сырдария өзені су ресурстарын тиімді пайдалану» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғады. Техника ғылымдарының кандидаты.
2005 жылы Қызылорда қаласының әкімі; 2005-2007 жылдары облыс әкімінің орынбасары; 2007-2011 жылдары Қазалы ауданының әкімі болды. 2011-2012 жылдары облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды. 2012-2019 жылдары «ҚазГерМұнай бірлескен кәсіпорны» ЖШС бас директорының орынбасары қызметінде еңбек жолын жалғастырды. 2020 жылдан бастап еңбек демалысында.
«Құрмет» орденінің иегері (2007). Қазалы, Арал аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.
Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Айтбай Көшербайұлының қолжазба дәптерінің негізінде жазылған «Гидротехник күнделігі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Айтбай Көшербаевтың «Гидротехник күнделігі» кітабы Сыр өңірінің интеллектуалдық қорына қосылған үлкен үлес деп есептеймін. Автордың 70 жылдығы қарсаңында жарық көрген бұл кітапта автор өз өмірінің кезеңдерінен естеліктер келтіре отырып, еліміздің су шаруашылығының дамуы туралы құжаттар мен еңбек жолындағы нақты іс-әрекеттерін байланыстыра отырып қызықты баяндаған.
Оқырманды осы жанрда жазылып жүрген «азамат», «тұлға», «парыз», «борыш» деген жалынды сөз тіркестерімен емес, бірден қызығушылық тудыратын кітаптың «Гидротехник күнделігі» деп аталуы да осы салаға өмірін арнаған, кітапта айтылған құрылыстарды салуға, егін егіп, аймақтың экономикасын, инфрақұрылымдарды дамытуға мол үлес қосқан қызметкерлерге, әріптестерге тамаша сый ретінде өткен өмірлерін көз алдына әкеп, бүгінгі таңда осы саламен біте қайнасып жүрген жастарға жол көрсеткіш рөлін атқарады десек болады.
Алғысөздегі су туралы ұғымды ақын Төлеген Айбергеновтің, ұлы ойшыл, шығыстың ақыны Рудакидің философиялық ойымен, өмір-дарияны сумен ұштастыру арқылы жаңа ой қалыптастыратын терең талдау деуге болады. Мамандық таңдауды да оралымды оймен байыпты жазған. Осы алғысөздің өзінде 70-жылдардан бүгінге дейінгі су шаруашылығының тарихын қамтып, өзінің тікелей қатысқан, қолы тиген объектілерін айтып қана қоймай, ертеңгі күнге де су айналасындағы жобалардың еліміздің экономикасына, әлеуметтік және экологиялық жағдайына әсерін негіздеген.
Кітаптың құрылымы өте ұтымды дайындалған, баяндау тәсілі де, бейне бір кинофильм көріп отырғандай мазмұны оңай қабылданады және уақыт тарихында бірізділік жалғасын тапқан.
Студенттік кезін баяндайтын бөлімде сол кездегі су шаруашылығы саласын ғана емес, жалпы маман даярлаудағы мемлекеттік әдіс-тәсілдің қандай болғанын және студент Айтбайдың сол кездерден бастап тұлғалық болмысының қалыптасқанын көреміз. 17-дегі бозбала Айтбайдың ұстаздарға деген құрметі, бағалауы және оқу бағдарламаларына көзқарасы инженерді қалыптастыратын алғашқы баспалдақтар «жоғары математика», «теориялық механика», т.с.с. пәндерден қазақша оқулықтардың болмауына қарай институт ректоры, академик, т.ғ.д. Р.Ж.Жулаевтың қазақ мектептерін бітірген студенттер үшін жоғарыда аталған пәндерден қазақша лекциялар ұйымдастырып, олардың жоғары білікті маман болып шығуына орасан зор көмек жасағанын және ұстаздар қауымын ризашылық сезіммен еске алуы оның сол кезде-ақ бүгінгі байыпты табысының белгісі болғаны анық.
Еңбек жолының басталуы, алғашқы күндер, күрделі су шаруашылық объектілері, онда жұмыс істеген мамандар, мемлекеттік бағдарламалар, құрылыс мекемелерінің, зауыттарының аттары, басшылары туралы мәліметтер өте қызықты баяндалған және нақтылығымен ерекшеленеді. Басшы, жобалаушы, механизатор, құрылысшы, ботаник, энергетик, автомобилист, т.б. көптеген мамандық иелерінің 180-нен астам аты-жөні аталып, олардың осындай алып саланың аймақта пайда болып, ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі тамаша баяндалған. Сондықтан бұл кітап, меніңше, сол кісілердің ұрпақтары үшін де құнды ескерткіш.
