САЛАМАТ МҰҚАШЕВ — Мемлекет қайраткері, зейнеткер:

Менің Рахметпен ілкі кездескеніме елу жылдай болған екен. Содан бері қарым-қатынасымыз үзілген емес, бір аймақта тіршілік етіп, жұбымызды жазбай жүрміз.

1949 жылы «Доссормұнай» кәсіпшілігінде комсомол комитетінің ұйымдастырушысы ретінде Рахметті қабылдап, әңгімелескенім есіме түседі. «… Мен Мұнай институтының студентімін. Каникулға шыққанбыз. Бос мезгілім болғандықтан ұжымның қоғамдық өміріне араласқым келеді. Жастар арасында атқаратын істерің аз болмас, мені толық пайдалануыңа болады» — деді ол. Уәдесіне берік екен, сол аз мерзім ішінде біздерге біраз пайдасын тигізді. Жұмысшылар жатақханасына барып, ойын-сауық ұйымдастырды, орта білімді мұнайшыларды оқуға шақырды, тағы басқа сан — алуан мәдени-көпшілік жұмыстар атқарды.

Кейіннен еңбекке араласқан кезінде үнемі ізденіс үстінде жүретініне, ылғи жаңалық ашуға, тосын ой туғызуға құмар екеніне куә болдым. Әуелі Мақатта өндіріс цехын басқарды. Осы ескі кеніштің өнімін өсіру үшін бұрынғы дәстүрлі әдісті өзгертіп, мұнай көзін шахта қазу арқылы ашса қайтер екен деген ұсыныс түсіргенін білемін.

Білімді де білікті жас инженер көп кешікпей «Комсомол» атты мұнай кәсіпшілігінің бас инженері болып тағайындалды. Осы ұжымның діңкесін құртып, зығырданын қайнатып жүрген бір жағдай болатын. Ол — мұнай соратын насостардың құмығып қалып, өнімнің кемуі еді. Рахаң бұл пәледен құтылатын тиімді әдіс ойлап тауып, өнімді өсіріп, жоспар орындап, еңбекақыны көбейтіп, жұмысшылардың алғысына бөленді.

1957 жылы Қошқар мұнай кәсіпшілігіне директор болып тағайындалғасын іле-шала өндіріске автомат енгізуге кірісіп, республикада алғаш рет мұнай алуды автоматтандырды. Осындай сан — алуан жаңашыл қызметтері сенімге жеткізіп, 1959 жылы Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Тарихи қысқа мерзімде аудан бойынша өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын қатар өркендету, колхөздарға техникалық қамқорлық жасау, қала мен ауыл мәдениетін ұштастыру мақсатын жүзеге асырып үлгерген қызметі халыққа ұнады. «Ауданның құрметті азаматы» деген атақтың берілуі соның арқасы. «Кең Жылой» деген кітабы сол кездің өзінде жарық көрді. Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романын жазғаннан кейін бұрынғы Жайық өзені Ақ Жайық деп аталғаны сияқты, Рахметтің «Кең Жылойы» аудандық газет атының «Кең Жылой» аталуына, ауданның Жылой атын тағынуына себепші болған еді.

1961 жылы Рахметті Атырау облыстық партия комитеті өнеркәсіп бөліміне бастық етіп тағайындады. Маңғыстаудың мұнай барлау мәселесіне облыс басшыларының, Республикадағы тиісті басшылардың назарын аударуға Рахмет елеулі еңбек сіңірді.

Батыс Қазақстан Өлкесі өлкелік партия комитетінің өнеркәсіп бөліміне басшылық ету Рахметке міндеттелді. Жаңа жұмысында Маңғыстау байлығын игеруге тиісті органдардың назарын аудару жөніндегі мақсаттары тежеу көре бастайды. Сондай жағдайда ол Маңғыстауға сұранады. 1964 жылы шілде айының 15 жұлдызында Өзен мұнай-газ өндіру басқармасы құрылып, оған директор болып тағайындалады. «Сол күні қазіргі Жаңаөзен қаласының орнында көргенім құрылысшылардың оншақты вагоны мен салынып біткен екі барақ үй ғана» деп жазыпты Рахмет өзінің естелігінде. Кеңес кезіндегі өмірге енген дағды бойынша әуелі мұнай өнімінің жоспарын бекітіп, заңдастырып, халықты қызу жұмысқа жұмылдыратынды. Халықтың тұрмыс жағдайын ойластыру екінші кезекке қалдырылушы еді.

