«Қара алтын» өндірісінің қарашаңырағы

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ғасырлық дәстүр – тұрақты даму» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара отандық мұнай-газ кешенінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Семинарға ұйытқы болған «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлес­ті­гінің жетекшісі Анатолы Тегіс­баев­тың айтуынша, қыркүйек айы­ның алғашқы жексенбісі – Мұ­найшылар күні. Биылғы кә­сі­би мереке отандық мұнай-газ ке­шенінің бастауында тұрған «Ем­бі­мұнайгаз» акционерлік қоға­мы­ның 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

– Мұның бәрі – мұнайшылар үшін үлкен мереке, зор жетістік. Бір­неше күннен кейін Атырау өңі­рінде тарихы тереңде жатқан ком­панияның мерейтойы кең көлемде аталып өтіледі. Біз осынау айтулы оқиғаның алдында семинар өткізуді жөн көрдік. Он­дағы мақсат – өткенімізден өне­ге алып, бүгінімізге бағдар жасау, аға буын мен қазіргі буын­ның арасына алтын көпір болу. Осылайша, саладағы жетіс­тік­тер мен кемшіліктерді саралай отырып, мұнай-газ кеше­ні­нің дамуына үлес қосқанды жөн көр­дік. Ардагерлердің айтары көп. Қазіргідей алмағайып кезең­де отандық мұнай-газ саласы арда­гер­ле­рінің мол тәжірибесіне, те­рең біліміне сүйенуі керек. Біз де өз тарапымыздан ортақ іске жұмылуға әзірміз, – деді Анатолы Тегісбаев.

Қазақстанның Еңбек Ері, мем­лекет қайраткері Ұзақбай Қа­ра­балиннің айтуынша, отан­дық мұнай-газ өндірісінде «Ембі­мұ­най­газдың» алатын орны ерекше.

– Осыдан 123 жыл бұрын Ембі өңірінің Қарашүңгіл деген жерінен алғашқы мұнайдың бұрқағы атыл­ған. Содан бері бұл жерде отандық мұнай өндірісінің негізі қалана бас­тады. Инвесторлар келіп, мұ­най көздерін ашты. 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін «Ембімұнай» тресі құрылды. Содан бері мұнайлы өлке елдің дамуына ерекше серпін беріп келеді. Бір ғана мысал, Екін­ші дүниежүзілік соғыста осы өл­кенің мұнайы әскери техни­ка­лардың еркін жүріп-тұруына пай­даланылды. Сонымен қатар «Ембімұнайгаздың» отан­дық мұ­­най­шы мамандарды даяр­лау­дағы орны бөлек. Оны кәсіби мамандарды әзірлеп шығарған ұстахана десе де болады. Өйткені елі­міздегі өзге де мұнай кен орын­дарын игеруде ембілік мұ­най­шылардың сіңірген еңбегі ерен. Ембіден басталған мұнай өндірісі ел экономикасының алтын діңгегіне айналды. Бүгінде Қазақстан әлемде мұнай қоры бо­йынша 12-ші орында, газ қоры бойынша 17-ші орында тұр. Бұл – Ембіден басталған игі істің жемісі, – деді Ұзақбай Қарабалин.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орын­басары Құрманғазы Есқа­зиев­­тің мәліметінше, бүгінде «Ем­бі­мұнайгазда» жылына 2 млн 640 мың тонна мұнай өндіріледі.

– «Ембімұнайгаз» ком­пания­сы­ның ел экономикасындағы орны ерекше. Компанияның бо­ла­­шағы зор. Оған қолға алынып жатқан жоба-жос­парлар дә­лел. Мәселен, Тайсойған поли­го­­нында 18 млрд теңгеге 3D сейс­микалық барлау жүргізілді. 428 млн тонна геологиялық қор бары анықталды. 5,5 мың шаршы метр аумақты қамтыған мұндай ауқымды барлау компания тарихында алғаш рет жүргізілгенін атап өту керек. Бүгінде мұнда 5,5 мың адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, компанияның айналасын­да қызмет көрсететін жеке ком­па­ния­ларда мыңдаған адам жұ­мыс істейді. «Ембімұнайгаз» бо­ла­шаққа сеніммен қарайды. Жи­нақталған мол тәжірибе мен білікті ұжымның арқасында алға қойылған міндеттерді абырой­мен орындап келеді. Осы биіктен түспесіне сенеміз, – деді Құрманғазы Есқазиев.

«Мұнай-газ кешені арда­гер­ле­рі» республикалық қоғамдық бірлестігі осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінде оның бірнеше өңірде филиалы бар. Мұнай-газ саласында тынымсыз тер төккен еңбек ардагерлерінің басын біріктіріп отырған ұйым­ның қатарында 20-дан астам ғы­лым докторы мен кандидаты, бас­шылық қызметте болған 30-дан астам ардагер бар. Ардагер деген аты болмаса, әлі күнге дейін қатардан қалмай, отандық мұнай-газ саласының дамуына хал-қадерінше үлес қосып келеді.

«Ембімұнайгаз» компа­ния­сы­ның 100 жылдығына арналған семинар мазмұнды өр­бі­ді. Іс-шара барысында тарих­тан бөлек, отандық мұнай-газ саласының дамуына қатысты келелі ойлар, тың ұсыныстар да айтылды.

Еске сала кетейік, «Ембі­мұ­найгаз» – «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясының еншілес кә­сіп­орны. Оның тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орын­дарын игеру мақсатында «Ем­бі­мұнай» тресі құрылған кезең­нен бастау алады. Компания қыз­метінің негізгі бағыттары – гео­ло­гиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ем­бімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау өңіріндегі алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар – «Доссормұнайгаз», «Жылы­ой­мұ­найгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қай­нар­­мұнайгаз» мұнай-газ өн­діру басқармалары мен екі құ­ры­­лымдық мекеме – «Ембі­мұ­най­энерго», «Өндірістік-техни­калық қызмет ету және жабдық­тар­ды жинақтау» басқармалары.

«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай елдегі мұ­най өңдеу зауыттары арқылы жет­кізіледі. Ал экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы және Өзен – Аты­рау – Самара құбыр желілері арқы­лы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ұлттық компаниясы арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап 2021 жыл аралығында Ұлттық қорға, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд теңгеден астам, ал өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4 млрд 900 млн теңгеге жуық қаражат аударды.