Кітаптың үлкен бөлігі Арал теңізіне арналған десек болады. Арал өңірінде дүниеге келіп, есейіп, су маманы болып, азаматтық тұлғасы қалыптасқан және Арал жөніндегі жобаларға тікелей, жанама қатысқан автордың Арал трагедиясының бастауы туралы сонау 1948 жылы Сталиннің кезінде Әмударияға «Тахиаташ» гидроузелін салуымен байланыстыра келтірілген мәліметтері оқырманын сөзсіз жаңа тұжырымдарға бастайды және бүгінгі кіші Аралды сақтап қалуымыз әлі де Ұлы Арал теңізін қалпына келтіру жөнінде үміт шырағын жаққандай әсер етеді. «Ақлақ» кіші электр станциясынан қуаты 20-30 МВТ электр энергиясын алу мүмкіншілігі туралы автордың ойлары жастарға жаңа ой салатыны сөзсіз. Тағы бір байқалған ерекшелік, кітап Аралды сақтау керек деген ұлы оймен тоғысып, демократиялық, ашықтық лебі есіп тұрады.
Сол кезеңдегі әрбір су нысандарын «Ақлақ» су торабы жайлы мәліметтерді, тарихын оқи отырып, өзің оқиға ішінде жүргендей күй кешесің. «Ақлақ» су торабын шұғыл салу жөніндегі шешім, оның жобасын сол кездегі «Союзгидрорис» бөлімшесінің дайындауы, оны іске асыру, мердігер ретінде «Қызылорда 33» мехколоннасының жүргізуі сол кездегі су шаруашылығы бағытындағы инженер-гидротехниктердің білімділігін, ал басшыларының зор жауапкершілігін көрсетсе керек. Міне, сапалы маман деген осы! Кейіннен туындаған себептерге байланысты «Көкарал» бөгетінің апаты, орын алған адамдар шығыны, техникалардың суға батып кетуі жағдайында ұйымшылдықпен апат зардабын жеңілдетудегі іс-әрекеттер сол істің басы-қасындағы мамандардың жоғары жауапкершілігін көрсетеді.
Кітап ішінде берілген Ақселеу Сейдімбековтің «Ойтүрткі» мақаласы оның су саласында терең ойлы ғалым, маман екенін көрсетеді және осы еңбекті Айтбайдың өте көрегенділікпен келтіруі автордың осы проблема жөнінде үздіксіз ізденісте екенін көрсетсе керек. Ғалым ретінде Айтбай Көшербаевтың әрдайым ізденісте жүретінін осы салаға қатысты көпшілік жақсы біледі. Кітапта соның айқын ізі өн бойы көрініс тапқан. Арал теңізі туралы Н.В.Аладиннің ғылыми мақаласының келтірілуі және автордың Арал ауданының әкімі кезінде берген сұхбаттарын жүрегі Арал деп соққан перзенттің жан сөзі деп қабылдаймыз.
Сол кезеңдерде атқарылған жұмыстар туралы хронологиялық дәлдікпен және кейіпкерлер туралы мәліметтерді дәл келтіруі автордың ыждағаттылықпен, ұдайы ұзақ жылдар бедерінде күнделік жазып отырғанының тікелей дәлелі екенін байқаймыз.
Әрбір салынған гидротехникалық құрылымдар, жүргізілген құрылыстар, қабылданған шешімдер, хаттамалар, ондағы басшыдан бастап, әрбір мамандар, қосымша шаруашылық өкілдері туралы мәліметтер, тіпті механизмдер, құрылыс материалдары, олардың көлемі, саны, салмағы, т.б. келтірілуі авторға деген оқырманның ризашылығын және аттары аталған жүздеген кейіпкер ұрпағының мақтаныш сезімін тудыратыны анық. Айтбай Көшербайұлының еңбек жолында кездескен адамдар туралы ой-пікірлері кітаптың өн бойында түйдек-түйдегімен келтірілген және жай аталып қана өтпей, нақты атқарған іс-әрекеттерін баяндай отырып, ел мүддесіндегі рөлін тамаша жеткізе білген. Бұл жағынан алғанда тұнып тұрған тәрбиелік мәні орасан зор еңбек деп қабылдаймыз.
«Қаратерең», «Ақлақ» плотинасының салыну тарихы керемет жазылған. Мемлекетаралық қатысушылар, Ресейдің «Зарубежводстрой» компаниясы, оның Қызылорда филиалының ашылуы, павлодарлық «Ақсу мелиорация» ЖШС-мен күш біріктіруі және болашақ бұрын-соңды болмаған теңіздің кепкен табанында (құярлықта) осындай үлкен гидротехникалық құрылысты жүргізуде қыруар жұмыстың үйлестірілуі, адамдар, мамандар факторы, тасымал, электр желісі, жол, құрылысшылар поселкесі сынды деректер өте қызғылықты баяндалған. Автор сол қайнаған жұмыстың бел ортасында жүрмесе дәл осындай дәлдікпен, шындықпен жеткізе алмас еді.