Рахмет те мұндай жөнсіздіктермен күресіп көреді, бірақ жеңіске қол жеткізе алмай, тізе бүгеді. Бәрібір қарап қалмайды. Өз күшіне қол артады. Тұщы су көзін іздеп табу, оны жер астынан шығарып, жүздеген шақырымдық құбырмен тұрғындарға жеткізу, жолсыздық жағдайда автокөлікпен Форт-Шевченкодан материалдар тасып әкелу, Ақтау қаласынан электр жүйесін жүргізу, байланыс желісін табу — бәрін қыс түскенше бітіру қажет. Өндірістің мұқтажы өз алдына, өнім өспесе қаржы бөлінбейді, ақысыз қандай жұмыс болмақшы. Қысқасы тақтайдай тақыр жерге болашақ Жаңаөзен қаласының қазығын қаққан, ірге тасын қалаған Рахмет Өтесінұлы еді. Бас-аяғы бес жылдың ішінде жоспарланған жұмыстарды түгел бітірді, бұрын кездеспеген 20 проценттік парафині бар қою мұнайды жер бетіне шығару, тасымалдау әдістерін тауып, өнім көлемін 9 миллион тоннаға жеткізді. Ал бас бағдарлама бойынша кеніштің берері 20 миллион тонна. Енді соны көріп, күш-қуатын екшеп, алға қадам басып, ұмтыла бергенде тағдыр тақымынан ала түссін-ай кеп! Бақытсыздықтың ауыз салуы былай:

1969 жылы қазан айының 28-інде Мұнай министрлігінің шақыруы бойынша аса маңызды мәжіліске қатынасу үшін Ақтау қаласына бара жатқан жолда «Волганың» жер сызған дөңгелегі аспаннан бір-ақ шығады. Әрлі-берлі өтіп жатқан жолаушылардың бірі тоқтай қалып, ақ «Волганың» табанында тапталып жатқандарға ұмтылады. Оның бірі Рахмет Өтесінұлының өзі. Тағы бір жүк машинасы тоқтай қалып еді, денесінің сау жері қалмаған Рахметті, сау болғыр, жүргізуші машинасына салып алып, жақын жердегі емханаға жеткізді. Рахметтің шыбын жанын сақтап қалу үшін «ақ халатты абзал жандар» мен ауыр жараның қиян-кескі «соғысы» басталды да кетті. Өзеннен, Ақтаудан, Атыраудан, Бакуден дәрігерлер ұшып келіп, қансыраған замандасты, құрақ ұшып, төңіректеп жатты. Қатулы дерттің миығы бүлк етер емес. Бесінші күні АН-24 Алматыға алып ұшты. Пендесінің өлі -тірісін бір Алла ғана біледі. Алласы білгенді құжынаған дәрігерлердің өздері де білмейді. Өлі, не тірі қаларына кепілдіктері жоқ. Төрт қабырғасы сынып, кеудесі опырылып қалған. Дерттің салқыны өкпесіне де жетулі. Бел омыртқасы былқ-сылқ. Аяғы жансыз салаңдай береді. Құдіреті күшті Тәңірінің осынша иттей етуі — ай! Екі ай дегенде өзіне-өзі келіп, алды-артын бажайлағандағы сезінгені осы жоғарыдағы. Дәтке — қуат етері біреу ғана: кеудеде шыбын жаны күмбір-күмбір, күмбір — күмбір, бір тынбайды, сағаттың тіліндей тырс-тырс, тырс-тырс! Жұтаған — шүкірге тойсын ба, соның өзі дәтке — қуат! Татар дәм тауысылмапты, о…оий… Аллай-ай, деп терең бір демалып қойды.

«Соғып тұрса кеудемдегі жүрегім,

Енді менің ой болады тірегім.

Қанат бітір қиялыма, Құдірет!

Деп құдайдан жатып алып тіледім!» —

деп жазыпты ақ қағаз бетіне.

Маңғыстауда жүргенде бастаған кандидаттық диссертациясын жалғастырмақшы болады. Ауруханаға кандидаттық минимумнен емтихан алатын мамандар шақыртады. Сөйтіп, үш емтихан тапсырып, кандидаттық минимумды бітіреді. Ауылдағы материалдарын алдырып, өңдеп, журналдарға бастырады. «Парафинді мұнайды жинау, тасымалдау, мұнай өндіруге газды пайдалану» жөнінде зерттеу еңбектерін кітапша етіп бастырады.

Екі аяқта дәрмен жоқ, тұра алмай төсек тартып жатқан ауру адамның журналдардағы мақалаларына, шығарған кітапшасына күмәнданғандар да болған.

Әр үш сағат сайын мейірбикелер келіп, Рахметті аударып жатқызады екен. Сонда екпетінен жатқызғанда қолға қалам алып жаза бастайды да, оң жақ жамбасына аударып жатқызғанда кезекте не жазатынын ойлайды, жобасын жасайды.

Осылайша ауруханада жеті ай емделіп, қол арбаға отыруға жарағанда ауылға қайтады. Жанұяда тағы бір қайғылы жағдай күтіп тұрғанынан бейхабар. Мұны аяп, әкесінің дүниеден өткенін естіртпеген. Қиналады, бірақ өлген артынан өлмек жоқ, мерзімі жеткен күні қатал тағдыр өзіңді де аяр деймісің деп, өзін-өзі жұбатыпты. Кеудемдегі шыбын жанды Құдай маған мүсіркегесін қалдырмаған шығар деп те ой түйеді. Әзірге алмай тұрғанда тыпырлап қалмақшы болады. Белді бекем буып, білекті сыбанып жұмысқа кіріседі. Жатқанда ойлайды, толғанады, үстелге отырады да жазады. Әуелі өндіріске жаңалықтар енгізуді мақсат етеді. Әлі де өзгелердің ойында жоқ өнімді өсіру мен оны тасымалдау әдістерін білуші еді. Осы бағыттағы онға жуық ұсыныстарын мекеме басшысына тапсырады. Бірақ жаңалықты өндіріске енгізу үшін ұсыныс иесінің өзі басы-қасында болмағасын басқаларға бәрібір көрінеді.