Плотина салынатын жерде теңіз оқпанының анықталуы қосымша зерттеулер жүргізіп, біршама күрделі инженерлік шараларды қабылдауға мәжбүрледі. Нәтижесінде оқпан топырақпен жабылып, жұмыс жалғасын тапты. Ал САРАТС-2 жобасының аясында жазылған жолдар атқарылатын жобалардың толық орындалатынын және жаңа технологиялар кеңінен тарайтынын нақты мәліметтер негізінде оқырман көңілін орнықтырады. Тұщыбас көлі туралы дәлелді мүмкіндіктерді оқысаңыз, автордың ойы жүзеге асатын күн де алыс емес деген тұжырым қалыптасады. Меніңше, осы бөлім бейне бір Үкіметке тікелей ұстатқан бағдаршамдай әсер қалдырады.
Мен осы кітапты оқи отырып, сол кезеңде дайындалған кең профильді инженер-гидротехниктер қандай мықты маман болған деп ойладым: ол инженер-гидротехник, құрылысшы, эколог, экономист, шебер ұйымдастырушы, механик, жобалаушы, мемлекет қызметкері, әділ басшы, осылай болып жалғасады. Не деген керемет! Өкінішке қарай бүгінде осы сабақтастықты жоғалтып алдық. Әрине бұл жерде әлемдік қауымдастықтың талабына сай болумен қатар, ең бастысы, мемлекеттік, ұлттық мүдде жоғары тұру керек.
Сонау еліміз үшін күрделі кезеңдерде автор өзінің төрт жыл басқарған Сәкен Сейфуллин шаруашылығындағы уақыты, ондағы адамдар, ел тарихы, кездескен қиындықтар және оны шешу, жекешелендіру сынды қызығы да, қиындығы да мол жылдарды баяндай отырып, ел мүддесі үшін қызмет атқару – азаматтың басына қонған бақ, ол жолда абыройлы болу міндетің деген тәрбиелік мәні зор пәлсапаны жеткізеді. Сол жылдардағы қиыншылықтардан шығу, еңбекті ұйымдастыру, мың сан шаруаның атқарылуы, оның ішінде тарихи мәліметтердің оңтайлы баяндалуы авторды жан-жақты білімді, ғалым, публицист деп қабылдауға толық негіз болады.
«Алтын бесік – әулетім» бөлімі де өте шебер баяндалған және ата-анасы туралы өз аузымен емес, әулет туралы белгілі профессор Өмірзақ Озғанбайдың баяндауы да керемет орайын тапқан деуге болады. Шәкірат Дәрмағанбетұлының «Ақ баба» әңгімесі де жас ұрпаққа үлкен ой саларлық танымы мол дүние және жақсылықтың бастауы – халық даналығындағы бата алу ырымының тылсым күшін Көшербаевтар әулеті арқылы тамаша көрсеткен. Достыққа адалдық, отбасылық құндылықтар, бауырға деген ықылас, ұрпақ болашағы, елдік мүдде, бәрі-бәрі Айтбай Көшербайұлының өмірінде үлкен керуен жолға ұласуда.
Ойымды қорытындылай келе, мынадай ұсыныстарды айтқым келеді:
1. Осы кітап мазмұны арқылы «Су ресурстары және суды пайдалану», «Құрылыс», «Экология» мамандығы бойынша оқитын студенттерге мамандыққа кіріспе ретінде 4-5 сағаттық лекция дайындау және оқуды қамтамасыз ету;
2. Бүгінгі тұсаукесер рәсімі кітап мәнін кеңінен ашып, насихаттау үшін аздық ететінін ескере отырып, ғалымдар, сушылар, құрылысшылар, журналистер, БАҚ өкілдері қатысқан үлкен дөңгелек үстел өткізу;
3. Кітап таралымын көбейтіп, оқу орындары, мектептер, аудандық, ауылдық кітапханаларға тарату мүмкіндіктерін қарастыру.
Жалпы алғанда, кітап мазмұны жаңа ойларға қозғау салады. Бұл кітап арқылы жастарымыз жер, су, Отан-Ана, ұлттық мүдде, мемлекетшілдік, патриоттық сезімдермен қатар қоршаған орта, оны қорғау, сақтау, экологиялық салдар, т.б. түсініктерін кеңінен байытып, жаңаша көзқарас қалыптастырады деген сенімдемін.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор,
«Сыр мұрабы» қоғамының жетекшісі
Ссылка на новость: https://syrboyi.kz/merej/gidrotehnik-kuendeligi-zhastargha-zhol-koersetkish-zhaene-baghdarsham-148098/