Енді кандидаттық диссертациясын қорғамақшы болады. Дегенмен ғылым соңына түсу үшін күнделікті өмір жетегіне еруің керек екен. Мәселенің мән-жайы өзіне таныс болса да оның да жабық есіктері жеткілікті көрінеді. Оны омыраулап барып, ашық кіру үшін, жоғары өрлеп, төріне шығу үшін әл-дәрмені жетпейді, денсаулық оқсаусыз. Оңтайға бір келсе — келетіні деректі, не дерексіз, таза көркем әдеби шығармалар жазу ғана.

Күн-түн қатып, жата-жастана толғаныстардан соң қолға қалам алуға тәуекел етеді. Мұнысы уақыт өткізу сияқты құрғақ әуестіктен тумауы керек деп түйіндейді. Ондай жазбалардан аз ба, көп пе, қоғам мүшелері бір тағылым алуы керек қой. Ал алуға жарамды тағылымы болмаса босқа қол ауыртып, миға салмақ түсірудің қандай қажеті бар?! Сондай екідей қарама-қарсы ойлардың жемісі сынды 1974 жылы «Ақиқатқа айналған арман» дейтін кітабы оқырмандарға жол тартты. Арманы белгілі, ол — ғасырлар бойы аңсаған Маңғыстаудың мол мұнайының көзін ашып, ел игілігіне айналдыру. Ал өзі басқарған Өзен кенінің игерілуі — арманның ақиқатқа айналғаны сынды. Өзен туралы мақалалар, кітапшалар жеткілікті. Әйтсе де оқиғаның куәгері болу бір басқа да, оны бас болып, өзі жүзеге асыру өз алдына маңызды әрі қызықты болса керек. Сондықтан шығар алғашқы туындыны жалпы жұртшылық, әсіресе, мұнайшылардың өздері мен олардың ұрпақтары ықыласпен қарсы алды. Тырнақ алдысының алғашқы сәтті қадамы жазушыға дем берді, сенімін оятты. Сөйтіп, аз үзілістен кейін-ақ 1976 жылы «Айтылмаған ән» атты романы дүниеге келді. Маған жіберген сәлемдеме — кітабының алғашқы бетіне «Жастарға үлгі болар деген үмітпен жазылды» депті. 1982 жылы «Алыптың ашылуы» қолға тиді. Ондағы қолтаңбасында Рахаң былай депті: «Маңғыстаудың бүгінгі жағдайын жапырағы жайылған мәуелі ағаш деп білсек, бұрынғысы — оның тереңде жатқан тамыры. Мына кітап сол өткен өмірден бір сәт елес болар ма деген ізгі ниеттің туындысы. Автордың перзенттік парызын өтеу жолында туған жер топырағына домалап түскен бір тамшы тер».

«Алыстағы алауы» 1983 жылы оқырманмен қауышты. Өз сөзімен айтқанда бұл кітапты «Маңғыстаудай алыптың дүниеге келіп қаз тұруы, тәй-тәй басып жүруі, бұны бекіп, бұғанасы қатуы сәттері суреттеледі».

Рахмет өзінің жетістіктерін, жеңістерін, денсаулығын, көңіл-күйін сүйікті зайыбы Сақышпен байланыстырады. Оның шындығына, әділдігіне бәріміз де куәміз. Ауруханада жеті ай төсек тартып жатқан ауыр жарақатты кісінің қасында сарғайып отыру, бағып-қағу оңай болған жоқ. Ұзақ жылдар мүгедек жолдасының жанына жара түсірмей бағып келеді және оның қиын да жауапты жұмысына жағдай туғызып жәрдемдесуде. Күнбе-күн кіріп-шығып жатқан қонақтарды күту, үй шаруасын тындыру, жұмыстан да қол үзбеу оңай шаруа емес екені белгілі.

Сақыш —саналы әйелдің үлгісі, ұл өсіріп, келін түсірген, қыз ұзатқан, немерелер тәрбиелеген ардақты ана. Қарабалина Сақыш Қабдырахманқызы Жаңаөзен қаласында алғашқы ашылған мектептің бірінші директоры, зейнеткерлікке шығардың алдында 15 жылдай қалалық оқу бөлімін басқарды. «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген құрметті атақтың иегері. Облыстық, қалалық Кеңестерге әлденеше рет депутат болып сайланды. Мемлекеттік марапаттауға ие болған еңбекқор ұстаз.